Аудандық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген пленумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы түсіндіріліп, жылдың бас құжатынан туындайтын міндеттер қатысушылар назарына берілді. Пленумды ашып, жүргізген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов басқосудың регламентімен таныстырды.
Бірінші болып сөз алған аудан әкімі Абат Жанғалиев Жолдаудың еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басуының, әлемдік бәсекелестікке төтеп беруінің, азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың жол картасы деп қарастыруға болатынын айтып өтті. Ондағы басымдықтар мен бағыттардың ауданның дамуы үшін үлкен маңызы барына тоқталды. – Осы орайда Жолдаудан туындайтын алдағы жылдарға жоспарлаған жұмыстар туралы айтып өткім келеді. Жолдаудың міндеттері аудан көлемінде орындалып, тұрғындарымыздың игілігіне айналуы тиіс. Аудан әкімдігі цифрлық платформаларды енгізуді кеңейтеді, мемлекеттік қызметтердің онлайн жүйелерін толықтай қолжетімді етуге жұмыстанады. Жергілікті жерлерде өндіріс орындарын ашып, еліміздегі шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларын негізге алып жүзеге асыратын болады. Кәсіпттік білім беру орнына қолдау көрсетіп, олардың білікті маман даярлау ісіне жәрдем етіледі. Ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, цифрлық медицина жүйелерін енгізу, зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған әлеуметтік көмек шараларын кеңейту жоспарланды. Инфрақұрылымға, соның ішінде ауылішілік жолдарын салу, электр энергиясымен қамту, көшелерді жарықтандыру, ауыз сумен жабдықтау, кәріз жүйесін жүргізу сияқты кезек күттірмейтін жұмыстарға назар аударылады. Қоршаған орта және таза аудан бойынша санитарлық тазалықты сақтауға, көріктендіру мен көгалдандыруды жақсарту арқылы жасыл белдеу жобаларын жетілдіруге, экологиялық таза шешімдерді қолдануға маңыз беріледі. Халықпен диалог, ашықтық аясында ардагерлер мен тұрғындардың ұсыныстарына құлақ асу, қоғамдық тыңдаулар өткізу, есептілікті қамтамасыз ету жоспарымызда болады, - деп мұның бәрі қағаз күйінде күйінде қалмай, әр бастама, әр жоба ауданның әлеуеті мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталатынын жеткізді.
Бұдан кейін ауданның ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері өз пікірлерін білдірді. Академик-жазушы, аудан мен облыстың Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев Жолдаудағы негізігі бағыттардың қатарында инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге көтеру, экономиканы жан-жақты жаңғырту және адами капиталды жетілдірудің жеті бағытта жүйелі түрде ашып көрсетілгеніне тоқталды. Ардагер ұстаз Нұрлығайын Нұғыманов бұл Жолдаудың өзінің мазмұны, ауқымы мен маңызы жағынан алдыңғыларға қарағанда көп ерекшелігі барын атап өтті. Прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсәлиев талқыланып отырған басты құжатта «Заң мен тәртіп» қағидасына қайтып оралып, құқық бұзушылыққа жол ермеу, заңсыздыққа қарсы тұру, қоғамға жат әрекетке төзбеушілік, мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын ерсі қылықтар жайында айтылғандарды қолдайтынын қаперге берді.
Айбек НӘЖІМОВ