Ардагер ұстаздар саяхаттап қайтты

(0 Votes)

Аудан әкімдігі мен білім бөлімінің ұйымдастырумен аудандағы бірқатар мектептердің ардагер ұстаздары облыс өңіріндегі бірнеше киелі, қасиетті орындарға саяхаттап кайтты.

Саяхатшылар үшін арнайы автобус бөлінді, сондай-ақ арнайы дәрігер, фотограф, көмекші қызметкер берілді.

Ардагер ұстаздардың алғашқы тоқтаған жері Жарсуаттағы Мұрат Мөңкеұлының мазар-кесенесі болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген атақты ақын, жырау, азаттықты аңсаған күрескер Мұрат Мөңкеұлы өз заманының шындығын айнытпай айтқан болатын. Ардагерлер ақын рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Одан әрі құрманғазылық бір топ ардагерлер Индер ауданы орталығындағы алаңда осы атақты ақын, жырауға орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Шапкенов, жазушы Мереке Құлкеновтер азаттық үшін күрескен ақынның өлмес рухы кейінгі ұрпағына дарысын деген тілектерін айтты. Одан әрі осы шараға жиналған жұртшылық екінші бір алаңда индерліктердің даңқты жерлесі, есімі республикаға танымал бард ақын, әнші Табылды Досымовтың ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Небәрі 45 жасында дүниеден қайтқан, соңына өшпес жырларын, әндерін қалдырған ерекше дарын иесі Табылды Досымовтың ескерткішінің ашылуында маңғыстаулық ақын Светқали Нұржан арнау өлеңін оқыды. Табылдының шәкірттері оның әндерін орындады.

2

Бұдан кейін мәдениет үйінде аудан өнерпаздардың концерртік бағдарламасы тамашаланды. Ардагерлер тобы енді Қараой жазығындағы Махамбет Өтемісұлының кесене мазарына жол тартты.

Жалынды ақын, батыр баба Махамбет Өтемісұлының айбынды мазар кесенесі алыстан көз тартады. Жауларының қолынан қапыда қаза тауып, мәңгілікке көз жұмған жерінде тұрғызылған кесене маңы кешкі екінді кезінде тыныштық құшағында екен.

Ардагер ұстаздар батыр баба рухына тағзым етіп, құран, дұғаларын бағыштады.

Ақын Рахмет Ниетқалиев Махамбет бабаға арнаған өлеңін оқыды. Кесененің алдындағы жеке үйден мазар күтушісі Сәрсенбай деген азаматтың әңгімесін тыңдап, келушілерге арналған шелпек, бауырсақ, шұбаттарынан дәм татысты. Сөйтіп, саяхатшы ардагерлер батыр бабаның басынан көңілдері көтеріліп, рухтанып қайтты.

Ардагер ұстаздардың бұдан кейін алған бағыты Сарайшықтағы музей-қорықпен танысуға жалғасты. Кезінде Алтын Орданың орталығы болған, бірнеше ғасыр қазақ хандықтарының ордасы болған тарихи қаланың орнына бүгінгі ұрпақтың қолымен жасалып жатқан шаруаларды ардагер ұстаздар көздерімен көріп, естеліктермен, музей жабдықтарымен танысты. Осы жерде мүрделері жатқан 7 ханның рухтарына бас иіп, тағзым етті.

Саяхатты ұйымдастыруға белсенді көмек көрсеткен аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаевқа, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаеваға, сондай-ақ Индер аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Матайқызына осы саяхатқа шыққан барлық ардагерлер ұстаздар атынан шынайы алғысымызды айтамыз.

Алдағы уақытта да осындай игілікті шаралар жалғасын таба берсін деген тілек білдіреміз.

Нұрлығайын Нұғыманов,

аудандық ардагер ұстаздар алқасының төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521