Бойдағы наласымен жарасымен
Әйтеуір, қазағымның даласы кең.
Жығылсам-жер көтеріп, келе жатқан
Жайым бар қауіп-қатер арасымен! Ақын С. Иманасов айтқандай, бұл дүние қауіп- қатерімен, қуаныш қайғысымен қатар жүретіні ақиқат. Әр күннің өзі бір тарих. Қыс мезгілі мұз қауіпімен қорқытады, көктем су тасқынымен зардабын әкеледі.
Биылғы жаз жанға жайлы болды десек те суға кету қауіпі сейілмей тұр. Әсіресе жас балалардың мезгілсіз суға түсуі салдарынан өкінішті жағдайлар орын алады. Ата-анасы ескермейді емес, әрине қатаң ескертіп жатқанның өзінде қауіп аяқтан іліп алып жатады. Әттең.
Ауылдың балалары салқындаймыз деп барды ма екен, кешкісін 7 бала шомылуға өзенге барады. Бір үйдің тетелес қос қарлығаштары да сол маңнан табылып таяз жағада шомылып жүрсе керек. Қастарында өздері шамалас балалар бар. Бір кезде баланың біреуі көрінбей кеткен. Айнала шулап азан-қазан болса да, баланы таба алмайды. Осы сәтте күндегі әдетімен жұмыстан қайтып келе жатқан Хатимулла Айдос Азаматұлының алдынан інілері шауып шығып «бала батып жатыр» деп айқайлайды. Әжесі де сол маңда жүр «Құтқарыңдар, ана баланы» деп көмек қолын созып жатыр. Ол ойланбастан жағаға жақын үйінен ұзын ағаш алғызып суға түседі де, бойлайтын жерге дейін барып баланы ағашпен тартып құтқарып алады.
Балалар суға шомылып көпірдің астына келіп отырған. Кішкентай Жасұлан « Мына жер тайыз» деп күндегі шомылып жүрген жерінен көзді ашып жұмғанша күмп етіп жоғалып кетеді, соңынан ағасы құтқармақшы болып ілесе шабады. Көзге көрінбейтін ағыстың жылдамдығы ілестіріп бара жатқанын сезеді. Бірі аман-есен құтқарылып, 5 сыныпты аяқтаған Жасұланның су астынан қаза болған денесі табылды. Құтқарамын деп ілескен, ағынның суынан ығып бара жатқан кішкентай Айбекті Айдос болмағанда бұл жерде көмекке ешкім келе алмапты. Өзі суда жүзіп білмесе де үлкен ерлік жасаған студент Хатимулла Айдос Азаматұлының ерлігі әкімшілік тарапынан жауапсыз қалмай, кішілерге үлгі болса екен. Құтқару қызметі қайда қарап отыр, жедел жәрдем кешігіп келген деседі.
Осындай оқиғалардың орын алу себебі жазда балалардың демалатын алаңдарының жоқтығы, Самаркин ауылындағы қоршалған ойын алаңын реттеуге неге көңіл бөлмейді, ішіндегі бар деген спортқа қатысты транежер, балалардың әткеншектері сынған, қисайған үзілген, жердегі тікенектерден жүре алмайсың. Кешкісін балаларымыз соған барады оған да қауіптеніп қорқып отырамыз, себебі сынып қауіпті жағдайда тұр. Жалпы, балалардың демалатын орын саябақтары жоқ. Балалардың уақыт өткізетін «Балалар алаңы» болмаған соң осындай қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Ауылды ажарландыру қарқынды жүріп жатқан кезде ауыл, шағын елді мекендердің бәріне «ойын алаңдарын» салу қажет деп есептеймін.
Халық саны миллионнан асатын қалаларда 100-150 құтқарушы бар. Олар мүлдем су маңында ғана емес, барлық маусымда басқа төтенше жағдайларда құтқару жұмыстарын жүргізеді. Қазақстанда 85 мыңнан астам өзен мен 48 мыңнан астам көл бар екенін ескерсек, барлық жағажайға құтқарушыларды қою мүмкін емес дейді мамандар.
Марқұм Жасұлан елгезек, тіл алғыш еңбекқор болып өсіп келе жатқан, ата-аналары да қарапайым адал, көмекке дайын тұратын еңбек адамдары, отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Қайғылы жағдай енді болмасын.
Гүлфара Құлбаева,
Самаркин ауылының тұрғындары