АРНАЙЫ «ЖОЛ КАРТАСЫ» АТЫРАУДЫҢ БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРАДЫ

(0 Votes)

«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов білім сапасын көтеру жұмыстарын күшейтуге тапсырма берді»-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен бейнережимде өткен селекторлық кеңесте білім беру жүйесіндегі міндеттерді орындау және өзге де мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

Білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиевтің сөзінше,  облыста санитарлық-эпидемиологиялық жағдай сақтала отырып, білім беру ұйымдастырылды. Қашықтан оқыту барысында туындаған мәселелер дер кезінде шешімін тауып, қысқа мерзімде жолға қойылды. Облыс білім беруді цифрландыру бағытындағы тапсырмаларды орындауда көш басынад екен.  Десе де, білім сапасына қатысты проблемалар жетерлік.

– Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша биыл білім сапасы 57,3 %-ды құрады. Өкінішке қарай, функционалды сауаттылыққа байланысты халықаралық зерттеулер (PISA) бойынша облыс оқушылары республикада ең төмен нәтижеге ие. Халықаралық өлшем болып табылатын сауаттылықтың үш бағыты бойынша 2018 жылдың  көрсеткіштері орташа нәтижеден де төмен. Функционалдық тұрғыдан сауатсыз оқушылардың 84%-ы біздің облыстың үлесінде болып тұр. Ал, облыстағы оқушылардың 60%-ы екінші және одан да жоғары деңгейдегі тапсырмаларды орындай алмайды. Бұдан басқа да білім сапасына қатысты көрсеткіштер соңғы жылдарда төмендеп кеткен, – деді Білім беру басқармасының басшысы.

Аймақ басшысы өзекті мәселеге байланысты өз деңгейінде жұмыс атқармай отырған тиісті органдарды сынға алды. Сосын білім сапасын арттыру үшін әзірленген жол картасының жүзеге асырылу барысын сұрады.  

«Сіздің тапсырмаңызбен әзірленген «Атырау облысында білім беруді дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы» бағдарлама ретінде сәуір айында көпшілікке таныстырылды. Бүгінде облыстық білім беру басқармасы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдарымен бірлесе жүзеге асыруда. «Жол картасы» аясында 3 айдың ішінде біраз ауқымды жұмыс жасалды. Атап айтсақ, «Жол картасы» нысаны ретінде облыс аумағындағы 50 мектеп зерделенді. Кешенді зерттеу нәтижелері бойынша атыраулық мектептердегі білім беру проблемалары толықтай анықталды. Мамандарымыз жоғарыда аталған проблемаларды жол картасы біртіндеп шешетінін болжап отыр», – деп түсіндірді басқарма басшысы Сатқан Есенғалиев.

Сондай-ақ, «Жол картасы» аясында балалар мен ата-аналар қарым-қатынасын жолға қою,  қауіпсіз білім беру ортасын құру, қиын өмірлік жағдайдағы оқушыларға көмек көрсету, өз-өзіне қол жұмсаудың алдын-алу, басқа да өзекті мәселелерді жолға қою қарастырылған.  

Білім саласындағы маман жетіспеушілікті шешу үшін мамандар даярлауға облыс әкімінің гранттары бөлініп келеді.  

Жиын соңында оқушылардың білім сапасының жоғары болуы бүгінгі күннің басты міндеті екенін алға тартқан облыс әкімі  Махамбет Досмұхамбетов жауапты сала басшыларына  бірқатар тапсырма жүктеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521