Айналаң таза болса…

(0 Votes)

«Тазалық – денсаулық кепілі» дейміз, бірақ өзіміз осыған мән бермейтініміз қандай өкінішті.

Көше бойында әр жерге тастай салынған қоқысты, ұшып-қонған қағаз-целлофанды көргенде көңілің құлазиды. Қарап отырсаң, адамдар өз аулам таза болса болды деп қысқа ойлайтын сияқты. Шарбағының сыртында жатса ол өзгенікі бола шыға келеді. Осылай көзді ала беріп көшеге лақ еткізіп төге салудың тыйылатын түрі жоқ. Қазір әр ауылда қоқыс төгетін жәшіктер қойылған, айналасы ыбыр-сыбыр қоқып жатады. Уақытында әкетілмегендіктен толып қалып, сыймағасын сыртына төгілсе, кейбірі жақындауға жиіркеніп алыстан лақтыра салады. Мұндай жәшіктердің, әсіресе, дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындары қасына қойылғандардың санитарлық жағдайы еш сынды көтермейді. Жағымсыз иіс қолқаңды қауып, жүрегіңді айнытады. Амалсыздан қажеті болғасын кіріп-шығасың, әйтпесе жақындайтын жер емес.

Көктем мен қысқы тазалық айлықтарында жаға бойлары мен көшелер әжептәуір тазаланады. Бірақ, айнала беріп қайта қоқитыны жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Бұл біздің адамдардың санасына сіңіп кеткендей қайталана беретін үйреншікті жайт. Бірер жыл туырысында Ресейдің Бәйбек селосында болғанда бір байқағаным біздегідей көшелерінен төгілген бірде-бір қоқысты көзім шалмады. Көшенің екі жағы жағалай тал-терек, әр жерлерде шағын қоқыс жәшіктері қойылған, темекі тұқылы мен кәмпиттің қағаздарына дейін арнайылап барып салып жатқандарды жиі байқадым. Өзен жағасы деген жұмақтың төріндей, сейіл құрған сам-сана жұрт, саф таза ауа. Мұнда да жаңағыдай көрініс, лақтыра салу деген атымен жоқ. Неткен мәдениеттілік деп қайран қалып, сүйсініп қайттым. Олар да өзіміздей орысы-қазағы араласқан ауыл тұрғындары, қашан ғана бізде осындай көше мәдениеті болады екен. «Біз осы кімнен кембіз» деп сана-сезімімізді сілкінтетін кез баяғыда болды емес пе, ағайын, қашанғы ауа жайылып жүре бермекпіз. Көшеміздің сәнін келтіріп, жаға бойымызды жақсылып ұстасақ қайтеді, осы. Айналаң таза болса, көңіліңді кір баспайтынын менен де артық білетін шығарсыздар, лас жерге ауру үйірсек келетінін де сезіп отырсыз. Ендеше, неге тазалыққа көңіл бөлмеске, айтыңызшы, ауылдас!

Рахмет Ниетқалиев,

Құрманғазы ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT