АҚКӨЛ – АҚ ҚОҚЫСҚА АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?

(2 Votes)

Айнала толған қоқыс...Қолқаны қапқан иіс... Жел соқса үйге қоса кіретін пакеттер... Қисық соқа... Жарықсыз көше... Терексіз аула...Күрмеуге келмейтін жол... Бұл Ақкөл ауылдық округінің қазіргі жай-күйі.

Алдыңғы жолы ауылға бардым. Ішім өртенді. Кезінде ағаштар жеміс беріп,гүлдер жайқалған туған өлкемнің бір уақытта қоқыс алаңына айналғаны өзегімді өртеді,-деп әңгімесін бастады ауыл тұрғыны(есімін айтпауд өтінді).Кеш батса сығырайған жарық. Ол да тек теміржол бойында ғана. Жолдың түрі анау. Қараңғы көшемен келе жатсаң,қай тесікке түсіп кетеріңді білмейсің. Ауыл маңында еш қоршауы жоқ үлкен қоқыс алаңы тұр. Оны жинап, арнайы орнын жасақтаймыз дегеніне де екі  жыл өтті.Қазір жаз мезгілі, аптап ыстық.Жел көтерілген кезде сол қалдықтар ұшып аулаға келеді. Сасыған иісі қоса бар. Көшемізден сән кетті,-деп базынасын жеткізді және  аталған мәселемен  жергілікті әкімдіктің  талай табалдырығын тоздырыпты.

Ақкөлдіктердің жан-айқайын жеткізу үшін жергілікті әкімдікке хабарластық. Бізбен байланысқа маусым айында орнын босатқан экс.әкімБ.Рамазанов шықты.  –Аталған мәселелермен жылда ұсыныс тасталып, сараптама қорытындысын күтіп жүрдік. Әрқайсына жеке-жеке тоқталып өтейін.

Алдымен, жол. 2018 жылдан бері жаңа тас жол төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Сараптама қортындысы оң нәтижесін де беріп, «Бекет-Сәт-Жол» компаниясы тендерді ұтып алды. Алайда, бюджеттен күні-бүгінге дейін қаржы бөлінбей келеді. Десе де, осы жылы басталады деген сыпсың сөздерді естіп жүрміз.

Келесі – жарық. Электр желісінің соқалары 50 жылдан бері ауыстырылған жоқ, тіреумен тұр. Жел көтеріліп, жаңбыр жауса, ауыл жарықсыз отырады. Сымдарды ауыстырамыз деп 2018 жылы жобалық-сметалық құжат жасақталса да, мемлекеттік сараптамадан өтпеді. Теміржол станциясы жарқырап тұрғанымен, ауылдың көшелері тас қараңғы.

Кейінгі мәселе – қоқыс алаңы. Ия, рас. Қоршаусыз тұр. Ал оны теміржолдың келесі бетіне көшіреміз деп ақпан айында аудандық бюджеттен қаржы бөлуді сұраттық. Ауданның экс.әкімі Қайрат Талапұлы қажетті қаржыны бөлгенімен де, сараптама нәтижесінде жобалық-сметалық құжаттар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің құзырына өтіп, қайта күші жойылды,-деп ашынды Бисенбай Рамазанов. Айтуынша,көшіру туралы құжаттың мерзімі ағымдағы жылдың шілде айында бітеді екен. Ал, ауылдың түйткілді мәселесін шешу үшін барынша ат салысқанымен де, оның соңы қаржыға келіп тіреледі. Жергілікті әкімдіктің бізге берген жауабы осындай. Ал, халық қажеттілігіндегі мәселенің қортындысын білмек мақсатта аудандық тұрғын  үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Сиражевпен байланыстық. Оның айтуынша, тендерді ұтқан «Бекет-Сәт-Жол» компаниясына бюджеттен қаржы бөлінгенін жеткізді. Ауылішілік жолды жөндеу жұмыстары шілде айының ортасында басталады. – ақкөлдіктердің мазасын алып тұрған мәселе – қоқыс  алаңын көшіру. Қазіргі кезде пайдаланып отырған қоқыс алаңына жер пайдалану құқығын беретін құжаттың мерзімі ағымдағы жылдың шілде айының соңында аяқталады. Ал бұл – облысқа қарасты құжат. Оның жарамдылығын  ұзарту облыс әкімдігінің құзретіне жатады. Сонымен қатар, биылғы жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының  жаңа Экологиялық  Кодексі қабылданып, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап қолданысқа енгізіледі. Қоқыс алаңын басқа жерге көшіру, оның жер пайдалану құқығын беретін құжатты жаңа мерзімге рәсімдеу осы Кодекстің талаптарын ескере отырып, қолданысқа енгізілген соң, жүзеге асырылатын болады,-дейді Руслан Сиражев.

Ал,аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев Ақкөл ауылындағы қараңғылықтың себебін түсіндірді. – мұндағы электр желілері 1970 жылы салынған. Қазіргі кезде тозығы жетуіне байланысты қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Қазіргі жағдайда 26 көшедегі ұзындығы 15,6 шақырым құрайтын электр желілері, 491 электр бағандары мен 3 дана қосалқы трансформаторлар «Ақкөл ауылдық округі әкім аппараты» мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде. Ескірген электр объектілерін қайта жаңғырту үшін, ұзындығы  22,83 шақырым ВЛ-10кВт жоғары кернеулі және 18 шақырым 0,4кВт электр желісімен 16 дана КТПНГ 10/0,4кВт (қосалқы трансформаторлық станция) құны 412,074 млн.теңге құрайтын жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққан болатын. Құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу үшін облыстық бюджеттік комиссияға ұсыныс жолданды.

Ал, Ақкөл ауылдық округі бойынша көше жарығы жүргізілмеген. Себебі қазіргі тұрған электр бағандарының тозығы жетіп, ауыстырып қайта жаңғыртуды қажет етеді. Осы электр бағандары қайта жаңғыртылмай көше жарығын жүргізу мүмкіндігі жоқ,-дейді Нұрлыбек Ғаділханұлы.

Бүгінде  5000 тұрғыны бар Ақкөл почта байланыс торабынсыз отыр. Редакциямызға зейнеткер Әбіш Сейсенғалиев келіп, газетке жазылу үшін аудан орталығына кеп жүргенін айтты. –Ауылда почта қызметі жұмыс жасамайды. Оның үстіне жасым жеткен қариямын. Қазіргі ермегіміз – газет. Аудан ахуалын содан біліп отырамын. Ал оған жазатын оператор жоқ. Газеттеріміз уақытында қолға тимейді,-дейді зейнеткер. Аталған мәселе бойынша аудандық почта басшының міндетін атқарушы Айгүл Тілеуғалиеваға хабарластық. Ол байланыс торабынсыз отырған ауылдарды қамтамасыз ету  мақсатында түрлі жұмыстар қолға алынып жатқанын баяндады. –Солардың бірі Ақкөл ауылына пошта операторлығына бір қызметкер бөлінді. Қазіргі уақытта тәжірибеден өтуде,-дейді А.Тілеуғалиева.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақкөлдің қазіргі жағдайы осындай. Ал,мұндағы мәселелер біртіндеп шешілетініне, Ақкөлдің гүлденеріне сенім мол.

 

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521