Арналарға тар құбырларды салып кеткен

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі комиссияның жоспарға сәйкес кезекті отырысын, оның төрағасы Қайрат Нұртаев ашып, күн тәртібімен таныстырды.

rinat

Браконерлікке қарсы атқарылған жұмыстардың барысынан хабардар еткен Құрманғазы инспекция бөлімінің бас маманы Ринат Сәлімғали:

– 2020 жылдың есепті кезеңінде 3 576 108 теңге әкімшілік айыппұл салынып, індетке байланысты аздап кешеуілдеп, 2 925 374 теңгесі қазір өндірілу сатысында. ҚР ӘҚБтК-нің 383 бабының 3 бөлігімен иесіз ау құралдарына 36 хаттама жасақталып, бөлімге қарасты учаскелерден құрулы тұрған 97 дана иесіз балық аулау құралдары (сеткі, вентерь) мен 458 келі балық алынды. Аудандық сотпен 45 әкімшілік іс қаралып, айыппұлдар салынды. Құрманғазы инспекциясы бөлімімен 2020 жылдың 8 айында облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында 23 мақала жарияланып, «Қазақстан-Атырау» телеарнасына 2 рет сұхбат беріліп, браконерліктің алдын алу және әуесқой балық аулау ережесінің талаптары түсіндірілді. Әуесқой балық аулаушылар мен шаруашылық субъектілері тарапынан балық аулау ережесін бұзу өткен жылдармен салыстырғанда едәуір азайды, - дей келе биыл бөлініп қалған сулардан 55 млн. шабақ құтқарылғанын, бұл үлкен жетістікке округ әкімдері атсалысқанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ қазір бұл жұмысты «Құрманғазы атындағы» ЖШС жалғастырып отырғанын алға тартты. Комиссия мүшелері тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарды. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы:

– Жол құрылысы жобасын жасағанда сіздерден келісім ала ма? Каналдарға диаметрі мыңдық тұрбаларды салып кеткен. Соның бәрін кері алдырдық. Себебі, балық өз бағытымен кететін болуы керек. Теміржол маңында тұрбаны биік салып кеткендіктен су деңгейі түскенде балық өте алмай қалған. Оны да кері жасаттық. Осыларды бірден ескеру қажет. Екіншіден желкіден тоқылған аулау құралдарын не істеп жатырсыздар? Мұның қаншасы су ішінде қалуда? Желкі торлар шірімейтіндіктен балық өліміне себеп болады. Базарларда оларды сатпау жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізген жөн, - деп комиссияның алдағы отырысында осы және қайықтарды науқан біткен соң тұрақты орындарына орналастыру жайы тыңдалатынын ескертті.

Комиссия мүшесі, аудан прокуроры Магилан Рахимов қоршаған ортаға келтірілген залал жөнінде сұрап:

– Қиғаш бойына демалуға келгендердің балық аулау мөлшерін қалай анықтап отырсыздар? Су бойын бақылайтын сіздер! Былтыр 4-5 адам болса, биыл 9 адам келді. Балық аулаймыз деп шығып құс атады. Мылтыққа рұқсаттары бар ма? Ертең адам өлімі орын алса, қайтесіздер? Қанша рейд жүргізілді, қандай шара алдыңыздар?, - деді. Бұл сауалдарға жауап табылмағандықтан аудан әкімі Қ.Нұртаев хабарламашыға келесі жолы бұл тақырыпқа қайта оралатындықтан жан-жақты дайындалып келуін тапсырды.

Қанат Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521