Ақпан қаһарына мінді

(0 Votes)

Бабаларымыз бұрын бұл айды «Жақсы болса құт, жаман болса жұт», деп айтып, сақтандырып отырған.

Өйткені бұл кезде мал жүдейді, жемшөп азаяды. Қыс та көбіне қаһарына осы айда мінеді. Ақпан айының өзі «ақ ықпа», деген сөзден шыққан. Қатты суық, аяз, үскірік, дүлей борандар ақпанда басталады. Соның дәлеліндей міне, айдың екінші жартысынан асқанда күн қатты суытып, қойын-қонышыңды шарлайтын өткір жел тұрып, ауа райының берекеті қашты. Күні кеше ғана көктем шығып қалғандай сезілсе, енді ол қыстың көзбайлауы сияқты көрінеді.

img-20210224-wa0008

«Тосын сыйын» соңына сақтаған екен. Бүгін таңертең температура -26С аязды көрсетіп тұрды. Жел оны одан сайын көтере түсетіні айтпаса да түсінікті. Ұйытқып соғып, бетті қарып, көзді жасауратады. Бұған алдыңғы күні бұршақ жауып көктайғақ болғанын қосыңыз. Жолдарымыз тазаланғанымен, адамдар жүретін жерлерде әлі де мұздақтар жатыр.

img-20210224-wa0007

Аяқтарыңыздың астына қарап, сақтанып жүрмесеңіздер, жазатайым құлап, жарақат алуларыңыз бек мүмкін. Сондықтан, қазір жолға шыққанда сақтанбаса болмайды. «Асыққан жетпес, бұйырған кетпес», дегендей, мүмкіндігінше алыс сапарды кейінге қалдыра тұрған дұрыс. Қыс қаһары қашанға дейін созылары белгісіз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Бір-екі жыл мұндай аяз болмағаны арқаны кеңге салып үйреніп қалғандарға, мал-жанға ауыр тиіп отырғанын түсінеміз. Мал қараймыз деп боранда қалып қойып жүрмеңіздер. «Сақтансаң сақтармын», демей ме халық даналығы төрт түліктің жайын білуге шыға қалсаңыздар қабат-қабат киініп алған артықтық етпейді. Байланыстан тыс жерге ұзамаңыздар. Осыдан біраз жыл бұрын «Мақаш» ӨК шопаны Нұргүл Сұлтанғалиева дәл осы ақпан айында мал бағып жүргенде қарлы боран басталып, төрт күн адасып, өмір үшін арпалысқанын кезінде жазғанбыз. Сондықтан сақтық шараларын сақтауды тағы да бір рет естеріңізге салып қоюды жөн санадық. Біз үшін сіздердің өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңыз баға жетпес қазынамыз қадірменді ағайын!

Редакция

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521