ҚАСИЕТТІ ШҮЙЛІМНІҢ ҚҰДІРЕТІНЕ БАС ИЕМІЗ!

(0 Votes)

Қазақтың ұлтжанды азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов өз парақшасында Атырау облысы, Құрманғазы ауданында өсетін өсімдіктер жөнінде хабар етіп, өткен тарихымызды таразылауға, ішкі туризмді дамытуға жол ашып келеді.

Ел есінде ұмыт қалған осынау өсімдіктердің шығу тарихына сараптама жасап көрейін.

Әлшоңқай, құмаршық, шүйлім

. . . Үш тұғыр іспетті осы аталған өсімдіктер елді сонау ашаршылық кезеңінде аман алып қалғанын бірі білсе, бірі білмейді. Атыраулық өлкетанушы Базар Әмірұлы 2019 жылы жарық көрген "Тарихи тұлғалар жаңғырығы" атты еңбегінде: «Бала күнімізде бізге азық болған әлшоңқай еді»,-деп жазады. Қасиетті құмаршық туралы талай – талай мақалалар жазылып, нәтижесінде Атырауға ескерткіш боп оралды. Ал, менің бүгінгі тақырыбыма тұздық болған өсімдіктің атауы – шүйлім.

Белгілі ғалым Байынқол Қалиев «Қазақ тіліндегі өсімдік атаулары» атты еңбегінде: «Әр өсімдік атауының шығу тарихы бар. Құдды жылнама тәрізді болады»,-деп пікір келтіреді. Иә, соғыс жылдарында су айдынында өсетін шүйлім – Атырау облысы, Құрманғазы ауданын мекендеген (бұрынғы Теңіз ауданы – авт.) қауымның өмірін сақтап қалған. Ресми атауы – «су жаңғағы» деп аталады. Шүйлімнің негізгі отаны – Еуразияның оңтүстігі, Африканың аумағы деседі. Қытай мемлекеті шүйлімді халық медицинасына қолданса, Жапония,Үндістан мемлекеттері тағам ретінде пайдаланады. Шүйлім ел аузында «шайтан шылым», «су шылым», «жүзгіш торсылдақ»,-деп те аталады.

1885 жылы неміс ғалымы Отто Вильгельм Томенің «Флора фон Дойчланд» атты еңбегінде шүйлімнің ботаникалық иллюстрациясын келтіреді. Белгілі ботаник Васильевтің XX ғасырдың 50 – 60 жылдардағы тұжырымдамасы бойынша шүйлімнің 30 түрі (теңіз жаңғағы деген атауы бар – авт.)кездесетінін айтады.

Үлкен анам Райса Әбілхайырқызы – Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жамбыл ауылының тумасы. Өз естелігінде: «Бала күнімізде ауылымызда сыныптасымыздың әкесі Салық ақсақал бәрімізге шүйлімді үлестіріп беретін-ді. Жаңғаққа ұқсайды. Жаңғақты шағып, қорек қылушы едік»,-деп айтқан еді.

«Егемен Қазақстан» газетінің 15 қараша, 2006 жылғы санында жарық көрген «Кең арна немесе «Қазақ тілінің аймақтық сөздігін» оқығаннан кейінгі ой» атты мақалада шүйлім туралы атап өтеді. Қарағандылық журналист Масғұт Халиолланың «Мағынасы ұмытылып бара жатқан кейбір сөздер» атты мақаласында шүйлім – «теңіз жаңғағы» ретінде аталады.

Жайық өзенінде жойылуға жақын өсімдіктің 24 түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Қиғаштағы су айдынында өсетін шүйлімнің түп тамыры сонау мұз дәуірінен басталғанын қосымша деректер дәлелдейді. Шүйлім жөнінде Атыраулық қауым «Қазақстан – Атырау» телеарнасының Құрманғазы ауданы бойынша меншікті тілшісі Ақмоншақ Төреханқызының 27 қаңтар, 2020 жылғы арнайы репортажынан нақтырақ біле түсті. Зұлмат жылдарда елді ашаршылықтан аман алып қалған тіршіліктің тартуы – қасиетті шүйлімнің құдіретіне бас иеміз!

Әділбек Өмірзақов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. Атырау қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521