Ақкөлдегі көлдердің тарихы

(0 Votes)

«Қоян көл»

Ақкөл ауылының оңтүстік батыс беткейінде 4-5 шақырым жерде орналасқан көл. Шамамен 10 шақырым аумақты алады. Мал өсіруге қолайлы болғандықтан бүгіндері көл айнала жағалай шаруа қожалықтары қоныстанған. Тұрғылықты жұрт атауына қатысты былай деп тон пішеді. Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Қоян есімді азамат осы көлдің етегін жайлап, өмір сүріпті. Үш рет қажылыққа барып «Қоян қажы» есімімен дараланған жарықтықтың құрметіне бұл көл «Қоян көлі» атанулы. Ұрпақтарына келсек: Қоянов Мұстах (Жұмекен Нәжімеденовтің атасы, жұбайы Нәсіп Мұстахованың әкесі), Қоянов Әшім, ал, оның балалары Әшімов Абдол – фельдшер, Қабдол Әшімов – жүргізуші.

«Дәуіт көлі»

Ақкөл ауылының солтүстік батыс беткейінде 2 шақырымдай қашықта орын тепкен. 10-12 шақырым көлдің айналасы қалың жыңғыл, жыңғыл түп құнарлы шөпке толы. Сондықтан да төрт түлікке қолайлы қоныс. Өткен ғасырдың басында Дәуіт атты адам мал өсіріп, ауқаттылар қатарына жетіпті, келе-келе байлығы басынан асқан. Маңайдағы елге көп қарасып, талайдың алғысын алыпты. Жақсының есімі жойыла ма, толқыған көлдің ақ шулан толқындары Дәуіт есімін қайталап айтып жатқандай әсерге бөлейді.

«Егінді көл»

Бұл бертініректе пайда болған көл. Осы маңдағы алғашқы колхоздардың бірі – «Жаңа жол» көл етекке қауын, қарбыз, қызаң, қияр, жуа, қырыққабат өсіріп, аудан, ауыл-аумақты қарқ қылып, даңқы жайылған. «Егіндікөл» сол кездегі соры қайнаған ақиық колхозшыларға ырыс көзіне айналған. Сол ел-жұрт таңған атау әлі күнге сақталып, ұрпаққа жалғасып барады.

«Әрусия көлі»

Колхоздар құрылысымен ақ малмен бірге егін шаруашылығына үлкен мән берілген. Бұл көл де ат тұяғы жетпейтін жерде емес. Бірнеше ұжымшарлар көл айнала тары өсіріп, ұзақ жылдар шаш етектен өнім алған. Сол тарыны күзету жылдардан-жылдарға Әрусия деген жауапкершілігі жоғары азаматшаға жүктеліпті. Тары өнімін көздің қарашығындай сақтаған Әрусия күндізді қойып, түнде де ай жарығымен көл айнала тұнық суға көлеңкесін түсіріп жүреді екен. «Аққа – құдай жақ» дегендей қарапайым Әрусияның есімін бүтіндей бір көл әйгілеп жатыр.

«Бура көл»

Айтса айтқандай, жел күндері құтырынып, бұйра-бұйра толқындары бурадай жынын құсады. Оның үстіне дәл көлдің етегінде ұзыннан сұлап жатқан биік төбе бар. Сол төбе алыстан қарағанда шөгіп жатқан алып бурадан ауса не дейсің! Табиғаттан артық шебер мүсінші жоқ, бура төбе, бура көл буырқана күрсініп, бағзы күннің мұң шерін созғылап жатқандай, шіркін!

«Жайын көл»

Ақкөл округіне қарасты қай көлде де балық молынан жетеді. Заман қанша қысқанымен маңайдағы ел қай кезде, қалай аулаудың тәсіліне әбден шеберленіп алған. «Жайын көлдің» ерекшелігі аты айтып тұрғанындай құлаш-құлаш жайын балықтарға бай. Зариф Меңдәлиев есімді әуесқой балықшы бірінде қайықтың өзіндей 4 метрлік алып жайынды түйемен тартып жағаға әзер шығардық деп еді, жарықтық! Үстін түк басқан, семіздіктен шаялаған алып жайындар әлі де мол көрінеді, «Жайын көлде».

