Айбарлы еді-ау Әзағаң

(1 Vote)

Бір күні үйдегі бірнеше жылғы қағаздарымды аударыстырып отырсам жеті бет ақ қағазға әдемі жазылған Ұлы Отан соғысының ардагері, Құрманғазы өңіріне белгілі атпал азамат Әзірбай Кәрімұлының өмірбаян-естелігі қолыма түсті.

Иә, Әзағаңды бала кезімнен білетінмін, оның бержағында атжалын ұстап ержеткеннен кейінде етене аралас, дәмдес, пікірлес болған айтулы ел ағасы еді. Ол кісі өз естелігінде біраз тебіреніп, ата-анасы және өзінің еңбек жолы, соғыс жылдарындағы бастан кешкен қиын-қыстау кездері жайлы сыр шертеді. Әкесі Карим жастайынан жетім қалып, ауыр тұрмыстың тауқыметін арқалайды. Сөйтіп, ауқатты адамдардың жалшылығында жүріп, күнкөріс жасайды. Жоқшылықтың қандай қияметін көрсе де буынын босатпай, ел қатарлы өмір сүру үшін бар күш-жігерін қайрай түседі. Өзінің пысықтығы, қайраттылығы арқасында еткен еңбегін зая жібермеуге тырысады.

Бай-манаптарға бой бермей, өз қамын жасаудың мүмкіндігін таба біледі. Өткен ғасырдың 20-шы жылдары қоғамдық өзгерістерге байланысты елдегі ұжымдастыру науқанына белсене қатысып, іскерлік қабілетімен танылады. 1930 жылы сол кездегі Дәшін ауылындағы құрылған «Жаңа талап» ұжымдық шаруашылығының алғашқы төрағасына сайланады. 1931 жылдың басында жоғары басшы орындардың жұмсауымен Орал облысының «Пятимор» елді-мекендегі асыл-тұқымды жылқы зауытының директоры болып тағайындалады. Мұнда 4 жылдай жұмыс жасайды. Одан кейін Алматы қаласына орталық комитет жанындағы кадрлер дайындайтын курска жіберіледі.

1935-1937 жылдары аралығында Орал облысы Қаратөбе ауданының халық судьясы міндетін атқарады. Кейіннен денсаулығына байланысты елге оралып, 1939 жылы мамыр айында дүниеден өтеді. Ал, анасы Жаңыл Асанқызы балықшы, соңынан колхоздың мал фермасын басқарады. Ол кісіде соғыс басталар жылы бақилық болады. Осылайша Әзағаң әке-шешелері жөнінде айта келіп, ағайынды үш бала ертерек жетім қалғандарын, аштық-жалаңаштық пен қайғы қасыреттің ауыр тақсыретін тартып, талай тар жол, тайғақ кешу сәттерін әңгімелейді.

Көтере алмасаң қосып арқала дегендей Әзағаң өзінің қолқанаты інісі Ғалымжаннан да ерте айырылады. Ендігі мақсаты қарындасы Бақытты тәрбиелеп, ержеткізу еді. Тағдырдың қаталдығына Әзағаңның еңсесі езіліп, теңселмеді, болмасқа болаттай қайралып, ширай түсті. Күні-түні еңбек етті, болашағын ойланды, батылданды, талаптанды. Әзағаң осындай табандылығының арқасында орта мектепті ойдағыдай бітіріп, ұстаздарының бағалауымен «Бұйырғын» деген аралдағы «Жаңа Сәуле» негізгі мектебіне тарих-жағырапия пәндерінен дәріс беруге жұмсалды.

Жас жігіт ұстаздық жолда бірден ыждаһаттылығы, ізденімпаздығымен өз ортасында сыйлы болды. Бұл жылдар ел үшін ауыр кезең еді. Азаматтардың бәрі дерлік майданға аттанған. Ауылдың адамдары таң ата жұмысқа жұмылғаннан түн ортасына дейін тыным таппайды. Кімді көрсең де қабақтары қатулы, көкіректерін де ашу, ыза кернеген, көздерінен от ұшқындайды. Осындай жағдайды ерте сезінген айбарлы жігіт Әзағаң 18 жасқа толысымен аудандық әскери комиссариатқа келіп, өз тілегімен жауға күреске аттанады. Бұл 1943 жылдық қантар айы еді. Алғашқы айларда Орал, одан кейін Москваның жанындағы Ступино қаласында әуе десантшыларын дайындайтын курстан өтеді. Алғашқы рет Белоруссияның «Старая дорога» деген елді-мекенінде жаумен шайқасқа түскен десантшылар біраз қиындықтарға душар болады. Жер мен көктің арасы қара мұнар түтін.

