«АДАСҚАНДАР» АДАСПАУҒА ШАҚЫРАДЫ

(0 Votes)

Жастар арасындағы діни сауатсыздық, олардың жат ағымдардың ықпалына түсуі қандай қасіретке соқтыратынын С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Орлы халық театры қойған, Кеңес Жұмабековтың «Адасқандар» драмасы айдай анық көрсетіп берді.

i

Драматург жастардың адасу себептерін, діни сауатсыздық құрбандарының аянышты тағдырын барынша ашық жеткізген. Қойылым жастарды діни жолға түскенде адаспауға шақырады.

i

Драма желісіне оралсақ айрандай ұйып отырған бір отбасының шаңырағы шайқалып, керегесі сөгіледі. Оған себеп Асан қарттың (Берік Жұмағазиев) жалғыз ұлы Баянғали (Әнуарбек Қартжанов) мен келіні Нұргүлдің (Гүлдана Хасанова) жат ағымдардың уағызын тыңдап, жетегінде кетуі. Оларды азғырушы Мәлік (Нұрхат Бралиев) есімді жігіт өз мақсатына қоғамымызда орын алған келеңсіздіктерді, уақытша қиындықтарды шебер пайдалана біледі. «Аллаһ тағаланың қаһарынан жер ананы сақтап қалуымыз керек бауырлар. Бүгінгі таңда жер шарының әр түкпірінде бұрын соңды болмаған аурулар тарап, даламызда киіктер жұттай қырылып, ал, адамдарымыз алауызданып бірікпей болашақтан алшықтап барамыз. Бұның бәрін тоқтататын ислам екенін бүкіл адамзат мойындап отыр. Әлгінде бейнетаспадан көрдіңіздер Қазақстаннан кеткен отандастарымыз қалай өмір сүріп жатқандарын. Егер де Араб еліне барамыз, дін жолына түсеміз, кінәларымыздан тазарамыз дегендерге біз әруақытта қол ұшын беруге әзірміз», деп үгіттейді. Арабтың бір елінде оқып келген Баянғали: «Араб етіне аттанып барамыз бауырлар. Біздің елдің азып-тозғаны соншалық жамандықтың бастауы арақ қанымызға сіңіп, таңғы оразамызды сонымен ашатын халге жетіппіз. Елімізде қыздарымыз жасанды түсік жасаудан басқа елге қарағанда алдыңғы қатарда. Үйленуден ажырасу басым. Ең сорақысы шет елге балаларын сатып жатыр», деп оны қостайды. Жалғыз Жарқын (Болат Бидоллаев) есімді дәстүрлі дінді ұстанушы ғана оларға қарсы шығып: «Баянғали мырза! Сіздің мынауыңыз битке өкпелеп тоныңды отқа жағу. Ертең бәрі де орнына келеді, тек шыдамдылық керек.Сіздер жастарды дін жолына тәрбиелейміз деп теріс ағымға кетіп бара жатсыңдар. Анау көрсетіп жүрген бейнетаспаларыңды отандастарыңды адастыру үшін насихаттауға ақша беріп түсірмегеніне кім кепіл. Бұл барып тұрған арандатушылық. Мәлік мырза сіз біздің елге жастарды әлемдегі жоғары оқу орындарына араб тілінде дайындаймыз, мұсылмандықты уағыздаймыз деп келгенсіз... », дейді. Мұны тиісті жерге айтып, шарасын алатынын жеткізеді.

i

Осылайша шиеленіскен драмада Асан қарттың жат жерден жақсы өмір іздеп жарға жығыласыңдар деген сөзіне келіні Нұргүл де қарсы шығады. «Иә, әке... Есеп шотты банктен сол жақтан ашамыз. Ақшаларыңызды доллармен аударып тұрамыз және келесі келгенде үй сатып аламыз. Солай ғой Баянғали», дейді ол жақта өздерін тамаша өмір күтіп тұрғанына үлкен сенім артып. Ақыры Асанға немересі Азатты (Ерасыл Есенгелді) тастамай, қарттың көз жасына қалып үшеуі араб еліне бір-ақ тартады. «Бақсақ бақа екен», дегендей, мұнда бәрі де бейнетаспадағыдан мүлдем өзгеше болып шығады.Төртінші көріністе содырлар Баянғалиға қолға түскен орыс журналисі, Мәскеуде өзімен бірге оқыған курстасы Сашаны (Бауыржан Рахимов) атып тастауды бұйырады. Саша мұнда анасының айтқанын тыңдамай, әйелі мен баласын тастап келген екен. Екі дос жылап көрісіп, қателіктерін түсінеді. Бір-біріне қол көтеруге дәттері бармай, журналист өзін-өзі атады. Онсыз да үлкен қателік жасағанына өкініп жүрген Баянғали оның өліміне қатты күйзеледі. Бесінші көріністе Қазақстаннан келген делегация (Ерболат Дүйсенов, Артур Фазылов, Ербол Зұлхарнаев) жат ағым жетегінде жүргендерді елге қайтуға шақырады. Олармен бірге Азат кетеді. Мұны көрген содырлардың басшысы ашуланып, Дүлей (Қадыржан Хасанов) мен Хасанға (Бақытжан Сариев) баланың ата-анасын атып өлтіруге бұйырады. Өлімнен басқа жол қалмағанын ұққан Баянғали қоштасуға берілген мұрсатты пайдаланып: «Жылама, жылама күнім. Ата-ананың тілін алмаған, ақ сүтін ақтамаған мен кінәлімін бәріне. Кешір Нұргүлім кешір», дейді егіліп, Нұргүл оны:«Жо,жоқ жаным сен кінәлі емессің. Тек сен бізді асырауға тырыстың ғой», деп жұбатады. Атасына Азат ғана қайтып оралады. Мұның бәрін жастарымыз адаспасын, осы драмадағы қателікке ұрынбасын деген мақсатпен келтіріп отырмыз.

i

Талай мәрте көрермен ықыласына бөленіп жүрген Орлы халық театры ұжымының өнеріне тәнтіміз. Кейіпкерлерді, олардың басындағы қасіреттерін шынайы сомдап, образға енгені сонша, көзге жас үйіріліп, жаның жабырқайды. Бойыңда адасқандарға деген аяныш сезімі ұялайды. Мұның өзі актерлік шеберлік. Себебі театр әртістері түрлі сала мамандары. Нағима Хасанова (Бағила), Әсел Қапизова(Кәмшат), Талқан Молдашев, Ақмарал Кенжеғалиева (жамағаттар) ойнаған рөлдер де өз дәрежесінде шықты. Орлы мәдениет үйінің директоры Ерболат Сұлтанов бұған дейін бұл драманы Еңбекші, Мақаш, Сафон, Байда, Шортанбай, Дыңғызыл, Ақкөл, Нұржау, Құрманғазы, Орлы ауылдық округтерінде қойғандарын жеткізді. Енді алға қарай Құрманғазы агро-техникалық колледжінде көрсетпек ойлары бар. Еңбекші, Ақкөл, Сафон, Байда,Нұржау округтерінде көрермендер көп жиылыпты. Бізде аз болғаны көңілді қынжылтты. Драма соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев сөйлеп, театр ұжымының өнерін жоғары бағалап, ризашылығын білдірді.

i

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521