Аудандық орталықтандырылған кітапханада ұйымдастырылған Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына байланысты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші осылай аталды.
Интернационалист-жауынгерлер тарихтың тірі куәгерлері және олардың әңгімелері жастарға бейбітшіліктің құндылығын шынайы бағалауға көмектесетіні анық. Шараға интернационалист жауынгерлер, бүгінгі ардагерлер Мұфтахов Серік, Төлепбергенов Серік, Сахташев Айжарық, Махмудов Сәлім, Молдағалиев Сағынғали, Зинетуллин Темірболат, Олжабаев Ақан, Хабибуллин Нұрболат, Кенжеев Сәбит, Сухарев Василий, Үдербаеав Қалыбай, Исаев Тұрғанбай, Бимұрзаев Сабыржан, Сиғашев Ғабит қатысты.
Жас ұландарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатын басты нысана етіп алған дөңгелек үстелде соғыста қаза болған боздақтар еске алынып, атаулы күннің маңыздылығын айшықтайтын бейнеролик тамашаланды. «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» тақырыбындағы кітап көрмесіне кітапхана қызметкері Нұрлан Ғалымжанұлына библиографиялық шолу жасады.
Аудандық ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Мұфтахов ауған даласына өңірімізден 95 жас аттанғанын, ондағы қантөгісті айта келіп, ендігі жерде тыныштық болсын деген тілегін білдірді.
Одан әрі ардагерлердің әрқайсысы сөз алып, колледж студенттері мен мектеп оқушыларына он жылға созылған соғыстың ауыртпалықтарын, әскерде жүріп алған өмірлік сабақтарын, қаруластарының ерен ерлігін баяндап, естеліктерімен бөлісті. Қаһармандықтың үлгісін көрсеткен жерлестердің есімдері әруақытта ардақталатынын жеткізіп, өскелең ұрпақты патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу бағытында сөз қозғады.
Дөңгелек үстел басына жиналғандар өздерін толғантқан сұрақтарды жолдап, ардагерлермен сыр-сұхбат шарасын одан әрі жандандыра түсті.
Айнагүл Шакупова