«Қамысты көл»

Табиғат дегеннің тылсым сырына түпкілікті жеткен кім бар дейсің? Бұл көл өте ерте пайда болып, айналасы ит тұмсығы батпайды дейтіндей ну жынысты қамыс екен. Ал, қамыстан әрі қып-қызыл сусыма шағылдар, міне кереметіне таң қалмай қараңыз. Маңайдағы ел қамысын орып отындыққа пайдаланған, қора-жай салған. Бертін келе қамысы сирей түскен. Осылай әлі күнге «Қамысты көл» атанып келеді.

«Тортай көлі»

Соғыс жылдарында маңайдағы колхоздар көлді біршама құрғатып, тары егістігіне ден қойған. Сол тарыны сабағынан айырып, жинаған соң қауызынан бөлектеу үшін жылқының аяғына таптатып (тоқ) бастырады екен. Әрбір тоққа 7-8 жылқыны пайдаланады. Солардың ішінен таңдаулы торы тай су ішемін деп барып, тұсаулы күйінде көлге батып өледі. Содан бұл толқымалы көл «Тортай көлі» атанады. Суы нұр, шалғыны қалың осы көлдің арғы-бергі маңы ұзақ жылдар Құрманғазы кеңшары сиыр бақташыларының жаздығына айналып келді. Ауданға танымал аға бақташылар Әліпов Қоңқаштың, Сахипов Қазимның, Ибрашев Зинордың, балбармақ сауыншылар Қамариденқызы Зівираның, Құспанова Дариғаның, Ибрашева Мүбинаның, Дәмеш, Шолпан апалардың еңбекпен көркейген жастық жалын жылдарының куәсі тебірене толқыған осы «Тортай көлі».

«Ату көл»

Біздің топырақта қан сіңбеген жер аз. Осы көлдің жағалығында қалмақтар мен қазақтар бір емес, бірнеше рет қылыш қидаластырып, найза сүңіглескен. Кейіннен ақтар мен қызылдар да жағадағы қалың қамыс арасынан бірін-бірі көздеп атқан. Көл бетін жолақтап қызыл қан аққан. Жағада ісініп серейген өліктер жатқан. Кінәсіз «Ату көлі» сол көмескі оқиғалардың жалғыз куәсіндей. Пенделер бірі-біріне өлім оғын шұбыртса «Ату көлі» демей, не дейді ел.

«Сазды көл»

Оңтүстік беткейінде шағын саз төбе бар. Маңайдағы сазынан тұрғындар тас соғып үй тұрғызған. Сылаққа пайдаланған. Қызыл төбе сол себепті ойлы-шұңқырлы. Төбенің сазы көл табанына ұласқаны ұяттай қызарған суынан белгілі. Ат қоюға шебер қазекем осы себепті «Сазды көл» атауын еншілеген.

«Сыған көл»

Табиғаты тамылжыған, ажары ай қабақ арудың жүзіндей қарасаң көз тоймайды. Көлдің шұңғымасы терең, әрі тұп-тұнық. Балауса қалың құрақтың арасынан ақ маңдай қасқалдақтар қыт-қыттайды. Астрахань бағытынан қоңыраулы күйме жегіп, сәйгүліктерін билеткен сығандар тобыры жылда әлде бір жаққа үркіп бара жатып 10-15 күндеп тынығып аттанады. Айлы түнде көл жағалай билеп, мұңды әуендерін көл толқынына қосады. Жаққан оттарының жалыны маңайды нұрландырады. Қашаннан екені белгісіз «Сыған көлі» атанып сыр шертіп жатқаны.

«Ауыз көл»

Ақкөл округі мен Ғ.Әліпов ауылының («Қызыл оба») аралығында толған айдай толысқан бірнеше көлдер бар. Балығы шоршып ойнап, құстары пыр-пырлап ұшып, айналасын гүл желек көмкеріп, жаныңды көрмеген жұмақтай рахатқа бөлейді. Сол көлдердің барлығына анадай елжіреп су беретін осы көл. Көп көлдердің алдында, яғни ауызында орналасқан. «Ауыз көл» атануы әбден лайық.