Аспанда самолеттер сарқылдаса төменде зіркілдеген снарядтардың дауысы. Бұл айқаста ешкімде берілгісі келмей жанталасып жатыр. Осы бір жан берісіп, жан алысқан кескілескен ұрыста Кеңес жауынгерлері жанқиярлық ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, немістерді кері қарай шегіндірді. Ал, тамаша батылдығымен көзге түскен қатардағы жауынгер Әзірбай Ахметқалиевқа «Кіші лейтенант» офицерлік атағы беріліп, бөлімше командиріне тағайындалады. Ал, Әзағаң 1945 жылдың басынан бастап талай өмір мен өлім айқасқан қиян-кескі шайқастардың бірнешеуін бастан өткізді.

Әсіресе, Венгрияның астанасы Будапешт қаласын азат етуде №9 гвардиялық армия жауынгерлері елеулі қарсылықтар мен тойтарыстарға тап келеді. Бұл уақытта Әзағаң автоматшылар құрамында болады. Шайқас бірнеше тәулікке созылып, қаладан жауды шығару оңай соқпайды. Осындай да түрлі әдіс-амалдар қолдану, барлау жұмыстарын жүргізу, соққыны дәл берудің жолдарын іздестіру, есептен қателеспеуді ойластыру бағытында кіші командир Әзағаң алды болжай білетін алғырлығымен қолбасшылар сеніміне ие болады.

Будапешт қаласын немістерден азат етудегі жаңқиярлығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, партия мүшелігіне қабылданады. Оның билеті майдан даласында тапсырылады. Бұдан кейін 700 шақырым жерді жаяу жүре отырып, Венгрия елінің 12 елді мекенін жаудан тазарту ұрыстарына қатынасады. Австрия, Чехословакия жерлерін, олардың астанасы Вена, Прага қалаларын неміс-фашистерінің басқыншылығынан құтқаруда болған қан кешкен ірі-ірі шайқастардың қақ ортасында жүріп, қолынан қаруы түспей беріспеген айбынды жауынгер Әзағаң батылдық пен шеберліктің өшпес үлгісін көрсетті. Осы елдерде азат етудегі ерлігі үшін бірнеше жауынгерлік медальдар және екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды.

1945 жылдың сәуір айында Прага қаласы маңында Америка-ағылшын Армиясы жауынгерлерімен кездеседі. Әзағаңмен өз ауданымыздың азаматтары Қайсағали Байғазиев, Әшім Қанатов, Талап Сәуменов, Сайып Рысқалиев, Уазих Сейтековтер бірге болып, қиян-кескі шайқастар да бір-біріне тілеулес болады. Бейбіт өмірге оралғаннан кейін аталған қаруластарының бәрі де ел басқару, халық ағарту салаларында жемісті еңбек етіп, ел ағалары атанды. Ал, Мәди – Ригада, Забих – Балқашта, Карим – Алматыда тұрып, лауазымды қызмет атқарды.

Көзі тірісінде Әзағаң майдандас достарымен аралары ажырамастан жиі кездесіп араласып тұрды. Екі қарулас жерлесі Ихласов Тұрақбай мен Хамит Қабиев жеңіс күніне санаулы күндер қалғанда Венгрияның Мор қаласын азат ету ұрысында ерлікпен қаза тауыпты. Лейтенант, каһарман жауынгер Әзірбай Кәрімұлы соғыс біткен соң алты айдай әскер қатарында болып, 1945 жылдық аяғында туған жері Орлы ауылына оралады. Сөйтіп, өзінің сүйікті ұстаздық қызметін жалғастырады.

Қазіргі Орлы ауылдық округінің қырлығындағы «Көкбөбе» бастауыш мектебінде меңгеруші әрі мұғалім болып 7 жылдай «Бұйырғын» аралындағы Микоян атындағы жеті жылдық мектебінде орыс тілі пәнінен дәріс берсе, кейіннен Орлы ауылының орталығындағы бастауыш мектептің меңгерушісі міндетін өз дәрежесінде атқарады. Соғыстан кейінгі ауыртпалықты жылдарда тұрғындардың тұрмыс жағдайы да нашар еді. Балалардың киімдері жұтың, оқулықтар жетіспейді, шыны керек тамақтары да тоқ емес. Осыған орай мектепке келгенде олардың бабын тауып көңілдендіру, оқуға деген ынталарын арттыру Әзағаңның алдына қойған негізгі мақсаты болды. Ата-аналардың ол кездері колхоз шаруасынан қолдары босамайды, ертелі-кеш жұмыс басында жүреді.

