Конституция еліміздің негізгі заңы ретінде қазақ мемлекеттігі тарихының жаңа бетін ашып, еліміздегі барлық азаматтарға шыққан тегіне, дініне, саяси көзқарасына қарамастан бірдей құқықтық кепілдік беріп, сонымен бірге, құқықтық мемлекет құрып, азаматтық қоғам қалыптастыру үшін біздің міндеттерімізді нақты анықтап берді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы арқасында елімізде адамды қастерлеу, құрметтеу, адамгершілік сезімдеріне үлкен маңыз берілді. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қорғалған және адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.
Конституцияда жеке, азаматтық және саяси құқыққа, осы құқықтардың кепілдігіне айтарлықтай көңіл бөлінеді. Атап айтар болсақ, азаматтардың өмір сүру құқына, жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмауына, мемлекет органдары мен лауазым иелерінің кінәсінен шеккен зиянды қайтарып алуына, т.б. кепілдік беріледі. Тіпті, ең төтенше жағдайлардың өзінде де олардың құқын шектеуге рұқсат берілмейді. Оған тек қоғамдық тәртіпті, адамның құқы мен бостандығын, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектеу қойылуы мүмкін.
Сондай-ақ, ел азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін, жеке меншігін ұстауына, оны мұраға қалдыруына конституция кепілдік береді. Сонымен қатар, жерді меншіктеу құқығы бекітілген және өзінің мүмкіндіктерін, мүліктерін кәсіпкерлік қызметте, заң тыйым салмаған экономикалық қызметте еркін пайдалануына да құқы бар. Бұл нарықтық экономиканың тұрақты дамуын, экономикалық реформаның алға жылжуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабында әр адамның өзінің құқығын сот арқылы қорғай алатыны көрсетілген. Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі.
Ал, 29 және 30 баптарында республика азаматтарына заңмен белгіленген кепілді медициналық көмек алуына, мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі.
Иә, құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру бұл ұзақ та күрделі процесс. Бұл біздің жас мемлекетіміздің аяғынан бекем тұру жолынан да байқалады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғамға өту қажет болған күннен бастап-ақ Қазақстан халқының алдында мемлекеттің тәуелсіздігін қорғау міндеті тұрды. Конституция бойынша Қазақстан халқы егемендіктің иесі, республикадағы мемлекетік биліктің жалғыз қайнар көзі. Республикада тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де тұрады. Сондықтан саяси ымыраға келу қажет болғандықтан, қазақ халқы өз қамын күйттеумен қатар, жас мемлекетіміздің тыныштығын нығайтуды ойлайды.
Конституция – бұл біздің таңдаумыз, оны әрдайым құрметтеу керек. Конституциямен өмір сүру – бұл дегеніміз демократияның ең жоғары мектебі. Оның сабақтары мен тәжірибесін біздер игеруіміз керек.
Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықтық негіз Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, халықаралық шарттар мен Республиканың басқа да мiндеттемелерiнiң, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Соты нормативтiк қаулыларының нормалары болып табылады. Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.
Конституцияның 83-бабына сәйкес, Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
Республика Прокуратурасы төменгі прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бірыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкілеттігін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және Республика Президентіне ғана есеп береді. Жоғарыда айтылғанды түйіндей отырып, барша қазақтандықтарды еліміздің Ата Заңын қадірлеуге және нормаларын, принциптерін ұстануға, патриоттық сезімді жаңғыртуға шақырамын.
А.НҰРҒАЗЫҰЛЫ,
Батыс аймағы әскери прокурорының орынбасары