Айналаны таза ұстау - тұрғындардың міндеті

(3 Votes)

Қанша айтылып, жазылып жатса да тазалық мәселесіне келгенде кегежеміз кері тартады. Мысалы, үйімізге қонақ шақырған соң босаған ішімдік шөлмектері мен қалбырларды есіктен шыға сала ауламызға лақтырмаймыз ғой.

Апарып қоқыс жәшігіне немесе қорадағы арнайы қазылған шұңқырға саламыз. Ал, табиғат аясына шықсақ, көбіміз суға шомылып, тамақ ішіп, үйге қайтар сәтте апарған ыдыс-аяғымызды жинаймыз да, босаған қалбырлар мен қағаз қораптарды сол араға тастаймыз. Тіпті көміп те кетпейміз. Себебі, ауламыз емес. Ол жерге бізден де басқа адамдар демалады-ау деп ойламаймыз.

Жақында әлеуметтік желіде бір суретті салып қойыпты. Бірінші фотода «ат жүріп өтті» дейді, ізі қалыпты. Екінші суретте үйрек жүріп өтіпті. Жағадағы құмда ізі жатыр. Екеуінде де айнала тап-таза. Үшіншісінде «Адам жүріп өтті», - дейді. Ізінің айналасында бақлашкалар, шөлмек, босаған қағаз, қалбыр шашылып жатыр, суда пакет қалқып тұр. Демек, табиғатты аялайтын да, аямайтын да адам. Суретте жаға бойы болса бізде, ауылымызға қойылған, үйіміздің алдындағы қоқыс жәшіктерінің де айналасы шашылып жатады. Өйткені, ішіне салмай жанына тастайтындар көп. Оны істейтіндердің бәрі сол жердің тұрғындары деуден аулақпыз. Қоқыс полигоны мен қоқыс жәшігін шатастырып алатындар да жеткілікті. Көлігімен келеді де жәшіктің ішіне емес маңайына лақтырып кетеді.

Тағы бір айта кетер жайт, кейбір адамдар бір көшеден өтіп, қолындағы қоқыс толы пакетін екінші көшеге тастайды. Өзінше ізін жасырғаны. Ауыл да, көше де бәрімізге ортақ екенін, себебі барлығымыз бір ауамен тыныстайтынымызды ескермейді. «Биржаның адамдары бар ғой, солар тазалайды», - дегенге үйреніп алған. Олардың күн сайын жағалай ұшқан пакеттер мен целлофандарды, шашылған шөлмектерді жинап жүргенін көрген соң сөйтетін шығар. Бір апта олар көшеге шықпай қалса, не боларын көзге елестетіп қараңыз.

Көктемде, күзде өтетін сенбіліктерде тазаланған бөгет астары да артынша қайта қоқиды. Қаншама адам уақытын жойып сол маңды қоқыстан арылтты, тұрғындар ол жұмысты өздері жасамаған соң оған басын қатырмайды. «Мейлі, қоқи берсін! Тағы да тазалайды ғой». Тағы бір қызығы сол жердің үлкендері айналадағы көршілеріне ақылын айтып, тыйым салмайды. Бөгеттің астына кім қоқыс төгіп жатырғанын басқа көрмесе де олар біледі ғой. «Айналайын, мына жерге төкпе, жәшікке апар. Күні кеше тазалап кетті. Маңайымызды таза ұстайық», - десе тыңдар еді-ау деп ойлайсың. Тыңдамаса ұрсып тастаса қоқытқан адам келесіде: «Қазір анау қарт көріп қалса тағы сөйлейді», - деп тартынары хақ. Үлкендер солай етудің орнына көзін жұма қарап: «Ауылдағы бөгет асты қоқып жатыр. Әкім не қарап отыр? Неге соны тазалатып жұмыс жасамайды?», - деп кінә артады. Округ әкімі күн сайын бөгеттердің астында жүретіндей басқа жұмысы жоқ адам емес. Айналасын таза ұстауға ең алдымен сол жердегі тұрғындар жауапты. Бір ауылда тұрған соң оның тазалығын сақтауға көп болып атсалысайық. Әлеуметтік желіде өзге аудандар мен облыс орталықтарының тазалығын айтып аузымыздың суы құриды. Оларда тұрып жатырған да біздей адамдар. Тек тазалыққа деген көзқарастары басқаша. Бізді де өзгелер мақтасын десек, солардай болуға ұмтылайық. Екінің біріне бұйырмайтын табиғаты тамаша жерде тұрып, оның тазалығына мән бермеу елдігімізге сын. Ойланайық, ағайын!

Ж.ШАМҰРАТОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521