Ақ кимешек астынан сені көрем...

(2 Votes)

Қазақ қоғамында әулетті тура жолдан тайдырмай, дұрыс тез­ге салуда, жеткіншектерді жас­­тай­ы­нан адами келбет ауанынан алыс­татпай тәрбиелеу үрдісінде ақ жау­лықты «әжелер мектебінің» алар орны қашан да бір төбе бол­ған ғой.

Әжелер – барлық тәрбиенің, бар­лық құндылықтың бастауын­да тұ­рады. Әрине, ежелден қазақ халқының нәзік жан­дылары таққа отырып, ел бас­қар­маған, ерінен бұ­рын сөз бас­тамаған. Осылайша әжелер өнегесі – ұрпақ­тан-ұр­паққа ұласып, ғасыр­дан-ғасырға жалғасатын тәрбие­нің таусылмас қайнар көзі болып саналады. Бұл – ұлттық бол­мы­сымызға тән қасиет әрі құндылық. Бесіктен тамыр тартқан тәр­бие келе-келе әже мен немере ара­сындағы көзге көрінбейтін нәзік бір байланысқа, екеуі жазбай тү­сінетін ортақ психологияның қалып­тасуына алып келген. Обал, са­уап, ынсап, парыз, аманат, бо­рыш, қанағат секілді ұғ­ымдар ма­ңы­зының айқындалып, бала санасына тереңнен сіңуіне де әже ық­палының айрықша бол­ғаны да айдан анық. Яғни әрбір отбасын­да­ғы әже тұлғасы – ұлы өнеге бұлағы.

Қазақ отбасында әжелердің орны ерекше әрі қадірлі болған. Әлі де солай. Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы болып, ағайын-туыстың ауызбірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі атанған. Өз балаларын бағып-қағып азамат етіп тәрбиелеген соң, немере-шөберенің тәрбиесімен айналысып, оларды қызғыштай қорып, бар мейірімін төгеді.

Қазақ қоғамының сүт бетіндегі қаймағындай болған азамат­тары­ның, тарих парағына есімі өш­пес­тей етіп қашалған тұлға­лар­дың қа­лыптасуында да әжелердің сіңірген еңбегі зор болған ғой. Мұхтардың әжесі Дінәсіл­дің ұрпағына берген тәлім-тәр­биесі мен рухани мұрасы тау­сыл­мас қазына емес пе еді? Ел тарихында бір рулы елге ана болып, ел бірлігін сақтап келген Домалақ ана, Абайдың әжесі Зере секілді әжелердің бейнесі аңыз-әңгімелерде, әдеби шығармаларда сомдалған. Абайдың әжесі Зеренің азан шақырып қойған аты – Тоқбала екенін біле жүргеніміз жөн. Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары «кәрі әже» деп атаған. Ақылды, зейінді, мейірімді Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, оны Абай деп еркелеткен. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізген. « – Е-е… Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен?» деп басталатын Абайдың әжесі – Зеренің ұлағатты әң­гімелерінің өзі неге тұрады десеңізші?!

М.Әуезовтың атақты «Абай жолы» романына соғыс жылдары Б.Момышұлы жоғары баға бере отырып былай деген екен: «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы. Аналық сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген». Шоқанның әжесі Айғаным Сарғалдаққызы үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ақылы сай, білімді, парасатты әйел болған. Әрі жасөспірім Шоқанның өз құралпыластарына қарағанда сана-сезімінің ерте оянып, рухани әлемінің асқақ болып қалыптасуына айтулы ықпал еткендердің бірі – Айғаным. Ә.Марғұланның «Айғаным Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деуі сондықтан. Яки, болашақ ғалымның сан-салалы ілім мен ғылымның қайталанбас қайраткері болып қалыптасуына жасынан бойына сіңірген жан-жақты тәлім-тәрбие мен туып-өскен ортасының да игі әсері тиген. Қазақ халқының маң­да­йы­на біткен асыл ұлдарының бірі Шо­қан Уәлихановтың аза­мат­тық бол­мысының өз тұстас­тарының ара­сынан дараланып шығуына, ішкі күш-қуаты мен асқақ рухының ерте жетілуіне, көкірек көзінің ашық болуына оның әжесі – Айғаным­ның берген тәрбиесі айрықша ықпалын тигізді.

Әжелер өнегесі мен олардың тәлім-тәрбие ұрығын себуші, ұлт­тық салт-дәстүрді кейінгі ұр­паққа аманаттаушы ретіндегі еш­кім қай­талай қоймайтын, алмастыра ал­май­тын бейнесі XVI-XVIII ғасыр­ларда-ақ айқындалып қойған емес пе еді?! Бұл мысал­дар­дың барлығы – ақ жаулықты жан­дардың ұлағатын айна-қатесіз көр­сетеді. Де­мек, ұр­пағын жаза басудан сақ­тан­дырып, қайта өнеге­сі­мен өрісін кеңейткен әжелер бол­ған, келешекте бола да береді.

