Қарулы күштер – ел қорғаны

(0 Votes)

Кез-келген мемлекет басқалардан биік, беделді болуы үшін оның айбынды әскері, қарыштаған экономикасы және демографиялық өсімі болуы қажет.

Мұның бірі екіншісінен әлсіз болса, ол мемлеккеттің әлем алдында абыройы төмен. Демек, бүгінгідей алмағайып заманда әскердің қуатты әрі барлық жағдайға сақадай сай тұруы аса маңызды. Жылдан-жылға жоғары қарқынмен өсіп—өркендеп, халықаралық аренадағы беделі арта түскен мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, баянды етуде айрықша үлес қосып отырған айбынды Қарулы Күштеріміздің құрылғанына 7 мамырда 28 жыл толып отыр. Қазақстанның әскери құрылыс тәжірибесінің болмауына қарамастан қысқа мерзім ішінде Қарулы Күштерқұрылды. Осы мезгіл ішінде ұйымдастырудағы қиындықтарды жеңе отырып, беделді де белсенді күшке айналып, бейбіт өмір кепіліндей болған жерімізде білімді де білікті мамандар, төл кадрларымыз қалыптасып, елмен бірге есею үстінде. 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. «Мен 1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы болдым. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі өзге ұлттың өкілдері елдеріне кеткісі келді. Оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған республикалар өз жеріндегі әскерилерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер!» деп өз елдерінің антын қабылдатып жатқан-ды. Біз президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлердің бетін бері бұрдық», – дейді Нұрмағамбетов өз естелігінде. Ал 1992 жылы 7 мамырда еліміздің бірінші Қорғаныс министрі болып Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Елбасының «Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовті таптым» деп айтқаны бар.

Нұрмағамбетов қорғаныс министрі қызметіне тағайындалған соң, сапалы әскери мамандарды даярлауға бар күшін салады. «Жаңадан құрылғалы тұрған қарулы күшімізге қажетті мамандарды «қайда даярлаймыз?» деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр дайындау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ, біз түгілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академияға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақтың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды», – дейді Халық қаһарманы.

Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтап, өз аумағында әскерлердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешті. Әскери анттың мәтіні дайындалып, Жоғарғы Бас Қолбасшының 1992 жылғы 25 тамыздағы Жарлығымен іске асырылды. Кейіннен ант қабылдау рәсімі әскерде игі дәстүрге айналып, әскери бөлім үшін мереке күні болып саналады. 1992 жылдың 22 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал, 1993 жылдың 19 қаңтарында «Жалпы әскери міндет және әскери қызмет» Заңы шығып, онда әскери қызметті атқарудың негізгі ережелері, азаматтарды дайындау мәселелері, оларды белгіленген нақты әскери қызметке шақыру және босату, азаматтар мен лауазым иелерінің заң бұзушылыққа жауапты екендігі көрсетілді.

Тұңғыш Президенттің 1996 жылғы 18 шілдедегі «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери рәміздері туралы» Жарлығымен, Қарулы Күштер түрлерінің байрақтары, рәміздері, әскери бөлімдердің Жауынгерлік тулары бекітілді. Мемлекет тарапынан қазақ әскерінің әлеуетін көтеруге байланысты бірқатар шаралар қолға алынды.Міне, соның арқасында аздған уақыт ішінде ұлттық әскеріміз қалыптасып, аяғынан нық тұрды деп айтуға толық негіз бар. Ендігі мақсат – Қарулы Күштеріміздің сапасын жоғары деңгейде көтеру үшін саланы заманауи стандарттарға, әлемдік тәжірибелерге сай дамыту басты міндеттердің бірі болып табылады. Осы бағытта әскерімізді озық үлгідегі қару-жарақ, әскери техникалармен қамтамасыз ету жұмыстары жыл сайын жүргізіледі.

Елімізде Отан қорғаушы күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтілуін жас мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етушілердің еңбегін айрықша бағалау деп түсінеміз. Өйткені, ел тыныштығын күзетіп тұрған әскери қызметшілердің мойнындағы жауапкершілік қашан да ерен, ерлікке толы.

Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастар. Сондықтан бәріміз де олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді қалыптастыруға жұмыстануымыз қажет. Әрбір жас азамат, патриот болу үшін батыр немесе асқан ерекше адам болудың керегі жоқ екенін түсінгені абзал. Тек өз Отанынды жеткілікті дәрежеде сүюді, оны әрқашан қорғауды, ол үшін қам жеуді, оның барлық қиындығы мен қуанышын бірге бөлісуді есте ұстаған жөн. «Мен қоғам ішіндемін» деген масылдық психологиядан, «қоғам, немесе, көпшілік солай болса мен қайтем» деген әрекетсіздікке, бойкүйездікке бастайтын ойдан «Отан менде жатыр» деген ойға көшу абзал. Жалпы, шекарасы шегенделген, әскери қуаты еселенген елде «Отанды кім қорғайды?» деген сұрақ тумауы тиіс. Біздің жағдайымызда Тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын қазақ әскері қас қақпай қорғайтыны анық. Отанға қалтқсыз қызмет әрқашан бейбіт өтіп, қуанышқа толы болсын!

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521