«Табан көл»

Табан балығы көп-ау, шамасы десеңіз қателесесіз. Алысырақтан қарағанда аттың аяғына мұздақта таймас үшін қағылатын тағаға ұқсаңқырағандықтан көреген бабалар «Табан көл»деп атапты дейді, көнекөздер дерегі. Шынымен де келісті екеніне көзіміз анық жетті.

«Байнияз көлі»

Ертеректе көл етегін Байнияз ныспылы бай адам мекен етіпті. Кешегі аласапыран заманға дейін төрт түлік малынан жер қайысқан. Маңайға шапағаты мол тиген. Кеңестік жүйе жалшы ұстаған деп кінәлағанымен олар тиісті еңбегін алып отырған, малшыларының да орта шаруасы болған. Көл толқындары солай-солай деп бас изеседі.

«Дәржігіт көлі»

Бүтіндей бір көлді жағасын сыңсыған нуымен бірге екінің бірі қоныс етпейді. Дәржігіт те өз заманында ауқаттылардың бірі болған. Әрине, адал еңбегімен. Байлық құрау да оңай іс емес. Гүрлеген шаруасын ұрпағына аманаттаған. Кеңестік жүйе бұлардың да тоз-тозын шығарып туған мекеннен алыстатқан. Дәржігіттің атын шығарып көз жасындай мөлдіреп артында осы көл ғана қалғанына бүгінгі – біз куә.

«Сары көл»

Көл жағалай жылқылар жусайды, табын-табын сиыр өреді. Қай заманда да мал өсірген қазақ маңынан арылмаған. Көлден сәл әрідекте айнала қоршаған сары құм, сары белдер көрініс береді. Жыңғылы жұпар шашқан зәулім биіктер, бірегей жоталар мен мұндалайды. Бәрі де сары ала сағынышыңдай, ендеше сарғаймай көл қайда барады? Көл де сары түске боялғандай. Әйтпесе, сыншы жұрт басқаша атар еді ғой.

«Рамазан көлі»

Құсы, балығы жоқ көл некен-саяқ. Ондай көлдерді не өзекшені бұл төңіректің жұрты «өлі су» дейді. Ал, Рамазан көлінің жөні бөлек, жосығы басқа. Аққулар мамырлайды. Қазы қаңқыл салады. Тырайғалап ұшқан үйрегі елеусіз. Қасқалдақтары мен сүңгуір құстарында қисап жоқ. Бағзыда Рамазан деген қожасы малдың етінен гөрі құстың жеңіл ет-сорпасына ниеті көп ауады-мыс. Бұл қылығын ел жаман ырымға балайды. Өз шаруасына мығым Рамазан саятшы, құсбегі адам екен. Ұзақ өмір сүруіне қарамастан бұл бабамыздың да санаулы сағаты соғыпты. Сау болсын, күнде төсінде тербелген көлін өзінің атына қиған ел-жұртқа да рахмет дегендейсің.

«Қара көл»

Ақкөл ауылының іргесінде тиіп тұр. Өзге көлдер сияқты айналасында құрақ, не қоға, жасыл шөп өспеген. Бауырын жазып көсілген бұла даланың төсіне көктен оқыстан түсе қалған тамшыдай мөлдірейді. Суы тұщы, ел қажетіне жарап тұр. «Қара көл» атануы әлгі айтқан айналасы қап-қара, жұрдай көрінуінен. Нуы кем болса да суы пайдалы.

«Мұхтар көлі»

«Мұхтар көлі» де байлығың мен дегендей Ұлы дала төсіне жарасқан келбетімен көңіл толтырады. Қашан көрсең де суы ортаймай шалқып тасып, жатқаны. Жағасы жайлау. Өрісі құтты. Мұхтар есімді қандасымыз сонау Қазан төңкерісі тұсында осы көлді өз меншігіндей көріп, орыс мұжықтарынан үйренген тәсілмен жағасына егін егіп, өнім молшылығына кенелген. Көлдің құсына шиті мылтығын кезеген, балығын аулаған, малын өсірген, маңайдағы ауылдастарына қарайласқан. Заманнан тыныш кеткенде Мұхтар да көлінен айырылған қызғыш құстың кебін құшқан. Бірақ, жергілікті халық «Мұхтар көлі» деп сол атағаны, атаған.

Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521