Осындай ақ жаулықты,алтын құрсақты асыл жандардың қатарына өзімнің әжем – Аубекерова Жамиға Нәдірқызын да атап айтсақ артық болмас. Ол бір әулеттің ынтымақ-бірлігін уысында ұстаған, ауылдың ырыс-берекесіне мұрындық болған, балаларын ел азаматы деңгейіне жеткізіп, өрелі немере-шөбере, шөпшек өрбіткен асыл ана. 5 ұл,6 қызды дүниеге әкеліп,шаңырақ шеңберін кеңейтті. Бір ғасырға жетпес өмірде бір ғасырлық өлшемнен астам ұрпақты өсіріп жеткізу әркімге бұйыра бермес бақ. Тәубесінен жаңылмай, тәуекелінен тайынбай бір әулеттің көшін өрге тартқан қажырлы жан. Жарқын жүзінен шуақ шашылған, жүрегі махаббат пен шапағаттан жаралған әжем марқұм ақ батасымен, шын пейілімен ұрпағының тілеуін тілеп, айналасын мейіріммен нұрландырып отыратын. Арайлап атқан таңмен жарыса тұрып, Алладан ұрпағының амандығын тілеп, ырызғысын сұрап, күндіз дастарқанға берген ықыласында да алақан жайып несібесін тілеп, жатарда да осы тілегін қайталап айтып жүретін. Намазын қаза қылмаған әжем, Аллаға мінәжат жасап, тынымсыз тірлігімен отбасы ырысын қамдап, ауылдың берекесін байырқалатты. Атам Рысқалиев Сайыппен жұбайлық ғұмырын бірге кешіп, өмірдің жарқын белестерін бірге аттады. Ұрпақтарының қазіргі күнде саналы да білімді боп өсуіне де осы жандардың зор ықпалы бар. Неге десеңіз, атам мен әжем 40 жылдық ұстаздық мектептің қара шаңырағында қайнап бітіскен, тәжірибелері мол өнегелі жандар. Өз заманының көзі ашық тұлғалары боп,биік тұғырдан көріне білді. Он бір баласын баптап, өсіріп, түзде педагогиканың қыры мен сырын шертсе, үйде қазан ошақтың қамын тыңғылықты еткен әжем-нағыз майталман. Атам зұлмат соғыстың зардабын көзімен көріп,ерлігі елу елдің құлағына жетіп жатса, әжемнің де сол заманның майдангері болғанын айта кеткеніміз жөн.Бірі майданда жүріп жанкешті соғыстың жауынгері болса,бірі мылтықсыз соғыстың еңбеккері. Иә,оқтың азабынан,жоқтың азабы кем соқпаған тұста әжем тыл майданында маңдай тері кепкенше еңбек еткен. Олар маңдайдан тер,көзден жас ақса да өз жұмыстарына бекем болды,жарғақ құлағы жастыққа тимей,күн қатып,түн қатып сарыла еңбек етті. Шаңырағын шайқалтпай,таза сезімнің жылуымен жағылған ошақ отын сөндірмей, балаларына қамқор бола білді. «Тылдағы еңбек болмаса,майданда жеңіс те болмас еді» деген хас батырымыз Бауыржан Момышұлының сөзі Ұлы жеңіске жетелеген ерліктің үлесіне әжемнің де еншісі барын көрсетпей ме?

Әжемнің имандылығы, ізеттілігі, қайырымдылығы, талғампаздығы, ұқыптылығы мен іскерлігі күнделікті тірлікте көз алдарында болғаннан соң да, адами қасиеттер ұрпағының ой-санасына қонақтап, қазақы дүниетанымның қалыптасуына ық­палын тигізгені ақиқат. Бала жүрегін баурап та, жаулап та алатын қызықты әңгімелер, аңыздар, ертегілер, жаңылтпаштар, ауыл шежіресі, туған жер тарихы мен табиғатынан сыр шертетін танымды әңгіме ұрпақтарының сана-сезімінің өрелі қалпын сомдағандай. Менің тұлғалық шыңдалуыма,өрісімнің кеңеюіне әжемнің кішкентайымнан құлағымның құрышын қандырып айтатын әңгімелері әсер етсе керекті. Шынында да, зердені табиғат жаратқанмен, оны шыңдайтын отбасы тәрбиесі, өмір тәжірибесі. «Төрге үйренген, төрге ұмтылады» деп, ұрпақтарын қасынан қалдырмай дастарқанның төріне отырғызатын әдеті-тәрбиенің тәлімгері емес пе?! Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын да, өмір көшінің көрігін қыздыратын да ерекше жаралған тұлғалар. Біздің әулеттің көш салтанатына көрік берген болмысы бітік, аналық рухы биік менің әжем еді деп нық сеніммен айта аламын. Әжемнің бейнесі мәңгі есте, оны уақыт аласарта алмайды.

Ұрпақ жалғастығының алтын көпірі болған асыл әжеме немерелік пейіліммен бас иемін! Сайыпова Мәдина Болатбекқызы ҚазҰПУ,филология факультетінің 4 курс студенті «Сырғалым» қыздар клубының мүшесі

Сайыпова Мәдина Болатбекқызы

 ҚазҰПУ,филология факультетінің 4 курс студенті

«Сырғалым» қыздар клубының мүшесі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521