Құрманғазы аудандық білім бөлімінің қолдауымен және МАНАЕВ, САРСЕНБАЕВ, НҰРЖАУ мектептерінің көшбасшы ұстаздарының қатысуымен “Атырау жаңа мектебі” жобасының негізгі инсайттары мен тәжірибелерімен бөлісу мақсатында кейс-уоркшоп ұйымдастырылды.
Шараға Құрманғазы аудандық білім бөлімі сектор меңгерушісі Тілекші Жағыпарқызы мен мектеп директорлары, ұстаздары белсенді түрде қатысып, өздерінің субъективті ойларын ортаға салды. Бұл педагогикалық алаң білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды қарастыруға, тәжірибе алмасуға және білім беру үрдісін жетілдіруге бағытталған тиімді алаң болды.
Абай мектебінің директоры Жамал Әдебиетқызы шараның маңызы мен өзектілігін, мақсат-міндеттерін және күтілетін нәтижелерін атап өтті. Ол сондай-ақ, бүгінгі күннің жоспары мен шараның негізгі ережелерімен таныстырып, “Шекарасыз білім беру: Эстония мен Финляндия тәжірибесі іс-әрекетте” тақырыбында сөз сөйлеп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Жамал Әдебиетқызының баяндамасы халықаралық тәжірибелердің білім беру жүйесінде қалай қолданылатынын көрсетіп, тыңдаушыларға жаңа идеялар мен әдіс-тәсілдер ұсынды. Линда Мустахимқызы “Сингапурдың білім жүйесі және білім беру құралдары” тақырыбында практикалық жұмыстар жүргізді. Сингапурдың білім беру жүйесінің ерекшеліктері мен оқушыларға арналған инновациялық құралдар жайлы жан-жақты мәлімет беріліп, практикалық тапсырмалар арқылы әртүрлі тәсілдер көрсетілді.
“Мақсатсыз өмір сүру. Өнімділік” тақырыбында педагогикалық диалог Мақсат Хайрбекұлы ұйымдастырды. Бұл бөлімде мұғалімдер мен қатысушылар өмірдің мақсатын табу мен білім беру процесіндегі өнімділік мәселелерін талқылады, педагогикалық стратегиялар мен дағдыларға назар аударылды. Шараның соңында “Кейс-уоркшоп” форматында “Қозғалыстағы мектеп” принципі қамтылып, жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Мұғалімдер мен директорлар нақты мәселелерді талқылап, ортақ шешімдер қабылдау арқылы оқу үдерісінің сапасын арттыруға бағытталған іс-әрекеттерді жоспарлады.
Бұл шара мектептердің дамуына жаңа көкжиектер ашып, мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етіп, білім беру жүйесіндегі өзгерістерді тиімді жүзеге асыру жолдарын көрсететін маңызды қадам болатындығына сенім білдіреміз.