Тәуелсіздіктің символы болған Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман тілегін жеткізетін құнды белгілер. Еңбекші ауылдық округінде Мемлекеттік рәміздер күніне орай тағылымды шара өтті. Барша жиналған жандар кеуде тұсына қолдарын қойып, Гимнімізді әуелете шырқады.
ҚР Гимнінің авторларының бірі, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне Еңбекші ауылдық округі әкімінің аппараты мен ауылдық ардагерлер кеңесі, ауылдық клуб, кітапхана, мектеп ұжымы гүл шоқтарын қойды.
Гүл қою рәсімін аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Анар Мусина мен Гүлден Хамзина, төрайым Балғаным Хасенова бастаған аудандық аналар кеңесінің мүшелері,
Жұмекен оқыған Нұржау орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары, Құрманғазы, Теңіз, Нұржау округтерінің аналар кеңестерінің төрайымдары Гауһария Төкестаева, Гүлнар Насипова, Гүлханат Бакешева мүшелерімен бірге жалғастырды.
Алғашқы сөз алған Еңбекші ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Хамзин мерекемен қызу құттықтап, рәміздерді ұлықтау ісі толастамайтынын жеткізді. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова еліміздің мақтанышы, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік өкілі Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл қою рәсімін аудандық аналар кеңесі 2018 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырып келе жатқанын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Мемлекеттік рәміздерге құрмет – елін-жерін сүйетін әр азаматқа борыш екенін айта келе, шараға қатысушыларға, белсенді атсалушыларға ризашылығын білдірді.
Шара барысында ауылдық клубтың өнерпаздары әндерін әсерлі орындаса, Нұржау жалпы орта мектебінің оқушысы Ақерке Өтеміс ақынның «Қошалақ» өлеңін нақышына келтіре оқыды.
Айнагүл Шакупова