Балаларының сабақ жағдайын біліп тұруға да уақыттары санаулы. Қыс айлары боранды-шашынды, аяз өте қатты болады. Жатақхана мәселесі шешілмеген, оқушылар алыс-жақыннан жаяу-жалпылап, қатынап оқиды. Түйе немесе атпен келудің де мүмкіндігі жоқ. Осындай қиын-қыстау кезеңдер де Әзағаң балалардың ортасында жүрді. Біреулерін алып келеді, қайсысын апарып тастайды. Қалай болғанда да шәкірттерінің ойдағыдай білім нәрін ұғынып, оқудан қалмауының жағдайын жасады. Әзағаң өз мамандығын шексіз сүйе білген, оның қыры мен сырын жетік меңгерген шын шебер, бала жанын, оның пәк көңілін, ерекше сезіп түсінетін сүйікті ұстаз, әріптестерінің ғана емес елдің ақылшы ағасы ретінде құрметтелді.

Қатал тағдыр мен алапат соғыстың, одан кейінгі шәкірттер қамы ыссы-суыққа қарамай үзіліссіз жүрістің әсеріме Әзағаң денсаулығы сыр беріп, амалсыздан ұстаздықтан қол үзуге тура келді. Әзірбай Кәрімұлы талабынан таймайтын, жігерлі азамат еді. Соғыстан келісімен Гурьев қаласындағы педагогика училищесін оқып бітірсе, 1955 жылы осы қаладағы мұғалімдер институтына түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын алды. 1959 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанша Орлы ауылдық кітапханасының меңгерушісі қызметін жоғары деңгейде атқарды.

Олай дейтініміз Әзағаң бұл рухани мекемені жұртшылықтың қазыналы орталығына айналдырды. Сөйтіп, оқырмандар көп, саяси-тәрбие, үгіт-көпшілік жұмыстарының өнегелі отауы болды. Кітапхананың іс-тәжірибесі облысқа, ауданға таратылды. Бұл қызметке ауысқаннан кейін Ақтөбе қаласындағы мәдени ағарту училищесінің кітапханашы бөлімін үздік бітірді. Оның шәкірттері Ленин орденді, хирург дәрігер Бекбай Бимаганов, белгілі ғалым Уалитхан Қожахметов, айтулы ұстаздар Салауат Фазылов, Әдиет Өтебаев, Ғалім Қуанғалиев есімдерін ел жақсы біледі. Әзірбай Ахметқалиев қырық үзбестен ауылдық Кеңестің депутаты, облыстық бірінші. екінші мұғалімдер съезінің делегаты, аудандық партия конференцияларының бірнеше рет делегаты болып сайланды.

«Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, «Жарыс үздігі» төс белгілер, республикалық, облыстық, аудандық Құрмет грамоталары мен марапатталды. Ең бастысы – Әзағаңды елі мәпелеп, ардақтады. Өйткені, ол халқымен біте қайнасқан, қапалғанды демеген, қандай жағдайда да ақыл-парасатымен сүйген, жақсылықты бағалай білетін, кең құшақты, қарапайымдылығымен кемерленген – әз Азамат болды. Әзағаңның сенімді серігі, зайыбы Бисенғалиқызы Салима да – Алтын құрсақты Ана, мейірім шапағатымен ауылдастарының құрметтісі атанған ізгілікті жан. Әзағаң екеуі ұзақ жыл ғибыратты ғұмыр кешті, дүниеге 6 перзент әкелді.

Үлкен ұлы Ерболат ауылшаруашылығы мекемелерінде инженер, бас инженер қызметінде болса, одан кейінгі ұлы Нұрлан – темір жол саласының маманы, Ақтөбе қаласында тұрады. Қыздары Сара – ұстаз, Нурия мен Тамаша да – қызметкерлер, бәрі де отбасылы. Ал, кенжесі Озат – жоғары санатты дәрігер, ауданға белгілі денсаулық сақшысы, беделді азамат. Окініштісі бүгінде Ерболат пен Сарасы бақилық болған, бірақта ұрпақтары өсіп, жетілуде. Әзағаңның шаңырағының өрісі кеңейді.

Қазірде он немере мен тоғыз жиендері Ата дәстүрін жалғастырып, киелі шаңырақтың мәртебесін арттыруда, олардан өрбіген нементай, шөберелерде ержетіп, өркендеп келеді. Абыздығымен елін-ауызына қаратқан, шешендігімен шерліні жұбатқан, айбарлы да айбатты, кемел келбеті Әзірбай Кәрімұлының дара тұлғасы уақыт өткен сайын биіктеп барады.

Жұмақай Ғұмаров,

ардагер ұстаз – журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT