«Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты...»

(0 Votes)

Болашағы зор айбынды Қазақстанның сенім артар азаматтары – асқақ рухты жастар десек қателеспейміз.

Тәуелсіздік жылдары жастар саясаты жемісті жұмыс атқарды. Олардың білім алып, қоғамның толыққанды мүшесі болуын көздейтін мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да осы мәселені назардан тыс қалдырмай, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Осыған орай, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының аудандағы төрағасы Наурызбай Бисенғалиевпен жүздесіп, алда қандай көкейкесті мәселелер күн тәртібіне қойылатыны, жоспарлары және орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз.

- Наурызбай Амантайұлы, бүгінгі таңда жастар ресурстық орталығының қызметі қаншалықты жетіліп келеді? Өзіңіз осы орынға келгелі бері атқарған жұмыстарыңызды саралап өтсеңіз.

- Мен осы жұмысқа 2018 жылдың ақпан айында тағайындалдым. Оған дейін де ауданымыздағы жастар саясатына белсене араласып жүрдім. жастар ресурстық орталығы мекемесі аудандық ішкі саясат бөлімінің жанынан құрылған. Негізгі мақсаты – жастарға құқықтық, әлеуметтік бағыттарда кеңес беру, оларға арналған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру. Сонымен қатар, барлық ауылдық округтерде жастар ұйымы құрылып, қоғамдық негізде түрлі шараларын жүзеге асырып келеді. Биыл аудан әкімдігі жанынан жастар ісі жөніндегі кеңес құрылып, 2019 жылдан бастап аталған кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес отырыстарын өткізгелі отырмыз. Бұл жергілікті жердегі жастардың әл-ауқатын жақсарту бойынша бірқатар мәселелерінің оңтайлы шешілуіне зор әсерін тигізеді деп ойлаймын. Одан басқа, орталық атаулы мерекелік күндерге байланысты жастардың интеллектуалдық ой-өрісін дамытуға, ұлттық құндылықтарымыз бен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шараларды лайықты іске асыруда. Жылма-жыл дәстүрге айналған: "Білім-ринг" интелектуалды ойыны, табиғатты қорғау бағытындағы "ЭКОlife" жобасы, «Ардагерлерді ардақтайық!», «Саламатты ұрпақ», «Ұрпақтар сабақтастығы», «Сәтті қадам» «Кедергісіз келешек», «Еркін пікір», «Таза жағалау», «Кел, жастар оқылық!», «Таза мекен», «Әскердегі бір күн» т.б тақырыптық жобалар аудан жастары тарапынан қызу қолдау табуда. Ерекше атап өтерлік жағдай, "Қазақстан" ұлттықтеларнасындағы «Көңілді тапқырлар алаңы» ойынына «Құрманғазы жастары» командасының жолдама алып, қатысуы – біздің биылғы басты жетістігіміз деп ойлаймын. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен жас буынға ағылшын тілін тегін үйрету үшін қыркүйек-қараша айлары аралығында «English For Jastar» жобасы сәтті ұйымдастырылып, 60 балаға еріктілердің көмегімен ағылшын тілі оқытылды. Бұл жоба келер жылы да жалғасын табады. Барлық бастамаларымызға облыстық «Жастар саясаты мәселелері» басқармасы, аудан әкімдігі, мәдениет, спорт, білім беру бөлімдері, округ әкімдері әрқашан қолдау көрсететінін баса айтқым келеді.

- Елбасы алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сондықтан қай салада болсын, жастарға қолдау көрсетілетін, олардың бойындағы талантын тану мақсатында өткізілетін игі бастамалар қолға алынатыны сөзсіз. Осы тұрғыда ауданымыздан бұл бағытта не күтуге болады?

- Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға байланысты. Өйткені, олар – елдің қуаты мен қозғаушы күші. Жастар қай кезде де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес. 2019 жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы қуанышпен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондай-ақ, бұл біздің сыналар сәтіміз. Алдымен жастар ресурстық орталығына келер болсақ, күні бүгінге дейін "Нұр отан" партиясы филиалының аудандық ғимаратын жалға алып келдік. 2019 жылдан бастап облыс әкімі Н.Ноғаевтың тапсырмасымен тегін ғимаратқа көшпекшіміз. Сонымен қатар, жергілікті жерлерде бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында әрбір ауылдық округтерде жастар ісімен айналысатын мамандардың жауапкершілігі аудан әкімдігінің тапсырмасымен спорт әдіскерлеріне қосып берілуде. Келер жылдан бастап, атаулы мерекелік күндерге байланысты іс-шаралардың санын азайтып, нақты жүйемен, яғни әрбір жаспен жеке жұмыс жасауға көшеміз деп отырмыз. Облыстық деңгейде белсенді жастардың басын қосып ғылыми-конференция, аймақтық форум ұйымдастыру жоспарымызда бар. 2017 жылы өңір жастары арасында Атырау қаласынан спорттық спартакиада бастау алған болатын. 2019 жылы облыс жастары арасындағы аталмыш шараны өткізу бізге табысталды. Осындай жұмыстарды алдағы уақытта өткізу үшін қазірден дайындықты бастап кеттік.

- «Жастар жылы» дегенді қалай түсінген жөн деп ойлайсыз? Оның мақсаты не, қандай жұмыстар жасалуы тиіс? Жалпы жастардың бүгінгі проблемасына тоқталсаңыз.

- Жаңа жылға байланысты облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жол картасы» жобасын дайындап жатыр. Міне осының ішінде жастарға қажетті біраз нәрсе қамтылады деп есептеймін. Бұл орайда ақпарат пен жаңа технологиялардың дамыған заманында, өзгелерге үлгі болатын өркениет әлемінде жас буын өздерінің заманауи идеяларымен көш бастаушылар болып табылатынын естен шығармаса деймін. Өз басым, жастардың назарын ұлттық құндылықтарға аударуымыз керек деп ойлаймын, себебі, олар бүгінгі таңда материалдық құндылықтарға көбірек мән беруде. Сонымен бірге, азаматтық, қоғамдық жұмыстарға көбірек тарта білуіміз қажет. Ең маңыздысы, жастар өз құқы үшін күресе алатындай жағдайда болулары тиіс. Қазіргі таңда оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау білдірілуде. Түрлі бағдарламаларға белсене қатысып, өз мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашылуда. Әсіресе, өз бизнесін жаңадан ашқан жас кәсіпкерлердің несие алулары үшін біраз жеңілдіктер берілсе дейміз. Ең бастысы, жұмыссыздық мәселесінің оңтайлы шешімін табуына атсалыса білсек, нұр үстіне нұр болар еді.

- Әңгімеңізге рахмет! Алдағы жыл сіздер үшін табысты болсын!

Сұхбаттасқан: А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521