Қара бидай Азғырдың азығы еді

(0 Votes)

«Серпер» газетінде Азғыр бойындағы егін мәселесі жақсы көтерілген екен.

Мұны қазір көпшілік біле бермеуі де мүмкін. Біз оны көре қалдық. Ол жақта қара бидай еккен уақытта орталықтан, жан-жақтан қысқы мал азығын тасыған жоқ. Соның сабанын пайдаланып, дәнінен жем дайындап қыстан шығатын. Әрі соған қосымша егін де салынды. Қыр бойында өскен қарбыздан ауыз тиген адамның бірімін. Оны аудан орталығына «Сельхозтехника» мекемесінің техникалары таситын. Бірде таныс жігіттер он шақтысын әкеліп тастады. Теңкиген нән қарбыздар. Менің сонда көзімнің жеткені ауданішілік кеңшарлар мен ұжымшарларда өсірілгендерден олардың дәмі мүлдем бөлек. Бұлай дейтінім теңіз өресінде егілген қарбыздардың суымен қол жууға болады. Асылық айтып отырғаным жоқ, сөздің шыны осы. Ал, Азғыр бойында өскенінде шырынның, секерінің көптігінен саусақтар біріне-бірі жабысып қалады. Сондай дәмді еді. «Үмітсіз шайтан» демей ме, қыр бойында әлі де егін өсіруге болады деп есептеймін. Мақалада Базарбай Өтеулиевтің Ойық туралы айтқаны да өте орынды. Болашақта оның суын да қайтадан кәдеге асыратын кез келер.

Тағы бір есіме түсіп отырған жайт Сүйіндікте қара бидай еккен жылдары Азғыр өңірінде киік шұбырып жүретін. Көптігі сондай, біздің бала кезімізде Аңшылар одағынан әдейі адам бөліп аттырып, етін аудан орталығындағы дүкендерге салып, халыққа сататын. Одан да талай ауыз тидік. Қара бидай егетіндер киіктердің отарымен егінге кіріп кететінін, оларды әрең қуып шығатынын айтып шағымданатын. Әрине, бұдан қара бидайдан алынатын өнім де, киікті атқызғаннан оның саны да кемімейтін. Қазір сол киіктер көршілес облыстарда барын естиміз.

Қазір Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласына орай көптеген іс-шаралар жүзеге асып, жастар туған жері жайлы біраз жайттарға қанығуда. Өткенді білгеннің зияны жоқ. Аудандық газет алға қарай да осындай материалдарды көбірек беріп тұрса дейміз.

Болат Қалиев,

еңбек ардагері, ІІ топ мүгедегі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521