Аудандық стадионды жөндеу құны - 961,7 млн.теңге

(0 Votes)

Аудан орталығындағы орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарымен мердігер мекеме «ГрадСтройСервис» ЖШС серіктестігі айналысуда. Жоба құны 961,7млн.теңге.

Аталған құрылыс жұмыстары өткен жылы қараша айында басталған. Жоспар бойынша биылғы қарашада бітеді деп күтілуде. Нысан басына қажетті құрылыс материалдары түсіріліп қойылған. Біраз аралап, жұмыс барысын көрген соң учаске басшысы Сүйіндік Құлжігітовті сөзге тарттық.

– Құрылыстың көлемі қандай? Салынып жатқан мына ғимараттың үсті мен астында қандай орындар болатынын айтып өтсеңіз?

– Стадионның жалпы көлемі 2,14 га. Ал, бұл ғимараттың ұзыны 60, ені 20 метр. Үстіңгі жағында 500 адамдық көрермендер отыратын орын болады. Ол 3 метр биіктіктен басталып, сатылана жоғарылап, 4,60 метрге дейін жетеді. Көрермендер сонда отырып, болып жатқан жарыстарды тамашалайды. Екі жағы жоғары көтерілетін басқыштармен қамтылады. Сыртқы қабырғасы 8 метр биіктікті құрайды. Осы орынның астыңғы жағында спортшылардың киім ауыстыратын бөлмелері, жуынатын орындар, ұзыны 10 ені 5 метр конференц залы, сонымен қатар, мүгедектерге арналған жаттығу, күрес, үстел теннисі залдары, тренерлер бөлмесі, медпункт, витражды кіре беріс және басқа да қосалқы нысандар орналасады. Құрылыстың алдындағы алаңда футбол, шығыс жағында ұзындыққа секіру, атлетикалық жүгіру алаңдары, оңтүстік шығысында көлік тұрағы салынады. Алаңның төрт бұрышында жарық төгіп тұратын биіктігі 26 метрлік арнайы футбол діңгектері (мачта) болады. Қазір құрылыс басында тас өрушілер, сылақшы, монтажшылардан құрылған 2 бригада жұмыс жасауда. Автогрейдер өзімізде бар. Жетпегенін «Құрманғазы жолдары» ЖШС-нан жалдап отырмыз. Стадионға жаңа газбен жылыту желісі жүргізілуде. «Құрманғазы су арнасы» су желісін тартып берді. Жұмыс барысын «AMANAT» партиясы, техникалық қадағалау, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі бақылауда ұстауда.

– Шешімін күткен қандай мәселелер бар?

– Бізге құрылыс материалдары уақытылы жеткізілуде. Кідіріс жоқ. Бірнеше күн үзбестен жұмыс жасағаннан кейін жігіттер бірер күн демалады. Себебі, күн ыссы. Арасында оларды көлеңкеде демалтып, суларын беріп, жағдайларын жасап отырмыз. Жақында құрылыстың үстіңгі жағын жабамыз, сол кезде жұмыс та жеңілдейді. Кеше тағы да материалдар түсірілді. Мәселе 26 метрлік арнайы футбол діңгектерін орнатуда болып тұр. Олардың шұңқыры кем дегенде 2 метр болуы тиіс. Орнатылатын орындарынан 1 метр 30 см қазғанда су шығуда. Бұл жөнінде тиісті мекемелерге айтылды. Тиісті шараларын алады деген сенімдеміз. Мүмкін орындарын ауыстырар. Басқа мәселе жоқ. Жоспарда көрсетілген мерзімде аяқтап шығуға жұмыстанамыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT