Атырауым - ардағым

(0 Votes)

Атырауым қазақтың кең қолтығы,

Толтырумен келеді орынын олқының.

Жайығына аңсап жетіп аққулар,

Қанатымен сапырады толқынын.

Өркениет жолындамыз - ұлы сын,

Асыл мекен қам жасауда бұл үшін.

Үсті балық, асты байлық қарт Каспий,

Туған елге ұсынуда ырысын.

Алтын аймақ болып жатыр күткенің,

Жер- жаһаннан жұмылуда іске мың.

Мұнай сорған мұнаралар биігі,

Елдік салтын жаяр көкке бұлтқа еніп.

Құт дарыған қара алтынның қамбасы,

Жарылқайды қозғалды ма, жамбасы.

Ұлы күйдің дүрсілдесе жүрегі,

Ұлы еріктің таң қалдырар таңбасы.

Атырауым жамылғаным жаңаны,

Сезімталға сергітеді сананы.

Өткелінде көне тарих- өрені,

Өткенімен Махамбеттің заманы.

Тарам- тарам елдікті алға жалғайды,

Досы қайсы, дұшпаны кім таңдайды.

Қырандары көкті айналар қалғымай,

Ұландары ант сөзінен танбайды.

Атырауым ырыс болған халыққа,

Пейілді де Алла берер алыпқа.

Найзағайдан намыс тапқан ұл- қызы,

Жөнсіздікте сыймай қалар қалыпқа.

Тәуелсіздік жылдарымен өрледі,

Байлық бүркеп жатыр екен шөлдері.

Ұлт ұраны дүниені жарғанда,

Қуанышын жасыра алмай көлдеді.

Атырауым көпті көрген боз басы,

Тоз- тоз жылдар жұлмалаған тозбасын.

Ұлттың ұлы мұратына жансебіл,

Халқын айтып, қояр төмен өз басын.

Туған өлкем тұмарымдай ардағым,

Қан тамырым - тарау-тарау тармағың.

Заман- жүкке қара нардай қайыспай,

Назарынан түсе көрме Алланың.

Таңатар Дәрелұлы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521