Ауыл ауыз судан тарығып отыр

(0 Votes)

Елбасының биылғы Жолдауында да өміршең мәселелер қамтылған.

Әлеуметтік салада болатын өзгерістерге де көңіл толады. Үкімет жұмысының үш бағыты нақтыланды. Олар: әлеуметтік сала, инфрақұрылым, қауіпсіздік мәселесі. Келер жылдан бастап төменгі еңбекақы мөлшері 20 пайызға өседі. Бұл халқымыздың көптен күтіп жүрген жақсылығы деуге келеді. 1,3 миллион адамның еңбекақысы алдағы жылдан бастап көтеріледі. Бюджеттік мекеме қызметшілерінің жалақысы 35 пайызға ұлғайса, ол үш жүз мыңдай адамды қамтиды.

Жолдауда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда қалалар мен ауылдарды байланыстыратын 2400 шақырымды құрайтын автокөлік жолдары салынғаны айтылса, мұның ішінде Құрманғазы ауданында төселген ауылішілік жолдар бар екеніне жұртшылық куә. 2020 жылға дейін автокөлік жолдарын жаңадан төсеу екі есеге дейін ұлғайса, бұл халыққа жасалған ұлан-ғайыр жақсылық емес пе? Өңір тұрғындары көптен күтіп жүрген «Атырау – Астрахан» аралығындағы халықаралық маңызы бар жолымызбен қауышатын күн де алыс емес екені түсінікті деген сөз.

Әрбір мемлекеттік қызметкер, учаскелік полицейлер де Президенттің, елдің арасындағы өкілі екендігіне баса назар аударылды. Ауылдағы кәсіпкерлер бүгінгі заман, қоғам талабына сай оқытылса, олардың көкжиегі кеңейіп, ізденісі артып, өркениетті елдердегі әріптестерімен тең, еркін дәрежеде бірлескен жұмыс жасай алатыны анық. Демек, бұл да өмір қажеттігінен туындап отырған күрделі мәселе.

Елбасы қаншалықты маңыз бергенімен ауыз су мәселесі өткір күйінде қалып келеді. Оның анық та айқын көріністері өз ауданымызда да бар. Өткен жылдарда конкурстық комиссияда жеңімпаз атанып, аудан орталығына су тартқандарға адалдық, өз тарапымыздан бақылаудың жетіспегені ащы да болса шындық. Нәтижесінде таза суға зәрулік жекеленген ауылдар мен көшелерде әлі де жалғасуда. Ауыл–аймақтағы осындай су проблемасын шешу үшін бұған қаралатын бюджет мөлшері 100 миллиард теңгеге дейін көбейтілсе, енді қайтер екенбіз деген ой келеді. Ұстаз еңбегі шынымен де ұшан-теңіз. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдануы оларды кез келген жерге қолжаулық қылуды доғарар деген нанымға жетелейді. Жолдаудан осындай өміршең де өзекті мәселелердің жүзеге асарына қуанып, көпшілікпен ой бөлісуді қажет деп таптым.

Т.Тасмұханов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521