Қаламгерлер есеп берді

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының Құрманғазы аудандық «Теңіз» әдеби бөлімшесі 2022 жылы атқарылған жұмыстарынан оқырмандар алдында есеп берді.

Шараны кітапханашы Меңдісұлу Мұханбетова мен Абай орта мектебінің ұстазы Рүстем Тоқаев жүргізді. Есеп беруді филиал төрағасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев ашып, ақын-жазушылар Таңатар Дәрелов, Нұрлығайын Нұғыманов, Еркеназ Қалижанды таныстырып, олардың шығармашылығынан қысқаша хабардар етті.

a

Филиалдың атқарған жұмысы жайлы хабарлама жасаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудандық «Серпер» газетінің тілшісі Еркеназ Қалижан аталған бөлімшенің 2020 жылы қараша айында құрылғанына тоқталып өтіп:

– 2022 жыл үстірт өте шыққан жоқ. Атап айтсақ, бөлімшенің төрағасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтің «Өрнектер», «Қыран қияда», «Жерұйығым» атты үш томдығы Көкшетау қаласындағы баспадан жарық көрді. Сондай-ақ, «Киелі мекен – қасиетті өлке – Құрманғазы» энциклопедиясының редакция алқасының бас төрағасы ретінде тың деректерді жинақтау ісіне іскер азаматтарды жұмылдырып, елеулі еңбек етіп келеді. Жазушының Төкен Танаұлы жөнінде жазылған «Бақыт» атты новелласы, Рахымжан Отарбаев туралы «Тұлпар» очеркі аудандық «Серпер», облыстық «Атырау» газеттерінде жарияланды. Алдағы уақытта республикалық «Сарайшық» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетіне шығады деп күтілуде. Оған қоса Өмірзақ Қажымғалиұлы аудандық орталық кітапханада, Сафон, Ақкөл ауылдарында, ақын Рахмет Ниетқалиевпен бірге Көптоғай ауылында оқырмандарымен жүздесті. Былтыр бөлімше төрағасының орынбасары Таңатар Дәрелұлының «Ағатай» баспасынан «Алты Алашым – Ардағым», «Теңіз тебіренсе» кітаптары жарыққа шықты. Баспада тағы да 2 кітабы шығуға әзір күйде. Ақынның республикалық «Жұлдыз», «Сарайшық» журналдарына өлеңдері, облыстық «Атырау», аудандық «Серпер» газетіне өлең-мақалалары жарияланды. Нұржау, Дыңғызыл ауылдық кітапханаларында оқырмандарымен кездесті. «Киелі мекен – қасиетті өлке – Құрманғазы» энциклопедиясына құнды материалдар жинауда үздіксіз жұмыстануда. Нұрлығайын Нұғыманов былтыр Қазақстан Жазушылар одағына қабылданды. Сол жылы «Ағатай» баспасынан «Ұлы дала – байтағым» атты кітабы оқырманға жол тартты. Байда, РТС, Ақкөл ауылдық кітапханаларында оқырмандарымен кездесу өткізді. Өзім де өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атандым. 2022 жылы республикалық «Сарайшық» журналына өлеңдерім, аудандық «Серпер» газетінде мақалаларым жарияланды,– деп, хабарламасында қаламгерлер Жұмақай Ғұмаров, Есмұхан Жанизин, Қанат Ғұмаров, Ұлан Иманғалидың шығармашылығынан хабардар етті.

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Анар Мусинаға «Армантауға асыққандар» атты жас ақындардың жыр жинағын табыстады. Хабарлама тыңдалғаннан кейін филиал төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев ақын Таңатар Дәрелұлының «Жұлдыз» журналына шыққан өлеңіне жақсы баға беріп, қысқаша үзінді келтірді. Ақын-жазушылар Нұрлығайын Нұғыманов,Таңатар Дәрелов, Еркеназ Қалижан оқырмандары алдында өлеңдерін оқыды.

alamgerler-esep-berdi1

Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Ермек Айсин әдемі ән орындағаннан кейін, Қазақстан Жазушылар одағының Құрманғазы аудандық «Теңіз» әдеби бөлімшесінің төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы оқырман тарапынан қойылған сұраққа жауап қайтарып, келер жылы да осылай қорытындылайық, қатарымыз көбейе берсін деген ізгі тілегін жеткізді. Ұлағатты шара өткізгені үшін аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Анар Мусинаға ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521