АӘК тағайындаудың жаңа тәртібі

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмаларын орындау мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа мемлекеттік атаулы әлеуметтік тағайындау тәртібі өзгергені белгілі.

Осы орайда аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне хабарласқанымызда төмендегі мәліметтермен бөлісті.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабының 1-2-тармағына сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасы құрамы Заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес айқындалады. Оны алуға үміткерлер атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкіміне жүгінеді.

Төтенше жағдайларда немесе үйінің болмауы, әлеуметтік бейімсіздік, бас бостандығынан айыру орындарынан келуі себепті тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелмесе тұрғылықты жері бір елді мекен шегінде, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген күннің алдындағы алты ай ішінде уақытша тұрған орны бойынша тіркелумен расталады.

Берілетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін уәкілетті орган жан басына шаққандағы орташа табыс пен отбасы мүшелерінің әрқайсысына қарай белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма түрінде есептейді. Шартты және және шартсыз атаулы әлеуметтік көмек бір тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылданған кезде бір мезгілде бір жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама беру туралы шешім қабылданады және бір шешіммен ресімделеді. Бұл топтамалар атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде бір жастан алты жасқа дейінгі балалары бар, тиісті оқу жылы кезеңінде – орта білім беру ұйымдарында оқитын алтыдан он сегіз жасқа дейінгі балалары бар шартты және шартсыз ақшалай көмек алушылар қатарындағы табысы аз отбасыларға ұсынылады.

Азық-түлік жиынтықтары ай сайын немесе тоқсанына бір рет атаулы әлеуметтік көмек көрсету кезеңіндегі айлық жиынтық санынан кем емес мөлшерде беріледі. Тұрмыстық химия тауарларының жиынтығы тоқсанына бір рет ұсынылады. Бұл ретте баланың жасын ескере отырып, азық-түлік жиынтығының түрі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өтініш берген және оны тағайындау кезеңінде көрсетілетін баланың жасына байланысты анықталады.

Мектеп формасы, спорттық киім және мектепке қажеттті құралдар жиынтығы тиісті жылдың 31 тамыз жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларына жылына бір рет беріледі.

Сондай-ақ, оқу жылы ішінде мектеп күндері оқу орнында бір реттік ыстық тамақтану, жергілікті өкілді органның шешімі бойынша ұсынылатын қоғамдық көлікте (таксиден басқа) тасымалдау кезінде билеттің толық құнының 50 пайызынан кем емес мөлшерде жеңілдікпен жол жүру қарастырылады. Кепілдік берілген әлеуметтік топтамада көзделген көмекті алу үшін адам (отбасы) хабарламаның төменгі бөлігін баланың оқыған жеріндегі оқу орнына ұсынады.

Көмек ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларына сәйкес іске асырылады.

Азық-түлік және тұрмыстық химия тауарларының жиынтығын әлеуметтік топтаманы алушының өтінішінде көрсетілген тұрғылықты жері бойынша қаматамасыз етеді. Ауылдық округтің әкімі немесе ассистент алушыны жеткізу күні, оның түрлері мен көлемі туралы хабардар етуге міндетті. Ал, алушы болса әлеуметтік топтаманың осы хабарламаға сәйкестігін, сондай-ақ «Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі ҚР Заңында белгіленген талаптарға сай екендігін тексереді. Көрінеу жалған ақпарат немесе дәйексіз құжаттар ұсынылса, егер отбасының жан басына шаққандағы кірісі белгіленген кедейлік шегінен асып кетсе кепілдік берілген әлеуметтік топтама беру тоқтатылады.

2020 жылдың қаңтар айында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек бойынша 298 адам кеңес алды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 157 отбасындағы 947 адамға әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде шартты ақшалай көмек алушы саны 140 отбасынан 852 адамды, шартсыз ақшалай көмек алушы 17 отбасындағы 95 адамды құрады. Қаңтар айына 8586,0 мың теңге қаржы төленді. Бір жастан үш жасқа дейінгі азық-түлік және тұрмыстық химия тауарларының жиынтығын алушы 112 бала анықталса, үш жастан алты жасқа дейінгі 129 бала азық-түлік жиынтығын алатын болды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521