Құрманғазы аудандық полиция бөлімімен тіркелген интернет алаяқтық қылмыстары өткен жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға өсіп отыр. Мұндай қылмыстардың көбі ұялы телефон арқылы жасалатындығы белгілі болды.
Қалтаңдағы қаржыңды қағып алуға әзір тұртатындардың қулығына құрық бойламайды. Бірде банктің қауіпсіздік қызметкері болып шотыңыздағы тұрған ақшаға қауіп төніп тұрғанын ескертіп «қауіпсіз шотқа» аудару үшін банкоматтағы мәліметіңіз біліп алып сан соқтырса, екіншісінде жалақысы жоғары жұмыс ұсынып немесе «Kaspi Red» қосымшасы арқылы төмен пайызбен қолма-қол ақша шешіп беремін деп сенімге кіріп, алдын ала төлем жасатып алудың әрекетін жасайды. Осындай пысықайлардың арбауына түсіп, жиған-тергенін айырылғандар жетерлік. Сондай-ақ, криптовалюта қаржы биржасын пайдалана отырып жасалатын алаяқтықтар кездесіп жатады. Осы орайда Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің тергеу жөніндегі орынбасары полиция майоры Ақылбек Тайншиевке мәселеге қатысты сауалымызды қойып, мән-жайды сұрап білгенбіз.
- Алаяқтық қылмыстың салдарынан жәбірленушілерге келтірілген шығындар көп пе, залалы қандай?
- Келтірілген шығын көлемі әр түрлі 80000 мың теңгеден 15 миллион теңгеге дейін барады. Бұл қылмыстық әрекеттердің аяғы жәбірленушілер айтарлықтай материалдық шығынға ғана емес, морольдік зиянға да ұшырайды. Егде жастағы адамдар бұл оқиғаны қатты қабылдайды. Жапа шеккендер 35 пен 70 жас аралағындағы ауданымыздың азаматтары.
- Қаржылық құйтұрқылықтың схемалары сан алуан шығар, жиі кездесетінін атасаңыз?
- Тіркелген алаяқтық қылмыстарын зерделеу кезінде, алаяқтық қылмыстарды жасаудың ең көп тараған жолы - банктің қауіпсіздік қызметкерінің атын жамылып қоңырау шалу екені анықталды. Шабуылшылар банк картасы бойынша күдікті транзакциялар туралы хабарлайды және кез келген әдіспен оның нөмірін, төлемдерді жүзеге асыруға арналған СV/CV2 кодының деректерін немесе банк SMS-хабарламасын бір реттік кодты білуге тырысады. Түрлі сылтаулармен алаяқтар жәбірленушілерден банк деректемелерін алуға немесе оларды қауіпсіз деп аталатын шоттарға ақша аударуға тырысады. Нәтижесінде адамдар ақшасынан айырылып тынады.
- Қылмыскерлер адамдарды алдаудың тағы қандай жолдарын пайдаланады?
- Тағы бір таралған түрі - интернет арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып алу. Адамдар веб-сайтта немесе әлеуметтік желілерде алдын-ала төлемдерді немесе тауарлардың толық құнын аударады. Ақшаны алғаннан кейін алаяқтар байланысын тоқтатады. Мұнда біз адамдарға тек қырағы болуға, сенімді интернет-дүкендерде сатып алуға және ең арзанды қумауға кеңес бере аламыз. Олай етсеңіз оңбай алданып ақыр аяғында тапсырыс берген тауарсыз да, оған алдын ала төлеген қаражатты да көрмейсіз. Инвестициялау сылтауымен қаражатты алдап аударып алу да көп кездеседі. Көбіне алаяқтар оңай ақша табу үшін жарнамаларды белгілі ғаламтор сайттарына (инстаграмм, телеграмм, google) орналастырады. Егер мұндай «жұмыс берушілер» сізден депозит төлеу-ді немесе материалдарға алдын-ала төлем жасауды сұрайды. Сондай-ақ, «Телеграмм» месенджерін пайдалана отырып, «Kaspi Red» қосымшасы арқылы төмен пайызбен қолма-қол ақша шешіп беремін деп алдайды. Қаржы пирамидасы да жақсылыққа апармайды, басындағылар бал жегенімен, соңындағылар зардабын тартады.
- Алаяқтар жиі қолданатын әлеуметтік инженерия дегеніміз не?
- Бұл азаматтардың қаражатын тартып алу мақсатында әлеуметтік-психологиялық дағдыларды пайдалана отырып, адам мінез-құлқын манипуляциялау, ойландыруға уақыт бермей, тез жасауға көндіру болып деп түсіндіріледі. Әр алаяқтық адамды адастыру арқылы қалыпты өмірде жасамайтын кейбір әрекеттер жасауға мәжбүрлеуден туындайды.
- Қаржылық алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Мұндай қоңырауларға байсалдылықпен және парасаттылықпен жауап беріңіз, көндіруге берілмеңіз, әңгімені бірден үзіп, ақпаратты тексерген дұрыс. Банк қызметкерлерінің адамнан қандайда бір қаржылық операциялар жасауға құқығы жоқ. Банкке тек ресми нөмірлер арқылы ғана қоңырау шалыңыз. Сізге хабарлаған ақпаратты тексеріп алып барып әрекет етіңіз.
Айбек МЕЙІРМАН