Алаяқтың арбауынан өзіңді сақта!

(0 Votes)

Соңғы уақытта елімізде өршіп тұрған интернет-алаяқтықтан қалай өзіңді қорғауға болады? Бұл үшін не істеуіміз керек?

Әлемде орын алған пандемияға байланысты халықтың түрлі сайттар арқылы сауда жасауы көбейді. Ал олардың көбі сенімсіз екенін байқамайды. Мұнымен қоса,  цифрландырудың жедел өсуіне байланысты оны игеру сауаттылығы төмен. Бұл ретте қылмыстық пиғылын интернет арқылы жүзеге асырушылардың саны күн сайын өсуде. Интернет-алаяқтықты қалай тосқауыл қоямыз?  Осы және тұрғындарды толғандырған өзге де сұрақтарға аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ж.Мұқашев жауап берді.

-Жалпы, интернет-алаяқтық деп ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен өзгенің затын  иемденуді айтамыз. Бұл бағытта аудан тұрғындарының нақты неден алданып отырғандарын түсіндіре кетейін.  Алаяқтар банк қызметкері ретінде өзін таныстырып, осыдан соң есепшотыңыздан алаяқтық тәсілімен ақша ұрланбақшы екенін ескертіп, ол үшін «Quicksupport» немесе өзге де интернет жүктемесін жүктеуді сұрайды. Сіз оған сеніп аталған операцияны жүргізгеннен кейін, алаяқ сіздің қолданысыңыздағы ұялы телефонды игеріп, екінші деңгейдегі банк жүктемелері арқылы ақшаңызды өзіне аударып алады. Әрине, бұл кезде сіздің қолданысыңыздағы ұялы телефон бұғатталып, уақытша істен шығады. Тағы бір алаяқтықтың түрі – ол ақшаңызды екі еселеу, өсіммен көбейтіп беремін деп алдау. Көбіне ер азаматтар Телеграм желісі арқылы футбол немесе өзге ойындарға ақша салу арқылы қаржысын көбейткісі келеді. Мұны оңтайлы пайдаланатын алаяқтар түрлі жарнама жасап, өз еркілерімен аударым жасауға итермелейді. Сонымен қатар, микрокредит ұйымдары арқылы несие рәсімдеу сынды қылмыстың түрі соңғы кезде жиі орын алуда. Тұрғындар өз атынан белгісіз жағдайда несие рәсімдегенін біледі. Бұған бірден-бір себеп – жеке басы туралы мәлімет, есепшот нөмірлерін интернет желісіне салу және т.б. Көбіне адамдардың жеке куәліктері не өзге де құжаттары жоғалған кезде интернет желісіне тауып алғаны жөнінде хабарлама енгізеді. Ал бұл мағлұмат алаяқтарға таптырмайтын мәлімет. Несие рәсімдеудің тағы бір айла тәсілі – интернет желісіне қандай да бір мүліктің сатылатынын жөнінде ақпарат енгізілгеннен кейін, алаяқтар сатып алушы кейпін танытып, аударым жасау үшін 20 сандық нөмірді сұрайды. Кейін есепшотқа өзге сомада ақша аударылым жасалып, бұл аударылым қате жасалғанын ескертіп қоңырау шалады да, одан әрі түскен ақшаны аударып жіберуді өтінеді. Кейін арада біраз уақыт өткен соң тұлға өз атына микрокредит рәсімделгенін, бұл ақшаны өз еркімен аударып жібергенін біледі.

Жоғарыда атап өткен оқиғалардан өзге де айла тәсілмен орын алып жатқан алаяқтық қылмыстың түрі көп. Айлакердің құрығына түсіп қалмас үшін өзіңізге тиесілі мүлікті қорғап, алдануға жол бермеуіңіз қажет. Ол үшін төмендегі сақтық шараларын назарда ұстаған жөн.

  1. Банк қызметкерлері ешқашан сақтық шараларын күшейту үшін қандай да бір жүктемені жүктеуді сұрамайды. Есепшотыңыз бойынша түсініспеушілік орын алса, жақын орналасқан банк бөліміне келуді міндеттейді.
  2. Банк қызметкерлері пароль, CVV (банкоматтық картаның артыңғы бетіндегі үш санды нөмірін) нөмірін, банкоматтық карточканың нөмірін қоңырау шалу арқылы сұрамайды. Керісінше әрдайым бұл мағлұматтарды үшінші тұлғаға айтпау жөнінде ескертіп отырады.
  3. Интернет желісі арқылы қандай да бір мүлікті сатып алар алдында тексеру. (Алаяқтар көбіне мүлікті арзандатылған бағамен жарнамалайды, жеткізу үшін алдын ала төлем жасауды талап етеді)
  4. Интернет желісіне жарнама берген сәтте, кез келген адамға банкомат карточкасының нөмірін бермеуіңіз қажет (берген жағдайда, түскен ақша жөнінде банкке қоңырау шалу арқылы білу).
  5. Биржа, инвестиция немесе өзге де жолдармен ақшаңызды екі есе көбейту алу мүмкіншілігіне сенбеу. (Көбіне бұл қылмыстар пирамидалық жүйемен, яғни артынан адам тіркеу, тіркелген адамның пайызы қосылатыны немесе ойын ставкаларын көбейту арқылы ақшаны иемдену орын алады)
  6. Ұялы телефондарында «Icloud» бағдарламасының логин және пароль нөмірлерін ешбір адамға бермеу (Бұл бойынша ұялы телефоныңызды бұғаттап, ақша аударуды талап етеді.)
  7. «Сіз бағалы сыйлық ұтып алдыңыз», «Шетелге жолдама алдыңыз» деп ұтыс ойындарының жеңімпазы болдыңыз деп қоңырау шалып, қандай да бір көлемдегі ақшаны жеткізу үшін немесе пайыз ретінде аударым жасау жөнінде қоңырау шалынса, тұтқаны дереу қоя салыңыз. Бұл – алаяқтар!!!
  8. Интернет желісі арқылы қайыр сұрау деректерін тексеріңіз (Кей алаяқтар ауруға шалдыққан адамдардың суреттерін жүктеп, ақшалай көмек көрсетуді сұрайды)
  9. Электрондық адресіңізге өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекенжайлардан келген (adidas және т.б.) хаттарды ашпай бірден жою.

Дегенмен, алаяқтар ақшаны алудың басқа да жолдарын ойластырып, іске асырады. Сондықтан, сақтанғыңыз келсе, қарапайым ғана қырағылығыңызды дамытып, кез келген жанға артық сенім білдірмеңіз. Оңай жолмен табыс табамын деп тұзаққа түсіп қалмаңыз, - дейді алаяқтардан сақтандыру шараларын түсіндірген Жасұлан Ғалмжанұлы. Жыл басталғалы ауданымызда 12 алаяқтық қылмыс тіркеліп, былтырғымен салыстырғанда 3 есе өсім орын алып отыр.

Өз тілшіміз 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521