Ардагерлердің киелі өңірге саяхаты

(0 Votes)

Ауданымызда еңбек ардагерлеріне құрмет көрсету, қамқорлық жасау, оларды саяхатқа шығару дәстүрге айналған.

Өйткені, олардың дені Отан игілігі үшін ең құнды байлығын – саналы ғұмырын тарту еткен. Қариялар салған сара жол көпке өнеге. Осыған орай, ардагерлеріміз жыл сайын тарихи, мәдени орындарды аралап келеді. 2013 жылы аудан әкімдігінің бастамасымен елордамыз Астана қаласының 15 жылдығына орай 22, «ЭКСПО-2017» көрмесіне 23 қарияларымыз саяхаттап қайтса, Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжардағы Құрманғазы кесенесіне ата-әжелеріміз тұрақты түрде барып тұрады. Сонымен қатар, облыс орталығындағы тарихи-өлкетану музейін, Хан Ордалы Сарайшықты, Бөкей хан кесенесін, Жәңгір хан ордасын тамашалады.

70945220_3006268116081585_7843894713940705280_n

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев 1 қазан дүниежүзілік қарттар күні қарсаңында еңбек ардагерлеріне республикалық тарихи орындарға демалысты демеушілердің көмегімен ұйымдастырды. Қариялар өзара ақылдаса келе, киелі Маңғыстау өңіріне, Бекет ата басына баруды жөн деп санады. Бұл сапарға 13 ауылдық округтің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары мен алқа мүшелері, әжелер кеңесінің құрамы аттанды. Оларды аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев өзі бастап, қасына үлкендерімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін дәстүрлі әнші Нұрболат Исаевты, бейнетаспаға түсіруші Болат Ерғалиевты ертті. Ардагерлердің шаршамай барып қайтуына, көлікпен, тамақпен қамтудың барлық жағдайы қарастырылған. Ауданнан шығу үшін жолаушылар «Астрахань-Атырау» пойызына жайғасты. Ақкөл ауылдық округінің әкімі Бисенбай Рамазанов дастархан жайып, ақ жол тілеп, шығарып салды. Атырау қаласына жеткен демалушылар Халық қаһарманы, ұлтымыздың ержүрек ұшқыш қызы, жерлесіміз Хиуаз Доспанова апамыздың ескерткішінің ашылуына қатысып, аудан ардагерлері атынан гүл шоқтарын қойды. Келесі күні саяхатшылар «Атырау-Маңғыстау» пойызына орналасып, Шетпе бекетінен түсіп, алдын ала дайындалған жайлы көліктерге отырды.

Сөйтіп, алдымен Шопан ата басына барып тәу еткеннен кейін, Бекет әулие мазарына жол тартты. Ұзындығы 3-3,5 шақырымды құрайтын таудан төмен қарай түскен демалушылар әулие зиратына жетіп құран бағыштады. Аруақ қолдаған болар, буыны ауыратын, қан қысымы жоғары үлкендердің де саулықтары көп сыр бермей, жоғарыға қарай қайтадан шығып, демалатын орындарына жетті. Садақаға шалынған малдан ауыз тиіп, шырақшы күтушілерге алғыстарын білдіріп, көліктеріне отырып, Ақтау қаласына келді. Қариялардың барлық қажеттісұранысын қанағаттандырған жол бастаушы Өркен Сержанұлы онда тұратын жерлес азамат Ханат Жексенбайұлына хабарласып, қонақ үй әзірлетіп қойған екен. Келесі күні демалушылар шырайлы шаһардың көрікті жерлерін аралап, естелік суретке түсіп, қарт Каспийдің суына шомылып, бір жадырап қалды.

71394041_379216646353594_2059024346952761344_n

Елге аман-есен, шексіз қуанышпен оралған ардагерлер өздеріне үлкен құрметпен қарап, бір барып зиярат етуді армандап жүрген пір Бекет ата басына саяхат ұйымдастырып, жайлы жағдай жасаған аудан әкімі Қайрат Нұртаевқа, орынбасары Өркен Тәжібаевқа зор ризашылықтарын білдіреді.

Т.Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521