Аудан прокуроры тұрғындармен кездесті

(0 Votes)

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Құрманғазы ауданының прокуроры Абзал Сахиев Қазақстан Республикасының Конституциясына  30 жыл толуына орай «Заң мен тәртіп» тақырыбында тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева, дербес бөлім басшылары, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, БАҚ өкілдері, аудан тұрғындары қатысты. 

Құрманғазы ауданының прокуроры Абзал Сахиев: – Заң мен тәртіп қағидатына қатысты Мемлекет басшысы бірқатар мәселелерді көтерді. Қоғам мен мемлекет бірлесіп атқарған істің нәтижесі болатыны белгілі. Соңғы жылдары халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Алайда, ауданымызда қылмыс азаймай отыр. Оның екі себебі бар. Біріншісі – жұмыссыздық, екіншісі – алькоголге тәуелділік. Жастарымыз суық қару қолданатын, оқ ататын қатыгездікке барудан да тайынбауда. Біз бәріміз қазақ емеспіз бе? Аудан көлемінде Сафон мен Кудряшов жастары арасында қақтығыс болды. Мұның бәрі отбасындағы тәрбиенің әлсіздігінен. Тұрмыстық зорлық-зомбылықта азаймауда. ӘҚБтК-тің 73-ші бабы бойынша жыл басынан бері 30 дерек тіркеліпті. Отбасылық зорлық-зомбылықты тоқтатуға бәріміз атсалысуымыз керек. 

Жол-көлік оқиғасынан былтыр 10, биыл 4 адам көз жұмды. Бұл жүргізушілердің көлік басқару мәдениетінің төмендігінен, жол ережелерін сақтамауынан. Алаяқтардың құрбанына айналғандардың да саны артуда. Соңғы 3 жылда алаяқтар 200 млн. теңгені қалтасына басқан. Осы мәселеге сергек қарап, ескертпесек, ертең кеш болады. Ауданымыздың тұрғындары да биыл алаяқтарға 22 млн. теңге салып жіберген, – деп қатысушыларға өздерінің дербес шоттарын, құпия сөздерін бөтен адамға бермеулерін ескертті. Биыл 400 әкімшілік құқық бұзушылық орын алса, оның 82-сі арақ ішіп қоғамдық орындарда жүру екеніне тоқталды. Жасөспірімдердің ата-анасын ертпей түнде жүруі де кездесіп отырғанын жеткізді. Қылмыстың басқа түрлері жайлы сөз қозғап, оларға жол бермеуге шақырды.

– Президентіміз «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» қағидатын ұстанып, бес кеселден арылуымыз қажеттігін тапсырды. Жастарымыз нашақорлыққа үйір бола түсуде. Есірткі таратқандарды 5 жылдан 20 жылға, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы да бар. Мұндайға көбіне білместікпен барады. «Мына нәрсені анау жерге апарып қойсаң, 50-60 мың теңге беремін», деп қызықтырады. Курьерлік қызмет ұсынады. Заң бойынша есірткі тасымалдаған адам жауапкершілікке тартылады, – деді Құрманғазы ауданының прокуроры Абзал Сахиев.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT