Қарағандыдан қанаттанған еді...

(0 Votes)

Қараша айының 28-і ақынның дәл туған күнінде, ат арқасы қияндағы Қарағандыдан Қошалақтың киелі топырағына Марат Азбанбаев табан тіреді. Жұмекен тағдырын зерттеуші, Жазушылар Одағының мүшесі, «Менің Қазақстаным-Жұмекен» кітабының авторымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Сіздің 2005 жылы Қошалаққа келіп-кеткеніңізден хабарлымын. Бұл жолы да арнайы келген жайыңыз бар... - Атырау қаласында Ж.Нәжімеденов атындағы үш қатарлы мектеп бар екен. Сол мектептің алдына ақынның туған күні қарсаңында мүсін орнату жоспарланыпты. Соған мені қоғам қайраткері Еңсегенов Сәрсенбай арнайы шақырды. Мен шақыртуды ризашылықпен құп алып, зайыбым Гүлбаршын Ыдырысқызын ертіп жеттім. Салтанаттан соң Сәрсекеңе Қошалаққа барғым келетінін айтқан едім. Міне, осындай басқа да елжанды азаматтардың арқасында Атыраудағы Қ.Дүтбаева атындағы колледждің оқытушысы, суретші-фотограф Еркін Бозжігітов болып келіп тұрмыз. Ақынның туған күнінде сол Жұмекен жырлаған қоңыр даланы, жал-жал құмды, Ашақ сорын қайта көріп, қоңыр ұлдың рухымен сырласу бақыты бұйырды...

img-20201217-wa0010

- Өзім куә болғасын айтамын, 1995 жылы Жұмекеннің 60 жылдығына орай сонау Алматыдан бері қарай кіл мықтылар келген еді. Одан кейін де әр жылдар да тізін салғандар болды. Биылдыққа арнайы келіп, сұхбат беріп тұрған екінші адамсыз. 2005-06 жылдары «Менің Қазақстаным - Жұмекен» атты кітабыңызды шығардыңыз. Осы еңбегіңіз жөнінде айтып өтсеңіз.

- Бұл кітап ақынның 70 жылдығына тартуым болды. Онда әйгілі «Менің Қазақстаным» әнінің тууына байланысты мәліметтер, замандастарының естеліктері, жұмбақ ақын Жұмекеннің өміріне қатысты бұрын жария болмаған тың деректер жарияланды. Кітаптың мазмұнымен танысқандар Жұмекентануда, ақын мұрасын насихаттауда құнды мағлұматтар барын айтып оң бағасын берді. Өмірдегі Жұмекен мен өнердегі Жұмекен арасында ешқандай айырма жоқтығына көзім жетті. Өмірі мен өнері біртұтас. Жұмекентануда қалыптасқан кейбір ой-тұжырымға менің ой-пікірімнің қарама-қайшы келетін тұстары аз емес, ол заңды да. Өзгелердің көзқарасына құрметпен қарап, өзпайымымды дереккөзбен, ғылыми әдістемеге сүйеніп негіздегендей болдым. Нағыз, шынайы Жұмекеннің жұмбақ бейнесін өз сөзі, өз ісі арқылы көрсету мақсатынан туған бұл еңбек.

- Шындыққа жүгінгенде Жұмекеннің Қарағандыдағы еңбек баспалдағын, өнер бастауын алғаш сіз елге таныттыңыз?

- Қарағандының шахтерлері 1955 жылдың қыркүйегінде Қазақстан жастарына үндеу тастап, көмірөндіруге шақырғанда Жұмекен де алғашқылардың бірі болып 16 қыркүйекте «Лениншіл жас» газеті арқылы «Шахтаға мен де барамын» деген өлеңімен үн қосып, кенді қалаға аттанды. Ертеңінде 17 қыркүйекте өзімен бірге келген 59 болашақ шахтерді перрондакеншілер қауымы құшақ жайып қарсы алды. Естен кетпес күн. «Қара көмір жанатыны - әдемі» деген Жұмекен жыры жанды жылытты. Күнделікті сан рет көріп жүрген жанып жатқан көмірдің жалынынан да әдемілік көру қандай ғажап. Жұмекен көмір қазатын комбайнердің көмекшісі болып ресми түрде қабылданып, 390-шы табельдік нөмер беріледі. Комсомолдық жолдамамен келген жастардың жатақханасы - № 3 интерна қа орналасып іске кірісті.

- Өнерге қанат қаққан қадамы да осы Қарғанды да басталыпты...

- Қарағандылық өнерпаз-кеншілерден құралған ән-би ансамблі Қазақстанатынан Мәскеуде Коммунистік партияның ХХ съезд делегаттарының алдында өнер көрсету мәртебесіне ие болады. Жұмекен хордың құрамында бас және тенор дауысында ән салады. Жеке дауыста да халық әні «Қараторғайды» скрипканың сүйемелдеуімен орындайды. Аталған өнер ұжымын Қарағанды облыстық кеншілер кәсіподағы ұйымының төрағасы Әукебай Кенжин деген азамат жинақтап, бір-екі ай ішінде дайындаттырып, Кремльдің сахнасында қазақтың ән-күйін төгілдіреді. Сол Әукебай ағамыз Жұмекеннің үлкен өнердің ортасы – Алматыға қайтуына, консерваторияға түсуіне ақылын да, көмегін де аямайды. Сондықтан да қоңыр ақынның поэзия әлеміне самғауына қанат бергенде осы Қарағанды деп білемін.

- Марат Ақторғайұлы, «ақсаққой өрісін бір күнде тауысады» дегендей, Жұмекен аға туралы сарқылып жүргенде, сізге жолығып кемерленіп қалдым. Әсерлі әңгімеңіз үшін ауданымыздың оқырмандары атынан бек ризашылығымды білдіремін.

- Сізге де рахмет. Сапарластарым сізді Жұмекеннің ауылдағы жоқшысы деп таныстырды. Байқаймын, ақын туған топырақтың шырақшысы да іспетті екенсіз. Сұхбат барысында сізден бейнелі үш сөйлем естіп тұрмын. Сіз арқылы ойлы оқырман мен қауышатыныма қуаныштымын.

Есмұхан ЖАНИЗИН,

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521