Биыл Ресей елінің астанасы – Мәскеу қаласында халықаралық «Jas Tolqyn» Жас таланттар фестивалі өткен болатын. Оған біздің ауданнан, атап айтқанда, Жаңаталап ауылдық округі Хиуаз ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің түлегі Мейіржан Бейбітұлы қатыстқан еді.
Ол көркемсөз номинациясы бойынша бағын сынады. Нәтижесінде, тек аудан ғана емес, күллі ел намысын қолдан бермеген жас дарын жүлделі бірінші орынды иеленді! Осы орайда, біз де жеңімпазды жарқын жеңісімен құттықтап, әңгімеге тартқан едік...
– Алдымен өзіңді оқырмандарымызға таныстырып өтсең.
– Мен Хиуаз ауылында орналасқан Ыбырай атамыздың атындағы мектептен түлеп ұштым. Аталған білім ұясының шәкірттері мен ұстаздар қауымы биылғы оқу жылында жоғары жетістіктерге жетіп, жақсы нәтижелер көрсетуде. Оның ішінде білім бәйгелері, спорттық сайыстар мен көркемөнерпаздар байқаулары да бар.
Кезінде мен де мектеп жанынан құрылған «Жас талант» театр үйірмесіне қатысып, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Атап өтер болсам, «Театрдың ғажайып әлемі» байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде Бас жүлде иемденіп, республикадан Алғыс хат алдым. Талай рет аудандық байқаулардан да жүлдесіз оралмадым.
Ал, мектеп бітірген соң, арман қуып М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің режиссура мамандығына оқуға түстім.
– Сені жарысқа дайындаған жетекшің кім?
– Жетекшім – орыс тілі мен әдебиеті пәнәнің мұғалімі Клара Мадекешова. Мен оған шексіз ризамын. Оның есімі «Жас талант» театр және «Қарлығаш» би үйірмесінің жетекшісі ретінде аудан тұрмақ бүкіл аймаққа жақсы таныс. Ол тәрбиелеген шәкірттер үлкен сахналарда өнер көрсетіп, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.
– Отбасың туралы да біле отырайық.
– Жанұямда әжем, анам және екі қарындасым бар. Осы адамдарға үлкен алғысымды білдіремін. Әжемнің берген ақ батасымен және анамның артқан зор сенімімен осындай жетістікке жеттім.
– Енді «Jas Tolqyn» байқауына қарай ойыссақ. Бұл конкурс осымен нешінші рет өткізілуде? Ұйымдастырушылар кімдер? Мақсаты не?
– Биыл фестивальге ширек ғасыр толып отыр. Ең алдымен, «Каспий Құбыр Консорциумы» компаниясы Бас директорының Қазақстан Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин мен «Бақыт бұлағы» қайырымдылық қорының директоры Ботагөз Шәрденбаеваның еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Мақсат – балалардың шығармашылыққа деген қызығушылығын дамыту, дарынды балаларды анықтау және қолдау көрсету, балалар мен жасөспірімдер арасында хореография, вокал, аспаптық музыка өнерін танымал ету, балалар-жасөспірімдер және жастар шығармашылығы мәдениетін дамытуға қолдау көрсету, балалар мен шығармашылық ұжымдардың жетекшілерін өнердегі жаңа үрдістер мен бағыттармен, қосымша көркем білім берумен таныстыру.
Айтпақшы, байқау соңғы төрт жылда алғаш рет орнын Атыраудан Ақтау қаласына өзгертті. Ең бастысы, бұл жолы да біз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлерімен, халық әртістерімен, Қазақ ұлттық өнер университетінің белгілі профессор-оқытушыларымен кездестік. «Jas tolqyn» конкурсы барша қатысушыларға керемет көңіл-күй сыйлап, кезекті рет жаңа есімдер мен жаңа таланттарды ашты!
– Конкурс неше кезеңнен тұрды?
– Сайыс төрт кезеңді қамтыды. Атап айтқанда, екі іріктеу кезеңі қашықтықтан ұйымдастырылса, үшінші кезең өңірлерде, ал, төртіншісі – Халықаралық «Москва встречает друзей» мәдени форумы аясында өтті.
