Сириядан оралған қыздың әңгімесі

(1 Vote)

Сирияға қалай кеткенім туралы айтсам, мен ол кезде жас болдым.

«Шапағат» - деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қорының маманы, «Жусан» операциясы нәтижесінде елге оралған Перизат Еркінбай: – Бұл жерде көтеріліп отырған нәрселер болашақта елімізге, жастарымызға керек деп білемін. Сирияға қалай кеткенім туралы айтсам, мен ол кезде жас болдым. Әрбір ата-ана өзінің баласына жаман тәрбие бермейді, қатарынан қалмасын дейді. Үнемі олар қасында жүрмейтіндіктен көп нәрсе баланың өзінің санасына байланысты. Мен оқып жүргенде жанымдағы намаз оқитын қыздармен араластым. Ортаң қандай болса, сен де сондай боласың. Қателегім дін жайлы имамдардан барып сұрамаған едім. Қыздармен бірге жүргенімде Сирия жайлы естіп, ол жақтан түрлі үгіт-насихатпен шақыра бастады. Бұл елде шариғатпен жүретін ислам мемлекеті бар деген ақпараттарды әдемі түрде жеткізетін. Сол қыздардың айтуымен оларға еліктеп, шыны керек адасып Сириядан бір-ақ шықтым. Барғаннан кейін от пен оқтың ортасында қалғанымды, «шариғат, ислам мемлекеті бар» дегендері жалған сөз екенін ұқтым. Мұнда бәрі керісінше екен. Қателескенімді кеш түсіндім. Сирияға бару оңай болғанымен, кері қайту қиынға түсті. Кетем дегендерді қатал жазалаған, түрмеге отырғызған, өлтірген жағдайлар көп кездесті. Мұндай сөзді қасыңда жүрген достарыңа да сеніп айта алмайсың. Ешкімге сыр шашпай, өзің ғана қайтар жолды іздейсің. Ал, оны арабтардан басқа ешкім білмейді. Сұрасаң арабтар айтуға қорқады, себебі біліп қалса жазалайды. Ол жақта әркім өзінің қара басын, қалай аман қаламын дегенді ғана ойлайтын. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің», деген ғой, мен Сирияға барғаннан кейін өз қалауыммен қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, балалы болдым. Жолдасым елге кетуіме қарсы болғандықтан одан ажырастым «Мен баламды от пен оқтан қалай алып шығамын деп ойласам, ата-анам да тап осылай уайымдап отыр ғой», деп мазасызданатынмын. Алдыма «Күнде қауіп төніп тұрған бұл жерден қалай да баламды аман алып шығып, ата-анамнан кешірім сұрауым керек. Осында көргендерімді басқаларға жеткізуге, олардың да адасып мұнда келуіне жол бермеуге тиіспін», деген мақсат қойдым. Қашып шығуға екі-үш рет талпынғаныммен сәті түспеді. Бір арабтан жөн сұрағанымда ол қорқып тұрса да жолды көрсетіп: «Ұсталып қалсаң мен айтты деме. Бұл өте қауіпті жол! Неге десеңіз кез-келген сәтте саған оқ атылуы, аяғыңның астында миналар жатуы мүмкін», деді. Бар ниетім елге оралу болғандықтан қатерге бас тіктім. Алланың қалауымен бәрінен аман өтіп курдтардың шекарасына жеттім. Олар біздерден өзіміз жайлы мәліметтер сұрады. Курдтердің қолына түскендердің бәрі арабтар, басқа ұлттан тек мен болдым. «Мен қазақпын», дегенде курдтар: «Қуана бер сендерді қазақтар іздеп жатыр. Елдеріңе алып кетеді», деді. Сол кезде шыны керек қуанғанымнан балама қайта-қайта: «Кешікпей бұл жерден шығамыз, елге жетеміз», деп айта бердім. Бәрімізді жинап лагерге әкелгенде мұнда басқа да ұлттардан қашып шыққандар жеткілікті екен. Сонда олар маған: «Сендер қандай бақыттысыңдар. Қазақстан іздеп келіп әкетіп жатыр. Ал, біз мына жақта көптен жүрміз», деген еді. Сонда өзімнің қазақ екеніме, кетіп қалсақ та мемлекетіміз далада қалдырмай, қауіпті жерден алып шығып жатқанына бойымды мақтаныш кернеді. Жаңа айтып өткенімдей ендігі мақсатым жастардың жат ағымдар жетегінде кетуіне жол бермеу. Олар санасы қалай уланғанын білмей қалады. Сол үшін жұмыстанудамыз. Бұл жерде айта кетейін өзіміздің туған жерімізде жүріп қара нан мен қара шай ішкенге ештеңе жетпейді. Ата-ананың жүрегі баламын бірге екенін мен сол жерде түсіндім. Мен ол жақта, анам мұнда бір-бірімізді ойлап сондай қиналдық, - деп қатысушыларды жастардың жат ағымдар жетегінде кетуіне жол бермеуге шақырды.

img_3567

Одан әрі «Шапағат» - деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қорының теологы Мұхидден Омар мен маманы Перизат Еркінбай өздеріне қойылған сұрақтарға жауап қайтарды. Шараны аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының басшысы Ернар Боранғалиев қорытындылап, осындай кездесулер ауданымыздың басқа да округтерінде, білім ордаларында да өткеніне тоқталып: – Бүгінгі күні жастар көптеп намазға бет бұруына байланысты ауылымызда қылмыс төмендеді. Бұрынғыдай топталып төбелесу жоқ. Кезінде тентек болған жігіттер де ислам қабылдап түзу жолға түсті. Жұма намазында жастар мешітке сыймай ауласында оқиды. Біздің басты мақсатымыз олардың жат ағымдар жетегінде кетуінің алдын алу. Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде соңғы кезде оларға ілесушілер саны түспесе өскен жоқ. Егер олар көбейіп кетсе біздің жұмысымыздың ешқандай нәтиже бермегені болар еді. Қатысып отырған үлкендеріміз бүгінгі кездесуде естігендерін барған жерлерінде айта жүреді деген сенімдемін, - деп Атырау қаласынан келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521