Қанағат, рахым ойлап қой!

(0 Votes)

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жаңаға бой үйрете алмай, ескіден арылып кете алмай сеңдей соғылысқан, абдырап қалған жағдай біздің ауданда да орын алғаны шындық еді.

Сонда сол кездегі аудандық газеттің басындағы бұрынғы эпиграфты алып тастап Ұлы Абайдың осы сөзін жазғыздық. Шынымен де, ол кезде біреулердің асығы алшасынан түсіп жатса, қарапайым халық қиналды. Сол кездегі «есебі түгелдерге» қанағатшыл бол, өзіңді ғана емес, өзгені де ойлап қой, рахымға кел, деп дана Абайдың тілімен ақыл айтқан болдық, өзімізше. Бұл шешіміміздің дұрыс болғандығына бүгін көзім жетіп, кәдімгідей қуанып отырғаным.

ҚР Президенті Қасымжомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқып танысқаннан кейін Ұлы Абайдың кемел көзқарасымен тыңнан қауыштым. Осы жасыма дейін «Абай жолын» оқығаным, жастай өлеңдерін жаттағаным, қара сөзіне үңілгенім жай әншейін үстінен қалқып өткен екенмін деген ойға қалдырды. Президенттің бұл мақаласы Абай кім? деген сұраққа толық жауап беріп тұр. Абай тек қазақ халқының ғана емес, шынымен де әлемдік деңгейдегі кемеңгер.Мақалада Елбасының: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға» – деген сөзін орнымен келтірген.

Мақаланы «мен қазақпын немесе қазақ елінің азаматымын » деген әрбір ауылдастан бастап, әрбір отандас зерделеп оқыса, шынымен де санасы жаңғырады, рухани қайта түлейді. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін әрине, аса пайдалы. «Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы» деген тұжырымға басыңды игендейсің.

Абай шығармаларының қазақты ғылымды, білімді игеруге, ел болып ес жиюға шақыратынын көкірек көзі ояу әрбір елдесіміздің бұрыннан да білетіні айдай ақиқат. Бұл мақалада ол одан әрі асқан тереңдікпен түсіндірілді. «Ал, біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу. Ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек... «Педагог мәртебесі» туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі» деп атап көрсетеді Президентіміз. Ұлы Абай Ана тіліміздің қадір-қасиетін ұлықтай отырып, өзгелермен иық тіресіп, олармен бір қатарда тұрып тіресу үшін көп тілді меңгерудің аса қажеттігін сол заманда мұқияттап айтып кеткен. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру идеясын осы Ұлы Абай тағылымынан туындатады. Аталған мақалада Абайың масылдықты әшкерелеуі, кәсіп, өнер үйренуді уағыздауы дәлелді көрсетілгені соншалықты, даналыққа еріксіз тәнті боласың.

Бұл шағын ой үзігінде «Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек» деген тұжырымды толығымен қолдайтынымды айтқым келді. Ұлы ойшылдың 175 жылдығында киелі Құрманғазы топырағында да ас ішіп-аяқ босататындай емес, ұрпақтың бойында ұлттық, отаншылдық үлағат өретін ғұмырлық із қалуын көксеймін.

Таңатар Дәрелұлы,

ауданның Құрметті азаматы, ҚР-ның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521