Қандайма елдің де алға шығуы, мемлекетінің гүлденуі жас ұрпағының саналылығына байланысты. Бұл– дәлелдеуді қажет етепейтін ақиқат.
Біздің әйгілі Мағжан Жұмабаевтың: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты мен жастарға сенемін» деген ұлағатты тәмсілі қанша ғасырлар өтсе де ешқандай маңызын жоймақ емес. Біздің де Тәуелсіз ел болып әлемді мойындауымыздың басында Желтоқсан қаһармандары тұрғанын әрбір елжанды адам жақсы сезініп, жанына жақын тартады.
Жастар елдің қозғаушы күші, драйвері болғаннан да «жас келсе – іске!» деп те жатамыз. Жүсіп Баласұғын: «Көңіл аудар даналардың сөзіне, Адал жанды өнеге тұт өзіңе» деп тектен-текке айтпаған. Өмірі үлгі жақсылардың жақсы ісін айту, оны өзгелерге өнеге тұту – басты парызымыз. Өзіне тапсырылған қандайма істі де биік парасаттылықпен атқарып, айналасына шапағатты шуағын шашып жүретін, мейіздей мінезі мейірімнен тұратын, болмысынан бекзат, тектілік ауылымызға әкім болып келген жас азамат Сүндетов Жаслан Әндіржанұлы туралы жүрегімнен осындай жақсы ойлар тамшылағаны... Ауылдың үлкен-кішісі «Жақсының-жақсылығын айтайық, жаз-жаз» деген соң, жақсы бастамаларына өз көңілім де сүйсініп, қолыма қалам алдым. Жалпы, жастарға қанат бітірерлік бабалар мен даналар ұлағатын өз әлімше қағаз бетіне түсіруді жөн санап, оны сүйікті «Серперіме» беруді қажет деп ұйғардым. Өйткені, аудан айнасын күтіп алып көз сүріндіретін ұзақ жылдан жанашыр оқырманымын.
Кудряшов ауылдық округіне әкім болып келген күннен Жаслан Әндіржанұлы кабинетшіл емес, халықшыл әкім екенін дәлелдеді. Үлкенге сәлемнен, кішіге аманбысыннан басталған жұмысы бір күнмен шектелмей, көп күндерге жалғанып, жалғасып кетті. Көп ұлтты округтің тұрғындары Жасланға да жас деп қарамай, оны өздеріне қамқоршыл ел ағасы ретінде сезіндірді. Келе сала зейнеткерлердің ауласын арамшөптерден арылтты. Қоқыс-қалдықтарды жылан жалағандай етті. Қурап, не бұтақтары арса-арса болып әлдеқашан өліп қалған теректерді кестіріп, қысқартып әп сәтте жөнге келтірді.
Адам денсаулығы ауызсу тазалығына тікелей байланысты деп ұйғарған жас әкім бұл мәселеге қатты мән беретінін дәлелдеді. Ауылға кіреберіс жолдың екі жағы, көшелер, ауыл-үйлер тазалығына, көрнекілігіне көптің көзі жетіп, көңілдері сүйсінді. Жастарды жұмысқа тарту, тіпті болмаса ақылы қоғамдық қызметке баулу оның өзекжарды өткір ісіне айналды.
Бұл мақаланы жазудағы мақсатым жас әкімді орынсыз дабыралап мақтау емес, Жаслан Әндіржанұлының халқына қалтқысыз қызмет ету қажеттігін ақ жүрегіне түйген, салиқалы да сабырлы, мақтанға алдырмайтын мемлекеттік қызметтің шынайы майталманы екендігін көпшілікке паш ету, өнегелі ісінің өрісін ұзарту, қол жеткенге тоқмейілсіп, орта жолда тоқырап қалма деу оған. Қарапайым отбасында дүниеге келіп тәлім-тәрбиенің тұнығынан сусындағанын оның болмысынан байқалады. Ахмет Байтұрсынов ұлды ұлша тәрбиелесең ұл болады, құлша тәрбиелесең құл болады деген болатын. Жасланды ұлша тәрбиелеген ата-анасына рахмет айтамыз. Оның бойындағы дана Абай айтқан үш ақ нәрсе адамның қасиеті: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» сол қалпында сақтала бергей деп тілейміз.
Еркін елдің ертеңі – жастардың қолында.
Гүлнәр Әли,
Кудряшов ауылдық округінің бір топ зейнеткерлері атынан