Агроколледж студенттерімен кездесті

Студенттермен кездесу
Студенттермен кездесу
(0 Votes)

Аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының басшысы, академик, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінде болып, студенттермен, ұстаздармен кездесті.

Кездесуге ақын-жазушы, аталған клуб төрағасының орынбасары, Қазақстанның Құрметті журналисі Таңатар Дәрелов, клуб мүшелері Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов, аудандық музейдің директоры Жазира Хайрошева қатысты. Аталған кәсіптік оқу орынының директоры Болатбек Өтегенов шараны ашып, агроколледж тарихын қысқаша таныстырып, клуб мүшесі, модератор Қадырбай Жармұхамбетов қысқаша кіріспе сөз сөйледі.

a

«Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы:

– Тарихымызды білуіміз, салт-дәстүрімізді қастерлеуіміз, дүние жүзінде көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын жерді бізге мұра еткен ата-бабаларымыздың ерлігін мақтаныш тұтуымыз қажет. Одақ тұсында жазылған қазақ халқының тарихы пышақтың жүзіндей жұп-жұқа еді. Одан көп нәрсені біле алмайтынбыз. Мысалы, ежелгі грек ғұламалары Платон, Сократтармен пікір таластырған, олардан кем түспеген түркі Анахарис деген ұлы адам болғанынан бүгінгі ұрпақ хабарсыз. Қазір Қазақстанның әр жерінен алтын адам табылуда. Осының өзі бізде озық мәдениет, дамыған зергерлік өнер болғанының айғағы. Еуропаның қай елінен алтын адам шықты? Қазақстанның тарихы солай жазылғаннан кейін, ауданымыздың оған енбейтіні анық. Бізде де Еділ бойында өмір сүрген Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз сияқты тұлғалар бар. Оларды ғана емес, Ыбырай Алтынсариннен бұрын 1841 жылы 6 қазанда мектеп ашқан Жәңгір ханды да Одақ тұсында аузымызға алғызбады. Ресейдің І Петр патшасы кезінде экспедиция шығарып жеріміздің барлық қорғандарын қаздырып ондағы алтындарды алып кеткен. Оған біз Азғыр өңіріндегі қорымдарды қаздырғанда көз жеткіздік. Сол Азғыр өңірінде ас тұзы болғанын, оны үлкендеріміз пайдаланғанын да қазір кім біледі? Ол тұзды бірінші қолданғандар ағылшындар, ал, дүкен ашып қызығын көрген армяндар. Пайдасы болмаса, олар тұзға көңіл бөлмес еді. Ертеде Азғыр тұз таулары болған соң Ақтау деп аталған. Бүгінгі атауын бертін келе алды. Сонымен қатар, ауданымызда 118 түрлі шөп, 50-ге жуық балық түрі бар. Қазір көп елде кездеспейтін тұңғиықгүл (лотос) Шағырлының ескі көпірінің астында өсуде. Оларды қорғау – міндетіміз. Қазақстанның ескерткіштері мен тарихи орындары, қасиетті жерлері туралы шыққан кітаптарға ауданымыздан бір-екі нысан ғана енген. Міне, осындай олқылықтардың орынын толтырайық, кейінгі ұрпақты құлдық санадан арылтайық, туған жерінің тарихын, онда өткен адамдарды еске алсын деп осындай клуб құрдық. Алдағы уақытта Құрманғазы ауданының қасиетті және көрнекті жерлерінің картасын жасап, оны туристік маршрут картасына енгізгелі отырмыз. Өткенімізді түгендеп, бүгінгі тарихымызды ғылыми тұрғыда дәлелдеу үшін жұмыстанып жатырмыз, – деп, осында клубтың тобын құру мақсатымен келгендерінен хабардар етті.

Аталған клуб төрағасының орынбасары, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, ақын Таңатар Дәрелұлы жоғарыда аталған энциклопедияның І және ІІ томы жайлы әсерлі әңгімеледі. Бұған дейін майдангерлер туралы кітаптар шыққанымен, тылда ерлердің орынын басқан, жол салу сияқты ауыр жұмыстар жасаған аналарымыз елене бермегенін айтты. «Киелі мекен – қасиетті өлке Құрманғазы» кітабының ІІ томына олар да енгізілген. Көп нәрсе қамтылған бұл кітап рухани қазынамыз, Қазақстанның байлығы деген тоқтамға келді. Сондықтан, Қазақстанның сирек кездесетін кітаптар қорына қабылданған. Қазір үшінші томы дайындалу үстінде екенін, ол Тәуелсіздік жылдарындағы ауданымыз жайлы болғанымен қалып қойған аналардың есімдері кіргізілетінінен хабардар етті. Аудандық музейдің директоры Жазира Хайрошева «Өренді өлкетанушы» клубы Өмірзақ Қажымғалиұлының бастамасымен 2020 жылы аудандық музейдің жанынан құрылғанын, бүгінде 27 мүшесі, 19 мектепте топтары барын айтып, ережесін колледж директорына табыстады.

agrokolledzh-studentterimen-kezdesti

Студенттер тарапынан «Киелі мекен – қасиетті өлке Құрманғазы» кітабына қатысты сұрақтар қойылды. Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің ұстазы Мұратқали Оразов орталарына келіп осындай кездесу өткізген клуб мүшелеріне ұлтжандылық танытып, үлкен еңбек жасап жатқаны үшін ризашылығын білдірді. Кәсіптік білім ұясының директоры Болатбек Өтегенов оларға аграрлы-техникалық колледждің 60 жылдығына орай шығарылған кітапты естелік ретінде табыстап, мұнда құрамында 6 адам бар «Өренді өлкетанушы» клубының тобы құрылатынын, алға қарай оған білікті ұстаздар мен студенттер де тартылатынын қаперге берді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT