«Қара қамысқа» табиғи газ келсе...

(0 Votes)

«Қара қамыс» Құрманғазы ауданындағы елеулі тарихы бар, мүмкіндігі мол елді мекен. Дәлірек айтқанда, жан-жағын өзектер қоршаған, бітік өскен құрағы мен шалқар шабындығына иттің тұмсығы батпайды дейтіндей мал шаруашылығын өркендетуге өте-мөте қолайлы жер.

Нұржау ауылдық округіне қарайды. Кезіндегі «Октябрь» кеңшарының мал азығын дайындайтын сенімді аралдарының бірі болатын. Кеңшардың мұнда бақша өнімдерін салып, жоңышқа өсіріп, мол өнім алған жылдары жетерлік. Құбыла бетіндегі өзекте тұрақты ау тартымы болды. Кеме толы тоқтыдай сары сазандар мен құлаш-құлаш жайындар ауланатынын бала болсақ та көре қалдық. Осындағы өзектің екі жағында орналасқан ауылдар шаруасын шалқытып отырды. Өйткені, малына өріс, қыстық пішені, ауласа балығы жыртылып айырылады. Балаларының Нұржау мен Жамбыл ауылдарына қатынап оқитындары болмаса, басқа түйткіл жоқ.

Бірақ, әне бір ұраншыл жылдарда үлкендерден хал кетіп, жастар мұның бәріне мұрындарын шүйіріп, қалаға безді, өйтпегендері ірі ауыл орталықтарына көшіп тынды. Құдайдың қоржынынан түсіп қалғандай құйқалы жер, шұрайлы қоныс үкілі қамысын билетіп, үп еткен желмен теңселіп жүгірген аң, ұшқан құсқа пана болып жетімсіреп қалған...

Кешелергі Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында «Қара қамыстың» қадірін сезінгендер осында бас бұрып, алдарындағы ірілі-ұсақты малдарымен көшіп келе бастады. Өткен отыз жыл ішінде ондаған бас сиырын табын-табын мүйізді ірі қараға, 5-6 бас қылқұйрығын үйір-үйір жылқыға айналдырғандар біреу емес, бірнешеу. «Қара қамыспен» сағынысып көріскендердің сағы сынбады, қайта тусырап жатқан жер-ана, ерінбегенге маңдай терлерінің өтеуін еселеп қайтарды.

Осындағы алғашқы шаруа қожалығы атанған Шоманов Омаржан, Садихов Сәрсембай, Мырзағалиев Шайдолла, Алғаязов Серік, Қабышев Жеткіншек, Айболатұлы Болатбек, т.б. азаматтар қазір мал басын өсіру мен оның өнімін өндіруден ауданға танымалдар. Араларында «ауданның үздік шаруа қожалығы» атанғандар да бар. «Қара қамыс» өзегінің екі жақ қапталында 9 үлкен қожалық өз төлінен өсірген малдарын бордақылап шаруасын шырқ үйіріп отыр.      Үй саны жетпейді десең өзектің арғы бетіндегі үш үйлі «Шайхы» ауылында газ бар. «Қара қамыспен» екі ара бар болғаны бір ақ шақырым жер. Әрине, бұл округте әкім болған азаматтардың іскерлігіне байланысты. Теңіз округінде Базарбай Өтеулиев әкім болғанында сол аумақта газ тартылмаған жер қалмаған.

-«Қара қамысқа» газ келсе, - дейді «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Өмірболат Есенғазиев ініміз: - Өзектің екі жағына үлкен ауыл қоныстанбақшы. Құс өсіріп, егін егуге талаптанып отырғандар бар. Әсіресе, егіншілік қағаз жүзінде емес, шынайы өркендер еді. Жерін жыртып, өңешін тартып, моторын орнатып берсе, 3-4 гектардан бөлісіп алып бау-бақшаны жайқалтары кәміл. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы жиі айтып жүрген табиғи газын тартып, жолын салып, 2-5 гектарға жабық жылыжайлар орнатып, өнім сақтайтын қоймалар, өңдейтін цехтары тұрғызылса, тамшылатып суару сияқты жаңа технологияларды қолданса, азық-түлік белдеуін өз қолымызбен жасап, денсаулығымызға бірден-бір тиімді таза өнімге қол жеткізер едік.

Бір сөзбен айтқанда, әр округтегі шаруа қожалықтарына бөлек-бөлек егін сал деп айта бермей, егін егетін, өнімін жинап өңдейтін арнайы агроаймақ (агрозона) ұйымдастыруға өте қолайлы жерлер жеткілікті.

Мұндай игі қадамға қолайлы жердің бірі – Құрманғазы ауданындағы «Қара қамыс» телімі екені даусыз. Бұл сөзімізді кезінде ауданда әкім болған Қ.Т.Нұртаев қолдап, үлкен келешегі барлығына көз жеткізген.

Сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Ә.И.Нәутиев біздің осы мәселе бойынша жазған хатымызға «Қара қамыс» телімі ауданның елді мекендер тізіміне заңды түрде қосылса, бюджеттен қаржы жоспарлап, жобасын жасатып, құрылысына қаржы бөлуге болады» - деген.

«Қара қамыс» телімін елді мекен статусына қосудың жолы бар ма? – деген сауалымызға Өмірболат Есенғазиев мырза: - Әрине, бар деді. – Құрманғазы ауданы бойынша 49 елді мекен болатын болса, оның бірі Мақаш ауылдық округіне қарасты Ниетбай, орталықтан 220 шақырым қыр бойында. Мұнда салынған мектеп, адам үйлері қаңырап бос қалды. Тұрғындары ауданы бар, басқасы бар орталықтарға қоныс аударды.

 Осыған дейінгі менің  депутаттық сауалыма, елімізде өткен жылғы болған халық санағынан кейін сол Ниетбай елді мекенінің есептен шығарылатыны және сол кезде ауданның елді мекендер санын бұрынғыша қалдырып, «Қара қамыс» телімін Нұржау ауылдық округінің елді мекені етіп шығаруға болатыны алдын ала айтылды.

«Қара қамысқа» елді мекен мәртебесі берілсе, болашақта инженерлік-коммуникациялық құрылымдарға ЖСҚ жасалса табиғаты әсем, суы шалқып, нуы кілкіп тұрған жерден үш үйлі Шайхы ауылынан батысқа – Жамбыл, Тәтірке мекендері бағытына қарай ауыл шаруашылығымен айналысатын үлкен ауыл өмірге келген болар еді» - деді біздің сауалымызға «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Өмірболат Есенғазиев.

Ел үшін тиімді, Президент меңзеп отырған осындай іргелі істердің қолдау таппай орынынан тапжылмайтыны өте өкінішті! Ал, бүгінгі күннің өзекті мәселесі іргедегі, яғни бір шақырым жердегі Шайхы ауылынан немесе үш шақырым аралықтағы Жамбыл ауылынан «Қара қамысқа» көгілдір отын жеткізу.

Қатар орналасқан «Қара қамыс», «Морской» телімдерінде күні бүгін сегіз қожалық үй-жайларын салып үлгерді. Ал, осылармен көршілес жатырған «Золотой», «Терешкин» «Қабан сылан», «Сары бие» аралдарынан Нұржау округінің он бес отбасы барлығы 801 гектар жер алған. Бұлардың бірқатарына жоғары кернеулі электр желісі келіп тұр. Шабындығы шалқыған далалық алқап теп-тегіс. Сондықтан жол салып бер демейді. Ал, көгілдір отынға деген зәруліктерін өтеу бүгінгідей Тәуелсіздіктің дәуірлеген тұсында орынды деп есептейміз.

 

Таңатар Дәрелұлы,

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ҚР-ның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521