Қараусыз мал – барымташылар үшін де оңай олжа

(0 Votes)

Шекара аумағында мал бағымын ұйымдастыру – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі.

Ауданға қарасты Көптоғай, Қиғаш, Қызылоба ауылдарының тұрғындары бұған жиі бас ауыртады. Өйткені, олардың өріске қадағалаусыз жіберген малдары шекара қоршауынан жиі өтіп кетіп, немесе жайылымнан жоғалып, барымташыларға қолды болуда. Ақ адал малын ұры-қараға бере салу мал иесіне, әрине, оңай емес. Сондықтан, әсіресе шекара аумағында төрт-түлікті көзден таса етпеу, жайылымда түнемелге қалмауын қадағалау қажет. Алайда, ауыл тұрғындары бұрынғы заманнан бері түйе мен жылқы малы бағылмайтынын, олар өріске өзі келіп, кететінін, ірі қарадан тек сиырды ғана бақташыға бақтыруға болатынын алға тартуда.

img_6990

Бұл тақырып туралы шекаралық мәселелер жөніндегі Құрманғазы ауданы әкімдігі жанындағы Үйлестіру Кеңесінің отырысында кеңінен талқыланды. Аудан әкімі Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен жүргізілген комиссия отырысына округ әкімдері, шекара қызметі, комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге орай «Құрманғазы» шекаралық комендатурасының коменданты Ю.Гафаров хабарлама жасап, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының кейбір баптарына жеке-жеке тоқталды. Сонымен қатар, жүзу құралдарының шығу және кіру айлақтарын белгілеу мәселесін қозғады. Заң талаптарына сәйкес кооператив төрағалары өздерінің айлақтарын ашып, оған қоршау жүргізіп, күзетпен қамтамасыз ету керектігін жеткізді. Аудан әкімі Қ.Нұртаев бұл мәселе алдыңғы комиссия отырысында да көтерілгенін, одан бері нендей өзгерістер, қандай жұмыстар қолға алынғанын орынбасары Жандос Бектемировтен, аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Сәуменовтен сұрады. Сонымен қатар, ауданымыздағы алты табиғат пайдаланушы жүзу құралдарына арналған айлақтарды ашуда бірінші кезекте нені басшылыққа алу, қандай талаптарды мүлтіксіз орындау қажеттігіне қызығушылық білдіріп, жарықпен, жылумен, қайық моторларын, жанар-жағар май сақтайтын қоймамен қамтамасыз етілуі тиіс орынға типтік жобаның үлгісі қажет болатынын жеткізді. Оларға жер бөлу мәселесін қарастыруды жауапты тұлғаларға міндеттеп, айлақ тұрақтарын ашпаған жағдайда алдағы жылдан бастап заңдылыққа сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескерту қажеттігін қаперге берді.

Кудряшов ауылдық округінің әкімі Сақтапберген Ертілеуов тұрғындарға берілетін шекара рұқсаттамасына қатысты сұрағын қойса, Дыңғызыл ауылдық округінің әкімі Оралбай Азимов қоршалмаған жерлердің қоршау жұмыстары қашан аяқталатынына алаңдаушылық білдірді. Комиссия төрағасы Қ.Нұртаев:- Сүйіндік ауылы мен Батыс Қазақстан облысы аралығындағы шекара аумағында киіктің жолына 3 шақырымдай ашық жер қалдырылған. Шалғай өңірдің тұрғындарын үнемі осы мәселеге бас ауыртады. Өйткені, өрістегі малдары сол шекарадан жиі өтіп кетеді, - деген аудан әкімінің көтерген мәселесін Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшар да қостады. Осы киіктің миграциясына арналған жолды Сүйіндік ауылынан алыстатып, Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарай ығыстырудың мүмкіндігін қарастыруды ұсыныс етті. Хабарламашы Ю.Гафаров малды бақташы ұстап бақтыру, қылмыстың да алдын алуға септігін тигізетінін тілге тиек етті. «Сүйіндік» ЖШС-нің 80 түйе малы Ресей шекарасына өтіп кеткенін естігеннен кейін, олар дер кезінде қайтарылғанымен, екі күннен кейін бұл жағдайдың тағы да қайталанғанын қаперге берді. Одан кейін 72 жылқысы жоғалған мал иесі қыркүйекте төрт түлігін түгендегеннен кейін оны үш айдан кейін барып тексергенін, нәтижесінде осынша мал басының жоқтығын сол уақытта барып бір ақ білгенін жеткізді. Мұның бәрі сайып келгенде, арнайы бақташы ұстамаған мал иелері үлкен шығынға ұшырайтынын алға тартты. Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қ.Құлшар 2019 жылы бір үйден 68 бас жылқы жоғалғанын, осындай жағдайлардың жиі орын алатынын айтты.

img_6991

img_6995

Күн тәртібіндегі келесі мәселеге орай Байда, Қиғаш, Азғыр ауылдық округтерінің әкімдері Жүсіп Төреғалиев, Жігер Жанқанов, Жасұлан Жаманқұлов ауылдық округ бойынша шекаралық кеңістікте қалыптасқан ахуалды баяндады. Комиссия төрағасы Қайрат Талапұлы «Магистральдық су ағызғысы» ЖШС-не қарасты Қиғаш бас су сорғы стансасында жұмыс жасайтын отбасылары Ресей мемлекетінде тұратын 28 қызметкердің қазіргі уақытта шекарадан өтулеріне шектеу қою, оларды мекеменің жатақханасында болуын назарда ұстауды округ әкіміне тапсырды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521