Қайраңда қалған шабаққа халық көмекке келді

(0 Votes)

Жал-жал толқындарымен жағаны ұрған Каспий мен мөлдір суында күн сәулесі ойнаған Қиғаштың жағасын жайлаған ауданымыздың басты байлығының бірі – балық.

Ол көп болса өзен жағалағанның өзегі талмайды. Көктемде кім қармақ салмайды? Шүпірлеп қозғалған қарагөзді қалай алмайды? «Қарагөз жүрді», - дегенді естіген адам қармақтан қалмайды. Иә, өзендерімізге өр суы келгенде алдымен кіретін қарагөз. Артынша табан, одан кейін сазан, шортан және басқа да балықтар суларымызға енеді. Қысқа мерзімде жүріп өткен олар жайылымға уылдырық шашуға шығады. Міне, сол уылдырықтан пайда болған шабақтарды құтқару – басты байлығымыз балық қорын молайтады. «Ұқсата білген ұтады», - деген ғой дана халқымыз, барды бағалап, сақтап, қорғаған келешек ұрпақ үшін де тиімді. Облыс басшысы болып келгеннен бері Нұрлан Асқарұлы да Елбасымыз алға қойған стратегиялық міндеттердің бірі балық қорын қорғау мен молайту бағытындағы іс-шараларды күн тәртібінен түсірмей назарында ұстауда.

Ауданымызға келген әрбір сапарында оның жайын біліп отырады. Бұған шабақ құтқару да кіреді. Бөлініп қалған көлшіктердегі ұсақ балықтарды құтқару шарасы аудан әкімдігі тарапынан да әрдайым қолдау тауып, тиісті дәрежеде ұйымдастырылады. Аудандық балық инспекциясы (басшысы Сансызбай Тоғаев) мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің (басшысы Руслан Сәуменов) назарында ұсталады. Әзірге бізде тоған шаруашылығы құрыла қойған жоқ. Сондықтан қолда бардың қадірін білгенге не жетсін. Су маржанының көбейе түсуіне табиғат пайдаланушыларымыз да мүдделі.

Жылдағыша биыл да күн ысып су қайтуы басталды. Жазыққа жайылған өр суынан әр жерде көлшіктер бөлініп қалды. Олардың ірілігіне қарай ұсақ шабақтар да көп болатыны белгілі. Биылғы жаз ыстықтығымен есте қалатын шығар. Шіліңгір шілденің аптабынан аспан айналып жерге түскендей. Айдың басынан бері термометр бағаны 40 градустан төмендемеуде. Кей күндері көлеңкенің өзінде отыз бес градустан жоғары болды. Қазақы тілмен айтсақ айдың ортасына жетпей қырық күн шілде басталып та кеткендей. Осындай ыстық бөлініп қалған суларды мүлдем құрғатып, олардағы шабақтар қырылады. Сондықтан балық қорын сақтаймыз десек әр күн қымбат. Бүгінде аудан көлеміндегі балық шаруашылықтарында оларды құтқару жұмыстары басталып та кетті. Төменде екі өндірістік кооперативтің жұмысын мысал ретінде келтіріп отырмыз.

«Каспий-Балық». Су бойынан ризығын айырған балықшылардың басын қосқан, есімі елімізге белгілі ірі өндірістік кооператив бұл істен жыл сайын шет қалмайды. Биыл да арнайы бригада жасақтап, бұл жұмысты шұғыл қолға алды. Кооперативтің Сержан Распеков бастаған бригадасы жар жағалап жүр. Қазірдің өзінде бекітілген 93 гектар жердегі 16 көлшіктегі миллионның үстінде шабақтар құтқарылып, арнаға жіберілді. 25 адамнан тұратын бригада 18 маусымнан бастап осы жұмыспен айналысуда. Қиғаш өзені бойына жағалай қоныстанған балықшылар қауымының жоғын жоқтап, түйіні тарқатылмаған күрделі мәселелерін жиналыс сайын ортаға салып, оң шешімін табуына атсалысып жүрген кооператив төрағасы, іскер басшы, Жұмажан Шакупов оларды барлық керек-жарақтарымен толықтай жабдықтаған. Жалаңаяқтанып күні бойы көлшікті кешіп, суға малшынып аумен сүзіп, түскен шабақтарды санап шелекке салып, арнаға апарып жіберу оңай жұмыс емес. Жігіттер күннің ыссылығына, жаға бойында маса мен сонаның, батпақтың, балдырдың көптігіне қарамастан ерінбей еңбек етуде.

«Каспий таңы». Редакциямызға мерекемізбен арнайы құттықтай келген өндірістік кооператив төрағасы, газетіміздің жанашырларының бірі, жомарт жанды азамат Бақытжан Теміров: «Сіздерді хабардар етіп қояйын, біздер шабақтарды құтқару жұмыстарын бастап кеттік. Балық шабақтан өседі ғой. Қазір жігіттеріміз өнімді еңбек етуде», - деген еді. Айтқандай-ақ өндірістік кооператив Құрманғазы инспекция бөлімінің 5 маусымдағы қатынас қағазының негізінде бөлініп қалған сулардағы шабақтарды каналдар қазып, ағын суларға қосу мақсатында 12 адамнан тұратын бригада жасақтаған. Оның басына кооператив төрағасының шешімімен бригадир болып Замирбек Ермұханов тағайындалып, басқарма мүшесі Хамидолла Теміровке олардың жұмысын қадағалау міндеттелген. Шабақ құтқару шарасына тіркемелі трактор бөлініп, бригада қажетті құрал-саймандар, шабақ ауымен қамтылған. Күні бүгін жеті учаскедегі 38 гектар жерде жұмыс жасалды. Осы жерлердің 1539 шаршы метр шөбі шабылып, 115 текше метрінің сайлары қазылды. Өзенге жақын жерлер күрекпен қазылып, жыра арқылы қосылды. Аталған учаскелерден 5 млн.59 мың дана шабақ құтқарылды. Бригада жігіттері ұйымшылдықпен еңбек етіп, тапсырылған жұмысты тиянақты орындауда. Шөп тамыры торлаған топырақ та жеңіл қопарыла қоймасы анық. Алайда, ел игілігін еселей түсеміз деп құлшынып тұрған азаматтарға бұл кедергі келтірмейді. Бүгінгі құтқарылып жатырған кіп-кішкентай күміс қабыршақтылар ертеңгі күні-ақ өсіп дастарханымыздың сәніне айналарын, экспортқа шығарылып қаржы болып құйыларын олар біледі. Бұл жұмыстар жаз бойы жалғасады.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521