Алғашқы кезеңде мен екі шығарма орындап, «ютуб» желісіне жүктедім. Бұлар – Роза Мұқанованың «Тұтқын» кітабынан үзінді және Мұқағали Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың» өленің оқыдым. Сөйтіп, тоғыз үміткердің ішінен суырылып алға шықтым. Естелік сыйлық ретінде телефон табысталды.
Ал, жоғарыда атап өткен форумға қатысушыларды «КҚК» Бас директоры Николай Горбань, Қалмақ Республикасы Үкіметінің төрағасы Гиляна Босхомджиева, Астрахан облысының вице-губернаторы – Үкімет төрағасы Олег Князев қарсы алды. Форумның жас қонақтары астананың көрікті жерлерін аралап, экскурсия және мәдени бағдарламаларға да қатысып үлгерді.
Бұл кезеңде Калмыкия Республикасы, Қазақстан, Ресейдің Краснояр, Ставрополь, Астрахан, Краснодар облыстарынан дарынды балалар мен жасөспірімдер өзара бақ сынасты. Әр номинация бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Көркемсөз аталымы бойынша Ресейдің танымал Академиялық театрының актеры Александр Кольцов бай тәжірибесімен бөлісті.
– Халықаралық өнер додасында қанша адам бақ сынады?
– «КҚК – дарынды балаларға 2023» фестиваліне барлығы 19 мыңнан астам адам қатысты. Жас қатысушылар мен педагогтар бақтарын «хореография», «аспапта ойнау», «вокал», «хор», «театр», «әлеуметтік видео» және «педагогикалық шеберлік» аталымдары бойынша сынады.
Бір қызығы, осы байқауға ең алғашқы қатысушылардың балалары да келді. Дәл осындай ұрпақ сабақтастығы байқаудың тамырын тереңге жайып, мәдени өмірдің тұтас бір бөлігі болғанын, барлығымыз асыға күтетін және қуаныш сыйлайтын мерекелік шараға айналғанын білдіріп тұрғандай.
– Қорытынды гала-концерт қайда және қалай өтті?
– «КҚК – дарынды балаларға-2023» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған халықаралық байқауының гала-концерті 4 желтоқсан күні Мәскеу қаласындағы «Русская песня» мемлекеттік театрының сахнасында өтті. Ол орыс халқының ұлттық ертегілерінің желісімен жазылған сценарий бойынша «Таинственный остров» театрландырылған-музыкалық шоу форматында қойылды.
Дәстүрге сай, рөлдерді конкурс жеңімпаздары мен олардың жетекшілері, әділқазылар мүшелері – конкурс сарапшылары және мәскеулік театрлардың актерлері сомдады. Сахнадағы кейіпкерлердің қызыққа толы оқиғасын «Каспий Құбыр Консорциумының» басшылары мен қызметкерлері, акционер компаниялардың өкілдері, Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы мемлекеттік думасының депутаттары, орналасқан аймақтардағы заңнамалық жиналыс депутаттары тамашалады.
Қорытынды кезеңге Астрахан облысында, Қалмақ Республикасында, Ставрополь және Краснодар өлкелерінде өткен конкурстардың өңірлік жеңімпаздары мен лауреаттары қатысты. Олардың қатарына Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарынан келген «Jas Tolqyn» лауреаттары қосылды. Мәскеудегі мәдени форумға барлығы 300-дей адам қатысты.
Гала-концерт қарсаңында байқаудың өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары өздерінің тәлімгерлерімен бірге Мәскеудегі жетекші жоғары оқу орындарының педагогтары, мәскеулік театрлардың әртістері, атақты өнер қайраткерлері ұйымдастырған шеберлік сағаттарына қатысты. Шеберлік сағаттары П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, А.Александров атындағы Ресей әскерінің ән және би ансамблі театрының және басқа да сахналарда өтті.
– Байқау барысынан алған әсеріңмен бөліссең...
– Қара сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ресейден өзімен қатарлас көптеген достар таптым. Гала-концерт қатты ұнады. Әсіресе, Калмыкия елінің ұлдардан құрылған «Герел» және «Сав Герел» би ансамблінің ұлттық билері өте тамаша болды! Осындай дарын иелерімен бір сахнада өнер көрсеткеніме қатты қуанамын.
– Алдағы мақсатың қандай?
– Осы режиссура мамандығын меңгеріп, сұранысқа ие актер және режиссер болсам – әзірге ең басты міндет осы.
Сұхбаттасқан: Әділет АМАНГЕЛДІ