Алғыс айту – табиғаттың ояну уақытымен, жаңа үміттермен сәйкес келетін, бір-бірімізге деген мейірімділікті, сүйіспеншілік пен сыйластықты көрсететін күн.
Қолданысымызға кенжелеу енсе де адамдар арасында құрмет көрсету мен жылы қарым-қатынас орнатудың маңызды бөлшегіне айналып үлгерді. Әрі бұл күн қоғамның әлеуметтік тұрғыдан жақындасуына, түрлі ұлттар мен ұлыстар арасында түсіністік пен келісімді нығайтуға ықпал етеді. Айтулы мерекеге орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ризашылық – мейірім бұлағы» атты мәдени шара ұйымдастырылды.
Шарада құттықтау тілегін білдірген аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева бір топ еңбек озаттарына Алғыс хатпен марапаттады. Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Талғат Исаев жастарға патриоттық тәрбие берудегі белсенділіктері үшін қоғамдық қызметтерімен көзге түсіп жүрген Жұмақай Ғұмаровқа, Нұрлығайын Нұғымановқа, Серік Сапарғалиевке, Балғаным Хасенқызына, ішкі істер органдарының ардагері Жантөре Тілепұлына, Есенгелді Мерхановқа ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің Алғыс хатын табыстады.
Әр сөйлеушінің сөзінен кейін аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлап отырды.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