Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі жолдауы негізінде және "Баршаға қолжетімді сапалы білім" Ұлттық баяндамасын жүзеге асыру бағытындағы жол картасы аясында «Ауылдық жердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта мектебі жұмыс жасап келеді.
Мектебімізде заман талабына сай жаңадан телестудия, артстудия, STEAM, IT, тігін бөлмесі, ас бөлмесі, шеберхана кабинеттері жабдықталды. Бұл кабинеттерде оқушыларымыз инновациялық технологияларды меңгере отырып, цифрлық басқару жүйелері арқылы баланың өз қолымен әртүрлі нәрселер жасап пәнге деген қызығушылықтары мен шығармашылық қабілеттері артуына көмектеседі.
2023-2024 оқу жылында тірек мектебі ретінде магнит мектептермен бірлесе отырып, жылдық жоспар бойынша мектеп командасы, жастар жобасы, әртүрлі тақырыптағы тәрбие жобалары және магнит мектептердің оқушыларымен практикалық сабақтар өткізілді. Бұл жұмыстарда ұстаздарымыздың шығармашылықтары шыңдалып, көрші ауылдың оқушыларымен достық пен ынтымақтастықта жұмыс жасады.
Тірек мектебінің базасында магнит мектептердің 150 оқушыларының қатысуымен, бекітілген кесте бойынша, жаратылыстану бағытындағы пәндерден зертханалық, практикалық сабақтар жүргізілді. Сабақ үстінде оқушылар құрылғылармен таныса отырып, заттарды ажыратып, зерттеулер жүргізу арқылы эксперименттік жұмыстар жасады. Сонымен қатар, тәрбие бағытында оқушылардың достық қатынастарын нығайту, шығармашылыққа баулу, креативті ойлау қабілетін, зейін және шешім қабылдау дағдыларын дамыту мақсатында магнит мектеп оқушыларының қатысуымен таным сағаттары мен әр түрлі тақырыптарда телестудия мүшелерінің ұйымдастыруымен телебағдарламалар өтті.
Тірек мектебі мен магнит мектебінің мұғалімдерінің қатысуымен сапалы нәтиже алуды қамтамасыз ететін критерийлерді құрастыру, өз жұмысын талдау және жоспарлау үшін ақпарат алу, оқу үрдісінің сапасын жақсарту, бағалаудың әр түрлі тәсілдері мен құралдарын сабақта қолдану мақсатында шеберлік сыныптары,семинарлар өтті.
Осындай жұмыстар нәтижесінде оқушыларымыз өзгелерден оза шауып, жүлделі орындарға ие болып мектебіміздің мерейін асқақтатты. Республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауы бойынша 6 сынып оқушысы Абилхайыр Мухамедияр І орын иеленіп, Республикалық «Мың бала» зияткерлік олимпиадасынан жеңімпаз атанып Атырау облысының дарынды оқушылар лицейіне жолдама алды, өлкетану бағыты бойынша 8 сынып оқушысы Сабитова Жұлдызай сертификат иеленсе ауыл балаларына арналған олимпиададан 11 сынып оқушысы Харисова Нұрай Республикаға жолдама алды және Нұрай Ақтау қаласында өткен Yessenov University – де өткен «Yessenov» оқушылардың республикалық олимпиадасында университеттің ішкі грантының 75% - дық сертификатын ұтып алды 6 сынып оқушысы Баймұрат Ақбөбек қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша облыстық пәндік олимпиадада жүлделі І орынды иеленсе, 6 сынып оқушысы Науриз Назым Республикалық «Мың бала» зияткерлік олимпиадасынан жеңімпаз атанып Атырау облысының дарынды оқушылар лицейіне жолдама алды. Кали Айсана С.Өтебаев атындағы химия және газ университетінің қолдауымен 11 сынып оқушылары арасында химия пәні бойынша өткен олимпиадада 30% білім грантын ұтып алды.
Астана қаласында өткен «Жас ұстаз табысқа апарар жол» тақырыбындағы ауыл мектебі педагогтарының Республикалық форумына мектебіміздің жас ұстаздары Ергалиева Арай Ериковна мен Хасаинова Айдана Зульфхаровна қатысса, мектебіміздің тәжірибелі ұстазы, педагог - зерттеуші Беккалиева Алия Гарифовна Алматы қаласында «Ауылдық жердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы аясында өткен халықаралық семинарға қатысып келді. Бір топ мұғалімдеріміз Астана қаласында өткен «Ауыл мектебінің өркендеуі – қоғам игілігінің кепілі» тақырыбындағы конференцияға қатысты. Сонымен қатар «Педагогтың зерттеу қызметі: Action Research Study” тақырыбында өткен облыстық форумда мектебіміздің бір топ мұғалімдері жұмыстарын қорғап, 2024 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өтетін «WALLS - 2024» халықаралық конференциясына «Қазақстан халқына» қорының атынан жолдама алды.
«Ауылдық жердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы әрбір оқушының болашаққа бағдар жасауына ықпал ететін жарқын болашақ кепілі десек, оқушыларды оқытуға үйрету, әркез өзгермелі жағдайда табысты тұлға болуға бағыттау, білімді, дағдыны және шеберлікті менгеру, оны өмірде қолдана білу - біздің жұмысымыздың басты нәтижесі.
Мукушева Шұға Қайрошқызы,
Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта мектебі
директорының міндетін атқарушы