9-10 қыркүйек күндері Астана қаласында Атырау облысы тауар өндірушілерінің дәстүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткен болатын, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Осы жолғы жәрмеңкеге Атырау облысынан 73 тонна өнім қойылды. Оның ішінде: 12 тонна – көкөніс пен жеміс-жидек, 20 тонна – ет, 1 тонна – сүт өнімдері және 40 тонна – балық өнімдері бар. Аталған жәрмеңкеге Құрманғазы ауданынан «Амангелді» және «Каспий Балық» өндірістік кооперативтерінен жалпы 6,5 тонна балық өнімдері ұсынылды. Оның ішінде балық және балықтан жасалған өнімдер болды.
Аудан делегациясын аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудан әкімі орынбасары Нұрлыбек Қалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Нұрлыбек Төлепов бастап барды.
Елорда тұрғындары әсіресе Атырау балықтарына кезекке тұрып, сөрелерді лезде босатып жатты. Сонымен қатар, жәрмеңкеге келген тұрғындар мен қонақтар үшін атыраулық өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.