«Қарашадағы» тірлік осындай

(3 Votes)

Ел ішінде еңсесі биік азамат Сәрсенбай Еңсегенов хабарласып, қыр бойына шығатынын айтқанда құптай кеттім. Жақсыларға жақын жүретін мен сапарлас болуға ынталы едім.

Сөйтсе қыр құнары құмаршықтың қайта оралуына қозғаушы болған Сәрсекең бастамасын жалғастыруда екен. Қасына Х.Досмұхамедов университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Аққали Ахметті және оқу орнының оқытушысы биолог, эколог Рауан Әбдиевті ертіпті. Жолсерігіміз Үштаған маңындағы «Қараша» шаруа қожалығының үйлестірушісі Муса есімді жігіт.

arashaday-tirlik2

Үштағанның арқа бағытында 30 шақырым жерден қоныс тепкен «Қараша» шаруа қожалығына келіп тұрмыз. Кәнігі қара шаруадан гөрі заманауи бағыт осында екен. Тұрғын жай, қора-қопсы кәдуілгі көріп жүргендерден өзгеше. Жапан далаға жан бітірген тіршілік көрегі қызып тұр. Үйдің де, қораның да төбесі профлист материалымен шатырланған. Ескі тұрғын үй, монша, жылыту бөлмесі, машина гаражы қаз-қатар орналасып қоршалған. Күннен қуат алатын баламалы энергияның 20 тақтасы орнатылған. Қосымша желқалақ төбеден төніп тұр. Солармен күнделікті қажет өтеліп тұр. Ұялы телефон байланысы жолға қойылған. Шаруа басында Қайырболат Зейінов, зайыбы Алтынгүл Меңдіғазиева балалары Нұрасима, Нұрайым, Нұрасылмен тұрақтап тұр. Мектеп жасындағы балалары онлайн арқылы оқып жатыр. Ол жағынан кедергі жоқ.

«Қараша» шару қожалығының иесі Мәнсия Әбілхайырова. Шарушылықта 400 бас қазақтың ақ бас тұқымды сиыры бар. Сиыр табынында 1,2 категориясы 16 бас бұқа бар. Биылша бұқаларға ерік берілген. Келешектен бастап қолдан ұрықтандыруды қолға алмақ.

Мұндағы жұмыс мейілінше оңтайландырылған. Жайылымға тиесілі 1000 га жер бөлініпті. 12 км жер ішіне сым жүргізілген жіппен қоршалған. Қоршаудың бойында ток қуаты бар. Төрт км сайын бір аккумолятор қойылыпты. Мал қоршаудың ішінде жайылады. Сымға соғылған мал да, қасқыр да қайтып жолмайды екен. Әрине, өлтіретіндей қуатта емес. Ұры-қарыдан аман болу үшін де тиімді. Бақташының орнын алмастырған сары түсті апарат Германиядан алдырылған екен. Оның өзі әзірге Қазақстан бойынша екеу, облыс бойынша біреу болып шықты. Шылбыр, жүгені сыпырылған мініс аттары тұсаулы жүр. Қажет болғанда Қайырболаттың мотоциклі әзір. Ұзындығы мен ені бірдей 100 метрден тұратын аумақты қора саңылаусыз тақтайдан тұрғызылыпты. Жабық қораның ұзындығы 50 метр. Малға екпе жұмыстары жүргізілгенде қолданатын әдейі дәліз жасалған. Ені бір сиырдың көлеміндей болатын дәліздің шыға берісінде мал салмағы өлшенеді. Шаруа қоныс таңдағанда әуелі құдық сайласа керек-ті. «Қараша» шаруа қожалығын құрушы одан жаңылмапты. Қырдың тұрғыны болғандықтан биылғы жаздың қуаңшылығынан құдық суларының тартылып қалғанын көрдік. Әупіріммен ілдалап шілдені өткізген шаруаны білеміз. Ал Мәнсия апаның малдарына бір құдық молынан жетулі. Ұзыны мен ені 6 метр болатын 3 метр тереңдіктегі құдықта 100 тоннадай су бар. Тұщылығы нұрдай. Екінші құдық артықта дайын тұр. Құдық басына биік мұнара орнатып, ұшар басына жарық қойылған. Қайырболат соған шығып дүрбімен төңіректі шолады.

Алда «тоны жоққа сәлем де, етігі жоққа өзім барам» дейтін қыс келеді. Оған «Қараша» шарушылығының қамданысы мығым. Әрқайсысы 500 кг болатын тайланған шөп ұзынынан жинаулы тұр. Жусан, мия, еркек, қоңырбас араласқан шөптің исі мұрын жарады. Трактор қара шөпті әлі шауып жатыр. Қос басындағы үш адамның екеуі Үштағаннан.

Біз жаңаша көзқарастағы шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін сөз етіп отырмыз. Шаруашылық қожасының болашақтағы жоспары бұдан да ауқымды. Келешек Үштағанның басынан сүт зауытын салуды ойластырып отыр. Оған қажетті қондырғыны Мәскеуден алып қойыпты. Демек, жергілікті тұрғындарға жұмыс көзі табылады деген сөз.

Жағасын жайлауға, төсін қыстауға салған шаруаның тынысын көзбен көріп марқайып келеміз. Бір ауық игілікті іске сүйсініп ойға кетесің. Кеңшарлар кезеңінде игерілген, қазіргі бос қалған жерлер тусырап жатыр. Аяқ астына тығылысқан шаруагерлер төрдегі кеңістікті игерсе ғой...

Аспанда қиқулап қараша ұшады. Данышпан Абай: «Қарашада өмір тұр, Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?.. деп еді-ау. Біз көрген «Қарашаның» қарашадағы тірлігі осындай.

Есмухан Жанизин

Үштаған ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521