«Қарақамыстағы» қауырт қимыл

(0 Votes)

«Қарақамысқа» ел қонды. Ежелден ата-бабаларға құтты қоныс болған құйқалы өңір.

Кеңестік жүйе кезінде бұл атырапқа егін салынып мол өнім алынды. «Октябрь» кеңшарының ірі қара табандарынан жер қайысты. Әрідекте басында батағасы бар балық қабылдау пункті осы «Қарақамыста» болды. Одан арғысына тоқтала кетсек, аралды айнала қоршаған су, ешкім ешқайда қашып құтыла алмайды. Халық жауы аталғандардың жұбайларын осы аралға жинақтап «Кар Лагқа» әкеткен көрінеді. Сөз орайы келген соң ұрпақ жадында қалсын деп айтып жатқанымыз.

6

Осы «Қарақамыста» ондаған шаруа қожалықтары әлдерінше ірі қара мал өсіріп, арқа – жарқа әрі тынымсыз тірлік кешуде. Дені Нұржау ауылдық округінің тұрғындары. Бұл күндері үлкен аралдың өне бойында гүрілдеген техника, қауырт қимыл үстінде мал азығын дайындауға кіріскен адамдар. Ертеңді – кеш қара терлері шұбырып, қара шаңға көміліп жұмыс жасауда. Осы жер бірнеше бөліктерге бөлінеді. Білетініміздей «Терешкин» де құнарлы алқап болатын. Жерінің біраз бөлігін орып дайындап кетіпті. Шаруа иесі Шахидолла Мырзағалиев ағамыз екен. – 150 тонна пішен түсті. Өз малыма былай жетеді, деп кеңірдегін бас бармағымен бір сызып өтті. Күнгей бетінде «Морской» телімі жатыр созылып. Белгілі мал маманы Мұстажап Қабышов ағаның азамат ұлы Қабышов Жеткіншек құрған қожалық екен, қазіргісі 50 тонна, әлі де көлдей көгерген өңірде іржәнігі аралас балауса құрақ теңіздей толқып тұр.

6

Осы «Морскойдың» негізгі бөлігі айтулы Алғаязов Оразғали – Серіктің қожалығы. Сыпақтап, құйындай үйіріп жүрген өзін көрдік. Тақылдап, тақпақтатып қоя берді. Малының саны, ұрғашысы, еркегі, қайсысы қашан бұзаулайды дегендей. –Сәкебай, ол мәліметтер әзірге қажетсіз болып тұр. Неше тоннапішен дайындалды, іс-қимыл барысын көрсетші, дейміз оған.

- Әзірге 200 тонна. Ана шауып жүрген, үйіп, жинап, тайлап жатқандар да інілерім, немерелерім- Нәжеден, Райымбек, Алғаяздан тараған тағы басқалары,-дейді ол. Осы «Қарақамыс» телімінен кезінде ауданның айтулы механизатор бригадасын жетектеген Айболаттың ұлдары Болатбек, Жарқынбек, Нұрлыбек, Мырзабек, Даниял, Айшуақ сияқты азаматтарда өз қожалығына деп тындырымды іс қылып жатыр екен. Бұлар да 200 тоннаны уақытылы орып, тайлап, алқап төсіне рулондап өріп тастапты. Баршасын бірдей тізіп айтып шығу мүмкін емес. Шоманов Омаржан, Хайрушев Сәрсенбай сияқты шаруа қожалығы иелері тырбынып іс қылуда. Маңдай терлері бұршақтап іс қылғандардың қайсысы қапы қалған?

6

-Мына бірінің қимылы ерен екен,-дедік, «Клемкин» телімінде тербелген көк құрақты сылдырата шауып, алақандай жайылған алқапқа көрпедей төсеп бара жатырған айтулы шаруагер, кәсіпкер азамат Ақылбек Қайсағалиевтің шабушысы, кеңшардан бері осы іспен айналысып келген Теміржан Қалиев деген ақберген азамат екен. Тайлап та үлгеріп жатыр. Жап-жас болып алып бұл іске Бегалиев Қуаныш әбден төселіпті.

«Қарақамыс» төсі бұл күндері ұлы дүбір, сорпадай қайнаған еңбек. Сорғалаған қара тер. Баршасы да алдағы қыстан малым күйлі, тоқ шықсын деген бәтуалы тірліктің қамында. Әңгіме барысында қай-қайсысы да ертең аралға тиіп тұрған жерден газ тартылады деген ақжолтай хабар шындығын дәлелдей қалса, бірі құс өсіргісі, екіншісі егін салғысы, үшіншісі жергілікті құрылыс материалдарын дайындайтын шағын зауыт иеленгісі келетінін, т.с.с. үкілі үміттерін сыр ғып шертеді. Баршасы да «Нұр Отан», аудан билігіне алаң көңілде.

6

Тәуелсіздікпен шырайланған «Қарақамыста» қара шаруаның тірлігі үшін бәрі де болады. Ертеңге сеніңдер, ерте тұрып, кеш жататын ерен еңбек иелері, деп олармен қимай хош айтыстық.

Т.Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521