Абыройлы ақсақал еді

(0 Votes)

1974 жылдың қазан айында «Коммунизм жолы» совхозы комсомол ұйымының хатшылық қызметін тапсырып, аудандық «Ленин жолы»газетінің фототілші қызметіне орналастым.

Жаңа жұмыс істейтін жерімде бірінен –бірі озған ауданымыздың мықты азаматтарына тап болдым. Газеттің редакторы Тұрғанбай Хамеденов, редактордың орынбасары Қисым Ғұмаров, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Құрыш Елемесов, хат бөлімінің жетекшісі Идаят Ажығалиев, тілшілер Сәбит Қасымов, Жұмақай Ғұмаров, корректор Сәбит Есенқұлов, іргелес баспахана басшысы Мұса Досжанов, цехта жұмыс істейтін оншақты кыз-келіншектің ортасына келдім. Жаңа қызметкерге жан-жағынан ақыл айтатын азаматтар мол болды. Көбіне-көп қолында аса таяғы бар, шашы түгелге жақын аппақ Мұса аға мені баласындай қамқорлай бастады.

Редакция, баспахана бастауыш партия ұйымында ай сайын жиналыс болып тұрады. «Адам сөйлескенше, жылқы кісініскенше дегендей, кімнің-кім екендігі сөйлеген сөздерінен білініп тұрады ғой. Кейін жиі әңгімелесе келе, менің әкем Айтжанов Құсайынды жақсы білетініне көзім жетті. Досжанов Мұса аға 1939 жылдары Карел-Фин соғысына қатысып, кейін ауылға қайтайын деп тұрған уақытта неміс фашистері тұтқиылдан шабуылға шыға салғанын ауыр өкінішпен әңгімелеп отыратын. Сөйтіп, бас-аяғы 7-8 жыл қан майданның ортасында болғанын ештеңе болмағандай айтатын. Мерекелік күндері кеудесі тола орден-медальдарын тағып шыққанда үлкен-кіші, бала-шағаға дейін сүйсініп қарайтын.

1945 жылы елге оралып аудандық қамсыздандыру бөліміне, кейін әлеуметтік қамсыздандыру (Райсобес) мекемесінде 8 жыл жұмыс істеп, аудандық «Ленин жолы» редакция баспаханасының басшысы боп 20 жыл салиқалы еңбек етіп, абыроймен зейнеткерлікке шықты. Зейнет жасқа жетсе де 1982 жылы ақпан айынан бастап аудандық ардагерлер кеңесіне ақысыз жетекшілік жасады. Кейін 1986 жылы аудандық музейді қолға алып денсаулығы сыр бергенше 4 жыл бойы қор жинап, басшылық жұмысын абыроймен атқарып шықты.

Сонымен қатар, Мұса аға үлгілі жанұя басшысы бола білді. Ұлдары Өмірбек, Саттарбек, Сыналбек, қыздары Сәуле, Сара, Сұлушаштың жоғары білім алуларына жағдай жасады. Мұса Досжанов 1965 жылы Ұлы Жеңістің 20 жылдығына орай Ұлы қолбасшының бірі Г.К.Жуковтың қолынан медаль алған.Сол сияқты соғыс кезінде «За взятие Будапешта» медалі, бірінші және екінші дәрежелі ордендермен марапатталған.

Мұса аға көзі тірісінде 2005 жылы «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болып, қолға куәлігін алды. Ол айналасындағы адамдарды өзіне баурап отыратын. Сондай ел ағаларының бірі абыз ақын Әбу Сәрсенбаевпен достық қарым-қатынаста болды. 1977 жылы кіші қызы Сұлушашты оқуға Өскеменге алып бара жатып, Алматыдағы Әбу Сәрсенбаев атаның үйіне екі күн қонақ болып, сырласып, майдандағы көргендерін еске түсіріп, әңгімелескендерін өз көзіммен көре қалдым. Себебі, сол жылдары мен Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы едім. Мұса аға өмірінің қандай кезеңінде болсын, адамдармен тіл табысып, ақыл-кеңесін беруге дайын тұратын. Баспахананы басқарғанда қарауындағы адамдарды адал еңбекке баулыды. Өмір бойы халыққа жасаған жақсылығына сай, ол кісіге ұзақ өмір бұйырды. Жамбыл жасына 2-3 жыл жетпей ұрпақтарымен бақытты өмір сүрді.

Күні бүгін Мұса ағаның ұл-қыздары ауданымыздың орталығы Құрманғазы ауылында өмір сүріп жатыр. Мұсекеңнің өмірін жалғап жатқан немере-шөбере, жиен-жиеншарлары да жетерлік. Сөз соңында айтарым, Ұлы Отан соғысының және Еңбек ардагері, бірнеше орден медальдардың иегері, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Мұса Досжанов ағамыздың құрметіне аудан орталығынан бір көшеге есімі берілсе екен деген тілегім бар.

Қыдырсиық Құсаинов,

зейнеткер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521