Айтулы батырға ас берді

(0 Votes)

Бүкіл посткеңестік елдер Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуын атап өтіп жатқан тұста осы соғыстың айтулы батыры Борис(Бақыт) Төкенұлы Керімбаев 71 жасында өмірден озған еді.

«Қара майор» атымен аңызға айналған ол негізінен тәжік, қазақ, өзбек, қырғыз жігіттерінен құралған батальонның командирі болды. 1982 жылы Кеңес әскері Паншжер шатқалын босатып кеткенде, оны бір ай бойы жау қолына бермеу осы «Қара майордың» қарамағындағы жауынгерлерге тапсырылады. «Мұсылмандар батальоны» атанып кеткен 500 шақты әскерден тұратын шағын жасақ бір айдың орнына сегіз ай бойы үлкен аңғарды қарсы жаққа бермеді. Моджахедтердің қолбасшысы Ахмад Шах Масуд өзі туған мекенін тартып алуға талай оқталды. Алайда «Қара майордың» таулы аймақта ұрыс жүргізу тактикасы оның ойын жүзеге асқызбады. Тіпті оның басына 1 млн афгани төлеймін деп те жар салды. Шатқал үшін жан алысып, жан беріскен шайқаста батальон бар-жоғы 45 қана сарбазынан айырылған. Бұл сол соғысқа қатысқан әскери бөлімдер арасында ең аз шығын еді.

Ауған соғысының әйгілі батырына еліміздің көптеген өңірінде лайықты құрмет көрсетіліп отырылды. Біздің өлкеде Борис Керімбаев атындағы балық аулау кемесі ақ айдында шарлап су маржанын тереңнен сүзіп, ау қоржынын бағалы байлыққа толтырып жүргеніне 6-7 жылдың жүзі болды. Балықшылар да батыр ағаларын ұжымның бір мүшесіндей санайтын. Қайғылы қазаға орай «Амангелді» ЖШС ұжымы учаске басшысы Ақәділ Зинеденовтің ұйытқысымен Борис Төкенұлының рухына бағыштап ас берді. Ауыл имамы Т.Шаштенов Құран оқып, Бірлік ауылдық округінің әкімі Б.Ақпанов осындай иманды іс қылғандарға разылығын білдірді. Дастархан басында еңбек ардагері Р.Қабиев, Шортанбай балық зауытының директоры Б.Абдолов, Ауған соғысының ардагері Ғ.Сиғашев, балықшылар атынан А.Есеевтер жат жердегі соғыстың әкелген қасіретін айтып, ерлердің есімі елдің жадынан мәңгі өшпейтінін жеткізді.

А.НӘЖІМОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521