Ақкөлді алаңдататын мәселе көп

(0 Votes)

Ақкөл ауылдық округі әкімі Әлімбай Әбдірахман атқарылған жұмыстарды айта келіп мынадай мәселелерге тоқталды.

– Округте 128 кәсіпкер бар, оларда 158 адам жұмыс жасайды. Өткен жылы бір кәсіпкер азық-түлік дүкенін ашса, бір тұрғын өз бизнесін дамыту үшін 6 млн. теңге көлемінде несиеге ие қол жеткізді. Жұмыссыздық деңгейі 4,4%. "Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған бағдарламасы" аясында өткен жылы 145 адам әртүрлі тұрақты, 11 тұрғын маусымдық жұмыстарға орналасты. 4 адам кәсіби оқуға жіберілсе, одан бөлек 11 ақкөлдік «Бастау Бизнес» бағдарламасымен оқып, сертификат алды. 9 адамның әрқайсысы 583400 теңгеден, барлығы 5 млн 250 мың теңге көлемінде грант алып, кәсіптерін ашуда. Жыл басынан бері 5 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жұмысқа тартылды, - деп аудан әкімі берген тапсырмалардың орындалысынан хабарда етті.

akl-esep-beru

Кезек сөйлеушілерге келгенде округ тұрғыны Р.Билялов: – Басталған электр бағаналары мен желілерін жаңарту жұмысы тезірек жүзеге асса екен. Әлі де қисайып тұрғандары бар, кейде жазда да, қыста да жарықсыз қалып жүрміз. Екінші айтайын дегенім, мамыр айынан бастап су азайып кетеді. Егін еге алмай отырмыз. Бізге жазғы су құбыры керек, - деп округ әкімінің жұмысына оң баға берді.

Округ әкімінің жұмысын қанағаттанарлық деп бағалаған тұрғын Е.Қасымов: – Айтқым келгені округ орталығында бұрын теміржол бойын жөндеумен айналысқан мекеменің орыны қараусыз жатыр. Вагондер қоқыс қоймасына айналған. Сол жерді тазалап, адамдар демалатын саябақ жасаса дейміз. Екінші мәселе, ауылішілік жол басталды да тасталды. Осыны қадағалайтын адамдар бар ма? – деп көптің көкейіндегі сауалды тастады. Басқа да сөйлеушілерден округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Юсупов, С.Қабдолов, Т.Мұханбеталиев, Т.Ишанғалиев ауыз сумен қамту, тазалықты сақтау, қорадағы қоқыстарды шығаратын техникамен қамту, егін салуға жер беру және өзге де мәселелерді қозғады. Бұл сұрақтарға қатысып отырған дербес бөлімдер басшылары жауаптарын берді.

Аудан әкімі Марат Мурзиев сұрақтарға берген жауабында: – Электр желілерін ауыстыру тезірек бітуі үшін біздер атсалысып жатырмыз. Осы мәселемен облыс әкіміне де кірдім. Нәтижесінде қаржысы шешіліп, жұмыс басталды. Қаражаттың үлкен бөлігін биыл бөліп жатыр. 16 трансформатр мен 600-ге тарта көше жарықтары орнатылады. Ауылішілік жол 2019 жылы басталып, қаражат бөлінбеген соң тоқтап қалды. Бұл жұмыс та жасалады. Оның сапасын кез-келген уақытта тексере алатын тәуелсіз мекемелер бар. Жұмыстың сапасын және уақытымен жасалуын бақылауға алып отыруды округ әкіміне тапсырамын. Жазғы су мәселесіне келсек, оны тартып беремін деп уәде ете алмаймын. Әуелі сапалы ауыз сумен 24 сағат қамтуды жақсы жолға қойып алсақ, оған кейін ораламыз. Қатты қалдықтарды салатын қоқыс контейнерлерін қоюға болады. Алайда, оларды шығарып тұруға үлкен күш қажет. Экологиялық талаптар қатаңдатылды. Ауданымызда оған рұқсаты бар бір ғана мекеме. Оның аудандағы барлық округтердегі қоқысты шығаруға мүмкіншілігі тартпайтыны белгілі. Ауылдағы қоқысты округтегі трактормен шығару керек. Егін саламыз дегендерге техника мен тұқым алуға, тамшылатып суаруға субсидиялар бар, - деп көптеген мәселелерді шешуге арналған жүйелі, кешенді жоспарлар жасақталғанын қаперге беріп, айтылған ұсыныс, ескертпелер ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521