Алматының алмасы...

(1 Vote)

«Алматының алмасы күннің қызыл түсіндей» деп басталатын Ескендір ағамыздың осы бір әдемі әні әркімнің де есінде болар.

Кезінде Алматының атын әлемге әйгілі еткен апортымен қаншама ұрпақ мақтанбады дейсіз. Көлемі тостағандай, бір данасының өзі жарты келі тартатын Жетісудың жеңсік жемісіне жетер бәс бар ма!? Тіпті ертеректе бір келіден асатындары да болыпты. Көздің жауын алатын қызылды-жасылды түрі, тілді үйіретін ерекше дәмі мен ғажайып қош иісі талайды әлі күнге тамсандырып келеді. Алмалардың патшасы саналған апортқа тең келетін түр бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Сол ғажайып алмамызды Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев соңғы еңбегінде ұлы даланың жеті кереметіне, жеті қырының біріне қосып, абыройын асқақтатып отыр. Мақалада «Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды» деп өзінің бағасын береді.

Елбасымыз Алматының апорты туралы «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында да айтып өтеді. «Негізінде әкемнің басты шаруасы мал бағу болатын. Пәлендей білімі болмаса да миуа ағаштарын будандастыруға кәнігі еді. Жұрт біздің баққа келіп керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді немесе бір жағында кәдімгі апорт алмасы, екінші жағында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты тамашалайтын. Әкем өсірген ондай алманы кейін еш жерден көрген емеспін. Өзінің сүйікті сортты алмасы – апортты ол келесі көктемге дейін бұзбай сақтайтын еді» деп ерекше еске алған-ды. Ал, «Қазақстандық жол» деген кітабында да апорт бір кезде оңтүстік астананың сәні болғанын жазады. Алматының тұрғындарымен бір кездесуінде апортты қазақстандықтардың ұлттық мақтанышы, ол экспорттық тауар болуға тиіс деп нақты қадап айтты. Соңғы жылдары жемісінің уақталып, түрі солғын тартып, дәмі мен иісінің өзгере бастағанына алаңдаушылығын білдірді. Оның себебін анықтап, алма бақтарының бұрынғы даңқты қалпына қайтадан келтіруге тапсырмалар берді. Енді, міне, Алматының символына айналған ұлттық мақтанышымызды ұлы даланың жеті қырының біріне жатқызып отыр. Бұл әлемге әйгілі апортқа берілген орынды баға деп білемін.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521