Ақын жүректің лүпілі сезіледі

(0 Votes)

«Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын, жұмекентанушы Есмұхан Жанизиннің «Азғырдың ақындары», «Сахара» атты екі кітабы жарық көрді.

Алғашқысында автор Нарын құмы, Азғыр өңірінен шыққан ақындардың өлеңдерін кітап етіп шығаруға қолдау көрсеткені үшін аудан әкімі Бибоз Шаяхметовке, Асан ауылының тұрғындары Серік Сариевке, Сағидолла Әліповке, Жасталап Мусинге, Гүлім Қабдражитоваға ризашылығын білдіреді. Мұнда от ауызды, орақ тілді, семсер сөзді қыр бойының ақындары Сисекен Қамиденовтің, Сұлтанмұрат Зейноллаұлының, Аманғали Құттықадамовтың, Қожантай Қайырлиевтің, Көзбол Тоғжановтың, Қайырлы қажы Жолманұлының өлеңдері топтастырылған. Бұлардың ішінен екі рет қажылыққа барған, 1824-1899 жылдары ғұмыр кешкен Қайырлы қажы өлеңін діни тақырыпта жазған екен.

Үш айда қанды суды жан етеді,

Бес-алты ай жүзі болса тән етеді.

Сол тәнді қимылдатып, қозғалатын,

Баланы құрсақтағы жан етеді.

Он айда тар құрсақтан тапқызады,

Бала үшін емшек сүтін аққызады,

Тамырда ұйып жатқан тамшы қаннан,

Сүт қылып сол балаға татқызады, - деп Құранда адамның дамуы туралы жазылған, бүгінде ультра дыбысты зерттеу аппаратымен дәлелденген ақиқатты жырға қосқан. Басқа ақындар өз заманындағы қиындықтарды, тіршіліктің түйткілдерін өлеңдеріне арқау еткен.

Автордың «Сахара» атты кітабына жазған алғысөзінде жерлесіміз, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Гүлзада Ниетқалиева: «Есмұхан өлеңдерінен сары даланың самалы еседі. Ел мен жер тағдырына алаң ақын жүректің лүпілін танытатын өлеңдердің кейіпкері – сол сахараның аты аңызға айналған перзенттері. Сонымен қатар, ақын даланың желінен аңыздарға қанығып, құмда өскен құмаршықтан сыр тыңдайды. Көріктеу құралдарына келер болсақ, метафора, кейіптеу, метонимия, эпитет пен терең теңеу өте көп» дей келе, «Ақ шағыл Жұмекен» дастанын жоғары бағалайды. Кітапқа осы дастанмен қатар «Мұңды махаббат», «Ермеков пен Қонаев» атты балладалары, бір топ өлеңдері енген. Ақын жанының тебіренісі қыр бойының сұлу табиғатын, ақкөңіл адамдарын суреттеуде айқын байқалады. «Қой күзеті», «Құмаршық. Құм, ар, шық», «Қара қаңбақ», «Қыр қияғы», «Сарша тамыз. Сары құм» және басқа да өлеңдері оқырманын бейжай қалдырмайды. Көңіліңе әлдебір қимастық сезімін ұялатып, жаныңды өткен күндерге деген сағыныш лебі желпиді. Есмұхан ағамыздың екі кітабы да оқырман көңілінен шығарына сенімдіміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521