Ақкөлдегі карантин қалай жүзеге асуда?

(0 Votes)

Ауданымызда шектеу шараларын жеңілдету тұрғындардың бейқамдығына алып келді.

Көптеген адамдар бетперде кигісі келмейді, әлеуметтік қашықтықты сақтамайды, қауіпсіздік ережелерін елемейді. Тыйым салынғанына қарамастан, отбасылық іс-шаралар ұйымдастыру жалғасын табуда. Күні бүгін Ақкөл ауылдық округі аумағында қаулыға сәйкес іс-шаралар жүзеге асырылып, шектеулердің орындалысы қатаң қадағалануда.

aklpost2

Карантиндік режимге орай Ақкөлден кіруге және шығуға тыйым салынды. Ауылдың аудан ортылығымен байланысатын кіре-беріс жолына блок пост қойылып, ол қажетті құрылғылармен жабдықталды. Үлкен цистернаға дезинфекциялық қоспа құйылған автокөлік ауыл көшелеріне, жекеленген ғимараттар маңына, ойын алаңдарына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.

a

Бүгінде ауылдағы өзекті мәселе – ауыз су. Қазіргідей аптап ыстықта тіршілік нәріне зәрулік тұрғындарды қинап тұр. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жандос Бектеміровтің айтуынша ауыз су мәселесі таяу уақытта оң шешімін таппақ. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, ақкөлдіктер оны да күтуге әзір.

a

a

Аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Ақкөл ауылдық округ әкімдігі тұрғындарға әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, карантин талаптарының сақталуы ескертілуде. Осыған орай, халық бір нәрсені түсінуі қажет. Біз бұл пандемияны күнделікті өмірде қарапайым сақтық шараларын (бетперде, қолғап, әлеуметтік ара қашықтық, тазалық) сақтай отырып қана жеңеміз. Және де көпшілік жерде шоғырланбау, ас, той, жиындарды шектеуді уақытша ұстану керек болып тұр. Вирус қолға ұсталмайды, көзге көрінбейді. Дертке шалдығып , сан соғып қалмау үшін әркімнің сақтық шараларын ұстануы – аса маңызды. Бір адамнан басталып, дүйім жұртқа таралатын індетті қатаң тәртіптің ғана жеңе алатынын өзге елдердің тәжірибесі дәлелдеді. Сондықтан бұған мойынсұнған жөн. Бас санитарлық дәрігердің карантин жағдайындағы шектеу шараларына қатысты қаулысының мүлтіксіз орындалуы – тек құзырлы мекемелердің ғана емес, әр тұрғынның тікелей міндеті. Тек бірлескен жұмыстың арқасында COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырып, шектеусіз қарапайым өмірімізге қайта орала аламыз.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521